Елдің есін шығарған есеп-қисап

45 рет оқылды
0

Мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарында бұрынғы ұзынсонар кезек жоқ. Мәліметтер мен құжаттар цифрландырылған. Бір анықтамаға бола бірнеше күн жүру қажет болмай қалды. Десек те мәліметтер базасын цифрландыру әлі де баяу жүргізілуде. Халықтың цифрлық сауаты болғанымен, жеке басқа қатысты деректердің қорғалуы көңіл көншітпейді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан өзге азаматтар жайлы ақпаратты сенімхатсыз-ақ алуға болады екен…

Құпия мәліметке қол жеткізу оңай болғаны ма?

Жақында Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемеден кейін қала тұрғындары сескеніп қалды. Алматы қаласының тұрғыны Анна Дмитревич Халыққа қызмет көрсету орталығынан өзінің атынан екі анықтама алынғаны туралы жазыпты. Мәселенің мән-жайы былай. Анна Egov порталы арқылы жеке кабинетін тексергенде, белгісіз біреудің ешбір сенімхатсыз мекенжай және қозғалмайтын мүлік туралы анықтама алғанын көреді. Дереу Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, анықтаманы кімнің алғанын анықтайды. Бұл туралы парақшасында былай деп жазады: «Алмалы ауданының ХҚО-нан алынғаны анықталды. Сол кезде маған дереу төлқұжаттарыңды ауыстыр деп кеңес берді. Алмалы аудандық қызмет көрсету орталығына келдім, анықтама берген қызметкерді тапты. Оның айтуынша, анықтаманы «Forte bank» қызметкері Серік Бердинов алған екен. Мен ешкімге сенімхат берген жоқпын. Электронды қолтаңба өзімде… Ендеше Халыққа қызмет көрсету орталығы менің жеке басыма қатысты мәліметтерді оңды-солды тарата бергені ме?», – деп оқиға желісін бастан-аяқ баяндап шығады. Шын мәнісінде, банктің атын «Глобал Капитал» ЖШС пайдаланған, бұрын-соңды несие алған клиенттері туралы жеке мәлімет алуға құқығы бар көрінеді. Бұл жайттың барлығы Аудандық қызмет көрсету орталығында анықталған. Сол жерде мәселенің мән-жайын анықтаймыз деген желеумен жәбірленушіні кері қайтарып, бұл жайтты жылы жаппақшы болады. «Қызметкерлер мәселені бейбіт жолмен шешуді өтінді. Алайда мені былай қойғанда, қаншама халық алаяқтардың қақпанына түспей ме?», – деп түйіндепті Анна ханым.

Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы адамның жеке басы туралы мәлімет кез келгенге қолжетімді болса, алаяқтардың айы оңынан туды деген сөз. Көп ұзамай «Forte bank» аталмыш оқиғаға байланысты пікір білдірді. Айтуынша, банктің бұл іске еш қатысы жоқ. «Осы жазбадан кейін банкте толық тексеріс жүргізілді, жазбадан аталған адам «Fortebank» қызметкері емес, банкке еш қатысы жоқ», – деп бұлтарды өз сайтында. Ал Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрағасы Бағдат Мусин жүйені өзгерту туралы ойын жасырмады. «ХҚО мен Egov жүйесін біріктіру бастамасының авторы ретінде, аталмыш жағдайға түсініктеме беріп көрейін. Әрине, сіз бен біздің жеке мәліметтеріміз үшінші бір тұлғаға оңай олжа болса, олар несие рәсімдеп, мүлікті сатып, біреуде тіркеуге тұрғызып, әйтеуір көп нәрсе жасауы мүмкін. Ең алдымен, қызмет көрсету орталығының қызметкерлеріне базаны жабу керек. Бұл бұрынырақ жемқорлықтың алдын алу үшін, анықтама 100 доллар болған кезде, ХҚО-ға келушілердің 50-70 пайызы осы анықтама кезегінде тұрғанда керек болған. Ол кезде egov пайдаланушылары да аз еді. Қазір бұл кез артта қалды. Халықтың цифрлық форматты пайдалану сауаты бар. Әр азаматтың өзі ғана электронды кілт пен телефонға смс арқылы келетін бір реттік жасырын сөз арқылы алынуы тиіс», – деп ұсыныс білдірді.

Қазан айында орын алған күмәнді жайттан кейін көпшіліктің көңілі алаң. Бұл жайтқа байланысты ХҚО өз жауабын жариялады. «Әлеуметтік желідегі жазбада айтылғандай, автордың атынан мекенжай және жылжымайтын мүліктің тіркелуі туралы анықтама консалтингтік компанияға берілгенін растаймыз. Дәп осы жағдайда ХҚО қызметкері сенімхатсыз анықтама берген. Мұндай заңбұзушылыққа жол берген қызметкер жұмыстан босатылады», – делінген мәлімдемеде. Көп ұзамай Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкері мен директоры жұмыстан босатылды. Сонымен, іс әзірге тәмам. Бұл оқиғадан кейін Халыққа қызмет көрсету орталығын жерден алып, жерге салып жатқандар баршылық. Ал Анна Дмитревичтің жазбасына айтылған комментарийлерде шек жоқ. Қалай десек те, ХҚО қызметінің пайдасы мен тиімді жақтарын жоққа шығара алмаймыз. Ұзынсонар кезекті қысқартып, шаруаңды әп-сәтте реттеп алуға мүмкіндік жасап берген жүйенің пайдалы тұстары ұшан-теңіз. Құжат рәсімдеуге қатысты іс-қағаздар осы орталықта жүргізілгендіктен, жалпақ жұрттың алаңы да орынды. Не болса да, жеке басқа қатысты мәліметтер бұдан былай қатаң қадағаланады деп сенеміз.

Ізім-ғайым жоғалғандар

Бір ғана адамның жеке басына қатысты даудың жаңғырығы талай жерге жетті. Ал тіркеуде бар миллиондаған тұрғын туралы мәліметтен бұрын, өздерін таба алмаса не істеуге болады? Жалпы, санда бар, санатта жоқ тұрғындар қатарына кімді жатқызуға болады? Жаз айларында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түтін басын аралап, ақпараттық базада тұрған 3,3 миллион адамды тіркелген мекенжайынан таба алмады.

Миллиондаған тұрғын қайда жоғалып кетуі мүмкін? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, міндетті медициналық сақтандыру категорияларын нақтылау үшін үйді-үйді аралап, адамдарды түгендеген. Ақыры, Қазақстандағы 560 мың адам ұшты-күйлі жоқ екені анықталған. Өлі-тірі екені, көшіп кеткені де белгісіз. Соның ішінде 18 мың адам қайтыс болған. «Түтін басын түгендегенде көптеген адамды таппадық. Көршілерінің сөзіне сенсек, 18 мың адам о дүниелік болған, ал базадағы «Жеке тұлға» жүйесінде тірі адам деп көрсетілген. Ол жерде өлім туралы куәлік болуы керек, бірақ ол тіркелмеген. Қазір жергілікті әкімдіктер, АХАЖ, Заң министрлігі арқылы іздестіріп, осы деректі нақтылауға кірістік. Ал 390 мың адам тіркелген тұрақты мекенжайынан табылмады. Көршілерінің айтуынша, басқа жаққа көшіп кеткен. ІІМ бұл мәліметті тексеріп шықты, дәл қазір осы 390 мың адам еш жерде тіркеуде жоқ. ІІМ оларды таба алмай отыр», – деді Біржан Нұрымбетов. Сондай-ақ еш жерде тіркелмеген 152 мың студент анықталған.

Тұрақты тіркеуі жоқ тұрғындардың әбігері тамызда аяқталғандай еді. Алайда жүздеген адам емес, мыңдаған адамның ұшты-күйлі жоқ болуын қалай түсіндіруге болады? Демек, уақытша не тұрақты да тіркеуі жоқ тұрғындар санда бар, санатта жоқ. Олар жаңа туған сәбиін қайда тіркеді, не болмаса жәрдемақы рәсімдеу, зейнетке шығуды қалай рәсімдеп жүр? Ең ғажабы, еш жерде жұмыс істемейтін болғаны ма? Жағдайдың қиын тұсы да осы, міндетті медициналық сақтандыру категориясын анықтау үшін жұмыс орнын анықтау міндетті. Өкінішке қарай, екі қолға бір ермегі бар деп көрсеткен азаматтардың көпшілігі жұмыссыз. «1 миллион адам «жұмыс істеймін» деп көрсеткен. Тексергенімізде, ешқайсысының зейнетақы жарнасы жоқ. Бейресми жұмыс істейді, еңбегінің ақысын қолма қол алады. 187 мың адам «Жеке кәсіпкермін» деп жауап берген. Мемлекеттік кірістер комитеті базасымен тексере келе, белсенді кәсіп жасаған ешкімді кездестірмедік. Салық заңнамасы бойынша, жылдық табысы 300 мың теңгеден аспайтын кәсіпкерлер кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті емес. Ол жүйеде жоқ адам. 242 мың адам «жұмыссызбын, бірақ Жұмыспен қамту орталығында тіркелген жоқпын. Өзім жұмыс іздеп жүрмін» деп жауап берген. Ал 1 миллион 250 мың адам «Жұмысым бар. Табысым бар, бірақ там-тұмдап» деп көрсеткен», – деді вице-министр.

Осындай жағдайда медициналық сақтандыру жүйесін енгізу қаншалықты тиімді болмақ? Жіті барлай қарасақ, жоғарыда аталған миллиондаған адам медициналық көмектен мақұрым қалайын деп тұр. Өйткені тіркеуі, жұмысы, тұрақты жарнасы жоқ. Осы мәселені ескере келе, Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева жаңа жүйені енгізуді 2020 жылға ысыруды ұсынды. Сондай-ақ, медициналық сақтандыруы жоқ тұрғындарды 2022 жылға дейін қажетті медициналық көмекпен қамтуды сұрап отыр.

Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам бойынша, мемлекеттік құпия және заңмен қорғалатын басқа да ақпараттардан өзге кез келген ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ететін «Ашық үкіметті» енгізу туралы заңды әзірлеу көзделген еді. Ал 100-қадам дәп осы мәселеде Канада мен Австралия жүйесін үлгі етеді. «Канададағы Canada Service және Австралиядағы Centrelink үлгісі бойынша мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдеріне айналатын «азаматтар үшін үкімет» мемлекеттік корпорациясын құру. Мемлекеттік корпорация халыққа қызмет көрсететін барлық орталықтарды бір жүйеге интеграциялайды. Қазақстан азаматтары мемлекеттік қызметтерді бір жерден алатын болады. Мемлекеттік қызметті сапа менеджменті ISO 9000 сериясына сәйкес халықаралық сертификаттау». Осы жүйе негізінде ақпаратқа қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

comments powered by HyperComments