Ананың арманы – баланың бақыты

44 рет оқылды
0

Халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсету– «Нұр Отан» партиясының маңызды бағыттарының бірі. Осы орайда партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне өтініш жасаған бірқатар аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Солардың бірі – Бибігүл Өмірбаеваның отбасы.

Бибігүл –  II топ мүгедегі, екі баланың анасы. Қамқорлығында тағы екі бала бар. Көп баланың анасы бүгінде еңбекке қабілетсіз. Жолдасымен заңды ажырасқанымен, алиментті уақтылы төлемейді. Ал ата-анасынан қалған үйіне жеңгесі үлескер болып дау тудырып жүр. Осындай қиындықтардың салдарынан ол «Нұр Отан» партиясынан балаларын қысқы сырт киімдермен қамтамасыз етуді өтінген болатын. Партияның Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділбек Зайдуллин мен қалалық мәслихат депутаты Әлібек Семғалиев Б.Өмірбаеваның отбасына қамқорлық жасап, өтініш иесін қажеттіліктермен қамтамасыз етті.

– Бүгін қалалық мәслихат депутаттары тағы бір игілікті істің қасынан табылуда. Халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсету партиялық бағдарламаның алтыншы бағытында нақты көрсетілген. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келген жандарға көмек көрсету тек бағдарламаның орындалуы ғана емес, партияның «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасының бастамасы болып табылады. Б.Өмірбаеваның өмірі оңай емес. Дегенмен партия филиалының алдына қойылған бірқатар мәселелерінің шешілуіне ықпал ететін боламыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әділбек Зайдуллин.

– Мен әрқашан өтініштерімді аяқсыз қалдырмай, барлық қиындықтарда қасымнан табылатын «Нұр Отан» партиясына алғысымды білдіремін, сіздердің қолдауларыңыз бен көмектеріңіз үшін рахмет, – деп Бибігүл Өмірбаева нұротандықтарға алғысын жаудырды.

«Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» жобасының аясында партия филиалы көпбалалы және аз қамтылған жандарға көмек көрсетуді жалғастыра бермек.

comments powered by HyperComments