Адамзат құлтемірге сенім артты

79 рет оқылды
0

Өткен аптада Қытайда 4-ші Бүкіләлемдік интернетті басқару жөніндегі конференция өтті. Шара барысында сөйлеген сөзінде Apple корпорациясының басшысы Тим Кук жасанды интеллектіден үрейленудің қажеті жоқ екенін айтты. «Машиналардың адам сияқты ойлауынан қорқудың қажеті жоқ, керісінше адамдардың роботтар сияқты ойлауынан қорқу керек. Біз технологияларды жалпыадамзаттық құндылықтарға сай етіп енгізу жағын ойластырып жатырмыз», – деді ол. Куктың жасанды интеллектіні бүкіл адамзаттың игілігіне айналдыру туралы идеялары қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Алайда «роботтанған ғаламда адамға орын қала ма?» деген күдікті ой көптің көкейінде көлбеңдегені анық.

Жуырда бірлесіп зерттеу жүргізген Оксфорд университеті Болашақ адамзат институты (Ұлыбритания) мен Йель университетіндегі саяси ғылымдар бөлімінің (АҚШ) ғалымдары жасанды интеллект мүмкіндіктері адамзат санасының алдын орауы ықтимал екендігін айтты. Мамандардың болжамынша, роботтар 2024 жылдары тілдерді аудару қабілетін игереді, ал 2026 жылға қарай орта мектеп бітірушінің эссесін жазып, 2027 жылға қарай жүк машинасы жүргізушілерін толықтай алмастырып, адамның табиғи мүмкіндіктерінен асып түседі. Ал 2031 жылы бөлшектеп сату дүкендерінің сатушысы мамандығы, 2049 жылға қарай ортаңқол жазушылар түбегейлі жоғалады дейді ғалымдар.

2053 жылы хирург мамандығы қажет болмай қалуы ғажап емес. Өйткені таяу болашақта олардың орнын робот басады деген болжам бар. Қазірдің өзінде әлемнің кейбір емханаларында ақ халаттыларды роботтар алмастырған. Мәселен, Түркиядағы заманауи технологиялармен жабдықталған «Аджибадем» емханалар желісінде отасыз емделмейтін ауыр дерттердің кейбір түрін науқасты пышаққа түсірмей-ақ емдеп шығады екен. Ал отаны дәрігерлер емес, хирургиялық роботтар жүргізеді.

Сондай-ақ, АҚШ және Ұлыбритания ғалымдары 45 жылдан кейін адамды 50 пайыз жасанды интеллект алмастыруы мүмкін, ал 120 жылдан кейін барлық жұмыс орындарында тек компьютерлік роботтар жұмыс істейді деп тұжырымдайды.

Құрылыс алаңы – құлтемірлердікі

Жасанды интеллект адамзатты толық жаулағанын көру үшін ғалымдар болжағандай жүз жыл күтудің қажеті жоқ секілді. Бүгінгі күннің өзінде роботтар қоғам өміріне аса қажетті көп маманды жұмыссыз қалдырып үлгерді. Құлтемірлерді зауыттардан, сауда-саттық орындарынан, банктерден де кездестіруге болады. Мәселен, жақында Ресейдің «Сбербанк» банкінің бөлімшесінде роботтар жұмыс істей бастады. Олардың саны әзірге екеу. Бірі кезекке талон берсе, екіншісі тұтынушылардың қызмет көрсетуге берген бағасын жазып алады. Кезекке талон беруші роботтар адамның сұрақтары мен дауысын тани алады. Оған тұтынушы банкке келудегі себебін айтса, соған сәйкесінше талон береді.

Алдағы уақытта «Сбербанк» құлтемірлерге «кеңес беруші» функцияны қосуды жоспарлап отыр. Бірінші кезекте банк өкілдері роботтарға қарт кісілер қалай қарайтындығын анықтап алғысы келеді.

Ал Біріккен Араб әмірліктеріндегі Emirates NBD қаржы орталығында Пеппер үлгісіндегі роботтар жұмысқа қабылданды. Пеппер – тұңғыш рет адамға ұқсатылған робот. Жапонияда жасалған құлтемір өзімен кездескен адамның көңіл-күйін дәл біліп, тиісті жауап қайтару мүмкіндігіне ие. Жоспарға сәйкес, бұл роботтар банк тұтынушыларын күтіп алады. Оның қызметі – тұтынушылардың банкке келу мақсатын анықтап, қажетті мәліметтерді беру. Сонымен қатар, банк қызметтері туралы маңызды ақпараттарды, жарнама акцияларын жеткізеді.

Алдағы уақытта роботтарды құрылыс алаңынан көрсеңіз де, таңғалмаңыз. Дубайдағы ірі девелоперлік компания дайын үйлер жасайтын роботталған зауыт ашпақ. 2018 жылдың күзінен бастап кәсіпорындағы бір роботтың өзі тәулігіне сегіз ғимаратқа (вилла мен таунхаустар) дейін салмақ. Өндіріс 40 мың шаршы метрлік аймақта қолға алынады екен.

Кәсіпорын басшысы Фэйцал Коттиколлонның айтуынша, үй құрылысында робототехниканың пайдаланылуы зор төңкеріс. Кәсіпорын өзінің роботтарын жасауда көптеген технологияны Tesla компаниясының үлгісінде жасаған. «Біз төртінші өнеркәсіптік төңкеріске аяқ бастық. Алдағы уақытта құрылысшы роботтардың жұмыс істеуі қалыпты нәрсеге айналмақ. Жаңа тәсіл жұмыс күшін үнемдеп, қоршаған ортаның ластануына тосқауыл болады», – дейді кәсіпкер.

Зауыт басшысының сөзіне сүйенсек, Роботтар дап-дайын үй салып береді. Сыртқы құрылыстан бастап ішкі әрлеу жұмыстарына дейін барлығын роботтар автоматты түрде жасайды. Алдағы уақытта осындай тәсілмен аурухана, қонақүй мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Алдын ала жоспар бойынша, осы технология 2020 жылы өтетін ЭКСПО көрмесі кезінде туристерді үймен қамту үшін пайдаланылмақ.

Роботтар азық тапшылығын жояды

Жақын болашақта адамдарға ауыл шаруашылығында да істейтін іс қалмайтын секілді. «Жер жыртып, егін егіп, оны жинаумен тек роботтар айналысатын болады», – дейді робототехника саласының мамандары.

Біздің елде болмаса да, әлемнің кей елдерінде роботтар егін алқаптарында «тер төге» бастаған. Тіпті, тәулік бойы жұмыс істейтіндері де бар екен. Ірі шаруашылықтар өздігінен басқарылатын тракторлардың алғашқы үлгілерін қолдануда. Олар спутниктік навигация арқылы егістік алқабының жерін жыртады. Жүргізушісіз басқарылатын құрылғылар әуеден топырақ пен егін жағдайын бақылай алады. Топырақтағы тетіктер оның ылғалдылығы мен құрамындағы нәрлі заттарды бақылап, өсімдікті су, микроэлементтермен қамтамасыз ететін құрылғыға белгі беріп тұрады.

Мәселен, Жапонияда келер жылдан бастап әлемдегі ең алғашқы толық автоматтандырылған жасыл салат өсіретін ферма іске қосылады. Spread’s компаниясының бұл жобасы арқылы тәулігіне 30 000 қаудан салат өсіруге болатын көрінеді. Фермада егін егу, суару, жинау сынды барлық жұмысты машиналар атқарады. Мұндай сипаттағы автоматтандыру өнімнің өзіндік құнын 50 пайызға төмендетеді. Ауыл шаруашылығының болашағы осы сынды автоматтандырылған жұмыс күшіне байлаулы дейді мамандар.

Әлемдік банк мәліметі бойынша, егер халық саны бүгінгі қарқынмен өсер болса, 2050 жылдары әлемге азық-түлікті 50 пайызға артық өндіруге тура келеді. Бұл ретте ғаламдық жылыну салдары астық өнімділігін төмендетуі мүмкін. Аталған мәселенің шешімі ретінде ғалымдар ғаламдық экономиканың агротехникалық секторын тұтастай роботтандыру мен автоматтандыру керек деп есептейді.

Америкалық WinterGreen Research фирмасының болжамынша, бұл нарық көлемі 2013 жылдағы 817 млн доллардан 2020 жылы 16,3 млрд долларға өсуі ықтимал. Ал Goldman Sachs инвестициялық банкі бұл сектордың алдағы 5 жыл ішінде 240 млрд долларға өсетінін айтады. Бүгінгі таңда John Deere, CNH Industrial және AGCO сынды ірі ауыл шаруашылық техникаларын өндіруші компаниялар арасында нағыз бәсекелестік орнаған.

Жаңа әдістер тек ірі ауылшаруашылық техникаларға ғана емес, егістік пен егін алқабын басқарып, бақылайтын құралдарға да енуде. Германияның Bosch концерні негізін салған Deepfield компаниясы ауыл шаруашылығы мәдениетін, түрлі генетикалық вариациялардың арам шөп пен құрғақшылыққа бейімділігін бақылауға арналған автоматты жүйелер ойластыруда. Ал Ұлыбританиядағы Hands Free Hectare жобасының инженерлері заманауи фермалар адам еңбегін қажетсінбейтінін айтады. Бұл жоба аясында алдағы жылдары дәнді дақылдар жер жыртуға, егіс себуге арналған автоматтандырылған тракторлардың көмегімен өсіріледі. Дақылдардың өсу процесін жүргізушісіз басқарылатын құрылғылар бақылайды.

Алдағы уақытта агроөнеркәсіп нарығының шарап жасау сынды дәстүрлі секторлары да адам күшін мүлдем қажетсінбеуі мүмкін. Бірнеше жылдан бері шарап жасаушылар жүзім алқабы мен топырағын бақылауға мүмкіндік беретін видеокамералар, сенсормен жабдықталған жүрізушісіз басқарылатын құрылғыларды қолдануда. Ал шарап жасаумен айналысатын Бургундияда жұмыс күшінің жетіспеушілігі өнертапқыш Кристоф Миллоны жүзім сабақтарын кесетін Wall-Ye роботын жасап шығаруға мәжбүрледі.Бұл төрт дөңгелекті роботтың соңғы үлгісі секундына 5 бұтақ кесу мүмкіндігіне ие. Робот алты камера, инфрақызыл сенсор және екі манипулятормен жабдықталған. Ал машинаны ішінде орналасқан планшетті компьютер басқарады. Бұл машина жіберген қателіктерін ескере алады. Сонымен қатар, ол жүзім сабағының айналасындағы арам шөпті отайды. Күннен қуат алатын батарея құрылғыға 10-12 сағат бойы жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сондықтан бір күн ішінде батареясын екі рет рет ауыстыру роботтың тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ете алады.

Өнертапқыштың сөзінше, ең қиыны – графикалық кескінді тану. Қай жерді, нені кесетінін роботтың өзі шешеді. Келесі жылы Милло Калифорнияға барып, жергілікті шарап жасаушыларға машинасын таныстырып, оны өндірісте қолдануды ұсынбақ. Калифорниялықтардың ақылды құлтемірден бас тарта қоймасы анық.

Өкініштісі, автоматтындыру мен роботтандырудың ауыл шаруашылығына белсенді түрде енгізілуі бұл салада жұмыссыздықтың белең алуына әкеліп соғуы мүмкін. Халықаралық еңбек ұйымының дерегінше, 1950-2010 жылдар ішінде дамушы елдердегі ауыл шаруашылық саласындағы жұмыскерлер үлесі 81 пайыздан 48,2 пайызға төмендеген. Ал дамыған елдерде 35 пайыздан 4,2 пайызға азайған. Егістіктерде роботтардың пайда болуы бұл үдерісті жеделдете түсері даусыз. Қоғам өмірінің барлық саласында ақылды машиналар көбейген сайын үрейдің де үдей түсетіні сондықтан. Өз қолымен жасаған «кереметі» адамның өзін кержалқауға, жатыпішерге, ешкімге пайдасы жоқ кесірге айналдырмасына кім кепіл?

comments powered by HyperComments