Дер кезінде дәрігерге бармау қатерлі  ісіктің  қаупін ұлғайтады

30 рет оқылды
0

Аталарымыз «ауруын жасырған өледі» деп бекер айтпаған. Дәл осы сөз әсіресе, бүгінге сәйкес келеді. Қатерлі ісік дендеген заманда дер кезінде дәрігерге бармағандар бармақ тістейді.

Қоршаған ортаның ластануы, экологиялық түйткілдердің ушығуы, адамдардың денсаулыққа немқұрайды қарауы мен өмір сүру деңгейінің төмендеуі салдарынан, соңғы жылдары қатерлі ісікке шалдығатындар саны күрт өскен. Мәселен, мойын мен бас обыры әлемде қауіптілігі  жағынан 6-орында тұрған көрінеді. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын 1 миллион аурудың 700-іне ем қонбай, осы обырдан ажал құшады. Апта басында Алматы қаласындағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында қазақстандық онкологтар бас пен мойын қатерлі ісігіне ұшыраған аурудың тілі мен жұтқыншағын кесіп, орнына микрохирургиялық анастомоз салды. 7-8 сағатқа созылған бұл операцияға БАҚ  өкілдері де қатысты.

БАҚ өкілдерімен өткізілген баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас онкологы, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директоры, медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова ханым: «Бас және мойын қатерлі ісігін емдеудің тиімді тәсілдері бар болса да, аурулар дәрігердің көмегіне тым кеш жүгінетіндіктен, соңғы бір жылда диагноз қойылғандардың 50 пайызы көз жұмды. Егер дерт енді басталғанда немесе қатты асқынып кетпей тұрғанда емделсе, мұндай қайғылы жағдай болмас еді», – дейді. Оның айтуынша, адамдардың қатерлі ісіктің алғашқы белгілерін білмеуі, дәрігерлердің, әсіресе, жергілікті жерлердегі аурухана қызметкерлерінің қатерлі ісікті дер кезінде анықтай алмауы, яғни, кәсіби біліктерінің төмендігі, бір біріне қатысы бар салалардағы дәрігерлерлердің  тығыз байланыста болмауы жағдайды ушықтырып отыр. Осы себепті, 2017 жылдың маусымы мен қыркүйегінде Бас пен мойын обырының алдын алу мақсатындағы Алматы, Астана, Тараз, Қарағанды, Шымкент пен Семейде Еуропа апталығы өтіпті. Аталған шараға онколог дәрігерлер, стоматологтар, оториноларингологтар, денсаулық сақтау саласындағы жетекші мамандарға еуропалық дәрігерлер сабақ өткен.

Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам адам бас және мойын обырына ұшырайды. Олардың көпшілігі ІІІ-IV кезеңінде емделуге келетіндіктен, ауруға ота жасауға тура келеді.  Қазақ онкологиялық ғылыми-зерттеу институтының дәрігері Ғалым Әділбаев: «Егер уақытылы емдеуге келсе, отасыз-ақ емдеуге болады. Керісінше жағдайда, бас және мойын қатерлі ісігін оқшаулауға тура келеді. Бұл дегеніңіз – көмей, ауыз қуысы, жұтқыншақ, мұрын қуысы мен мұрын жанындағы қойнаулар, сілекей бездерін алып тастау. Кейде адамдар отадан кейін даусынан айырылады. Ондайда жасанды жолмен дауысты қалпына келтіреміз. 2010 жылдан бері 500-ден астам науқасқа даусын шығаратын ота жасалды», – дейді.

Дәрігерлер қауымы бас пен мойын қатерлі ісігіне темекі тарту, арақ ішу, адам паппиломасы вирусын жұқтыру себеп болатынын ескертеді. Ішімдік пен темекіге әуестердің арасында – 50 жастан асқандар, ал адам паппиломасы вирусын жұқтырғандар арасында 20 жастан асқандар осы ауруға  жиі ұшырайды екен. Ауыз қуысы мен тамақта ақтаңдақтардың пайда болуы, түйіндер немесе жара шығу – алғашқы белгілер. Өкінішке қарай, науқастардың дәрігер көмегіне жүгінбей, өз бетінше емделуінің соңы опық жегізеді. Сондай-ақ, стоматологтар мен оториноларингологтардың қатерлі ісікті дер кезінде анықтауға біліксіздігі де дерттің асқынуына әкеп соғады. Олардың 50 пайызы алдына келген пациентке дұрыс диагноз қоя алмайды екен.

2015 жылы Қазақстан бас және мойын зерттеушілердің Еуропалық қоғамының мүшесі болды (EuropeanHeadandNeckSociety, EHNS) – бұл 2006 жылы құрылған ұйым, ұйымның мақсаты бас және мойынның онкологиялық ауруларын, соның ішінде олардың алдын алу және ерте диагностиканың мәселелерін зерттеумен айналысады. 2014 жылдан бері еліміз бас және мойын қатерлі ісігін ерте анықтау үшін өткізілетін Еуропалық апталығына қатысады. Шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің шеңберінде Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының, Қазақстанның бас және мойын ісіктер қауымдастығының, Қазақстан стоматологтар қауымдастығының белсенді қатысуымен, Мерк неміс компаниясы және Вивафарм компаниясының қолдауымен өтеді. Биылғы апталыққа Алматы, Астана, Шымкент, Семей, Тараз бен Қарағанды қалаларының тұрғындары қатысқан. Диляра Қайдарованың айтуынша, әзірге бас пен мойын обыры қай аймақта көптеп кездесетіні анықталмаған. Осы себепті тегін тексерулерге тартылатын қалалар мен облыстар саны жыл сайын арта береді. Мәселен, келесі жылы қатерлі ісік жиі кездесетін Қызылорда облысында Еуропа апталығы өткізіледі.

 

 

comments powered by HyperComments