Сананы сауықтыру – маңызды  іс

29 рет оқылды
0

Қазақстанда  2017 жылы  заңға  қайшы  келетін 2,5 мың интернет–ресурс анықталған. Мұндай деректерді Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі келтіріп отыр.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2017 жылы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің мамандары ғаламтордағы 5527 ақпарат ресурстарына зерттеу жүргізген. Зерттеу қорытындыларына сәйкес, олардың ішінде 2487 заңсыз материалдардың бар екендігі анықталған. Заңбұзушылықтар анықталған сайттар бойынша жасалған сараптамалық қорытындылар ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне аталған сайттарды бұғаттау және тиісті техникалық шараларды қабылдау үшін жіберілді.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі діни әдебиеттер және өзге де діни мазмұндағы материалдар мен нысандарға діни сараптама жүргізді. Атап айтқанда, 2017 жылы 3495 материал діни сараптамадан өтіп, оның ішінде 179 нысанның заң бұзушылық бағыттағы қызметі анықталған.

Діни сараптама жүргізудің негізгі міндеті – Конституция нормалары мен Қазақстан Республикасының заңнамасына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына теріс әсер ететін заңбұзушылықтарды анықтап, оларға сараптама жүргізу болып табылады.

Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін материалдар анықталған жағдайда діни сараптама жүргізу ережелеріне сәйкес, оны республика аумағында пайдалануға және таратуға рұқсат етілмейді.

Қазіргі уақытта діни қызметті реттейтін заңнамаға түзетулер енгізу жөніндегі құжаттар әзірленді. Оның негізінде 9 Заңға және 2 Кодекске жалпы саны 52 түзету енгізу қарастырылып отыр.

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сәйкес, аталған Заң жобасында ата-аналар немесе кәмелетке толмағандардың басқа да заңды өкілдерінің тәлім-тәрбие беру мақсатында пайдаланатын әдебиеттер мен материалдарын, сондай-ақ, діни білім беру ұйымдарында ресми түрде оқитын балаларға таратылатын әдебиет пен материалдарды қоспағанда, 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге діни әдебиеттерді, діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды таратуға тыйым салынатын норма ұсынылған.

comments powered by HyperComments