«Халық байлығы» һәм салт аттылар

51 рет оқылды
0

Қара жердің төсінде қыз бала, әйел, аналарды дәп қазақ халқындай құрметтейтін, хан көтеріп ардақтайтын ұлт пен ұлыс кемде-кем. «Әлемнің жарығын сыйладың сен маған…» деген ғажайып сыршыл әрі алғаусыз алғысқа толы сөздер тек қана салқар сахара жұрты, ұлан байтақ дала ұрпақтарының жүрегінен ғана туарына күмән жоқ. Әсілі, алаш жұрты нағыз философ – ерлерді қадірлей отырып, абыройы биік әйелдерді асқақтата білген.

ХІІ-ХІІІ ғасырларда күн кешіп, алыс болашақты атышулы Нострадамустан артық болжаған Майқы би Төбейұлы әлі заман талай өзгерерін айта келіп:

Еркек билік тұл болар,

Сиыр пұл болар,

Еркек жасып ит болар,

Қатын бұлданып би болар.

Төсекке есеппен жатарсың,

Жыныс зарпын ақшаға сатарсың, – деп ащы мысқыл, тірсегін қапқан ауыр қақпанды аса бір өшпенділікпен тістелейтін көкжал сынды бармақ шайнатқан амалсыздық пен өкініштен еріксіз күйзеліп, қазымырлана күңіренсе де, Алаштың теңіздей толқыған шетсіз-шексіз даласында айнала ағайынға өктем өкімін жүргізіп, айтқанын қапысыз орындатқан, шырық бұзар теліні тыйып, тентекті тезге салған төмен етектілер аз болмаған. Рулы елді уысында ұстаған әйелдердің есімі талай тайпаның тарихында өшпестей із қалдырған-дүр. Баяғыда жарты әлем, көрші-қолаңды тітіреткен Кир патшаның қылша мойнын талша қиып, торсық толы қанға батырған Тұмар патшайым, арыстан жүрек ағасы Кенесары ханмен тізе қосып, басын өлімге тіккен, айнала жұрты үшін аттан түспей түн қатқан, «қабырғасын бір-біртіндеп сөксе де, қабағын шытпас ерге» (Махамбет) пара-пар Бопай ханым, тіптен олардан да ерте, есте жоқ ескі замандардан бері ақылды ақ жаулықтының билік құруы, сән-салтанатын оздыруы еркін күн кешетін дала бекзаттары – адамзат тарихына салт аттылар (номадтар) деген құдіретті атаумен енген көшпелілер, әсіресе, әрбір бойжеткені ат құлағында ойнайтын жалпы қазақ үшін еш сөкет те, түк таңсық та емес.

Инквизиция заманында христиан елдерінде көптеген әйелдерді жәдігөй, балгер, мыстан деп отқа жаққан, тірсегінен дарға асқан, итке талатқан болса, «Жұмақ ананың аяғының астында» деп білетін дана жұрт әйелді, ананы құрметтеуді басты парыз санайтын. Ақ жаулықтыны кемсіту–Алладан безгендік деп білетін момын жұрт басқаша болуы мүмкін екендігін ойға да алып көрмеген.

Біздің дәуірімізге дейінгі 64 жыл мен біздің жыл санауымыздың І ғасырында өмір сүрген грек тарихшысы, Египеттің әйгілі патшайымы Клеопатраның балаларын тәрбиелеген Николай Дамасский «Ғажайып ғұрыптардың жинағы» кітабында жазғанындай: «Әйелдері тап бір ханша секілді, олардың айтқанын бәрі қалтқысыз орындайды. Бойжеткен қыздары ата жауларының бірін өлтірген соң ғана неке қиюына рұқсат». Далалық еркін әрі қиын өмірдің өзі ер адамды түз шаруасына еріксіз түрде епсекті етіп тәрбиеледі. Әрбір бөріктінің басты ұраны, өмірлік ұстанымы: «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда»; қыз-ана-әже – үйдің алтын қазығы, әулеттің ұйтқысы; тұрмыс-тіршілік оларды қандай да бір отбасының барлық ауыртпалығы мен қиындығын нәзік иықтарымен көтеруге қауқарлы етіп шыңдады. Осыған орай, қазақ әйелдерінің қауым, қоғам өмірінде, халықтың тұрмыс-тіршілігінде алар орны, атқарар қызметі айырықша биік әрі абыройлы болғаны ақиқат.

Задында, көшпелі қоғамдағы нәзік жандылардың күнделікті өмірін өзгеше романтикалық реңкпен әрі тым асқақ леппен суреттемеген күннің өзінде нақты шындық бұдан алшақ жатқан жоқ-тұғын. «Қыз Жібек» қиссасындағы тізбектелген қырық көштің сән-салтанатын, бірінен бірі өткен айдай сұлу қыздар мен бұраңдаған жас келіншектерді былай қойғанда, «Алпамыс батыр» жырындағы бақ-дәулетке қолы жетіп, мейманасы асып, көңілі шалқып-тасып тұрған сақау Бадамшаның:

Өлең айтып алдыңда,

Желдей естім, жай-жай.

Заманымда тағыппын

Тіллә шашбау, жай-жай.

Бауы жібек дамбалым,

Тістеп шешкін, жай-жай – деп, шіренуі байлықтың буына ішпей-жемей мас болғандық, өзінің үстемдігін нақты сезінгендік емес пе?! «Жібек баудан» асқан байлық, мақтаныш болар ма ақылсыз Бадамшаларға?! Беу, кеше ғана есікте жүрген қара күңнің дүние шіркін шыр айналғандағы шалқуын, шеніне кісі тең келтірмеуін қараңыз. Ол қатын ойда жоқта ордалы жұртын, алтын ұя – ауыл-аймағын тағдыр тәлкегіне тастап, алды-артын салмақтамай алыстағы Гүлбаршынды іздеп кеткен, кейін туған үйіне қайыршы кейпінде қайта оралған Алпекеңді – батыр туған Алпамысты осылай табалаған, тұрмастай тұралатқан! Жырдың негізгі айтары да осы – туған жеріңді, еліңді қараусыз тастама! Бірақ бұл бір отбасының, әрі кетсе бір әулеттің ғана драмасы, ауыр трагедиясы.

Ал 1917 жылғы большевиктердің қанды төңкерісі талай ұлт пен ұлыстардың, миллиондаған адамның ауыр трагедиясына айналды. Әсіресе, бұл төңкеріс сандаған ғасырлар бойы еркін өмір сүрген далалықтар – қазақ халқына ауыр соққы болып тигені даусыз. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында ғана «Әлхамдулла, 6 миллион халықпыз!» деп ат үстінде ән салып жүрген қазақтар арада 18-19 жыл өткенде кіндік кесіп, кір жуған туған Отанында небәрі 2-2,5 миллион ғана болып қалатыны үш ұйықтаса түсіне кіріп пе екен?!

…Ауа сарғыш бояуға малынған алтын күз сырғып өтіп, бой тоңдырған суық ызғардың лебі сүйекті сорған қоңыр кезең келгенде құла дала, жапан түз өлік шығарғандай құлазыған.

Табиғат та бір сұмдықтың боларын сезетіні, алдын-ала ескертетіні адамзат өмірінде сан мәрте дәлелденген жайт. Дәл осы жылдың қыс-көктемінде ұлы жұт болып, қазақ даласында 1 миллионнан астам адамның өмірін аштық жалмады.

Иа, осылайша құлазыған далада суық өсек сумаңдасын: «Төңкеріс болыпты! Бар билікті құл-құтандар алыпты!». Іле-шала бұрындары тоқ жылан жылжуға ерінетін Жиделі Байсындағы момын елдің іші бұрын ешкім естімеген жаманшылыққа тола бастаған. Төңкеріспен бірге Ұлы Далаға ұятсыздық, тойымсыздық, ашкөздік, қорқаулық, арсыздық пен аярлық ере келді. Иіні бүтін киім киіп көрмеген жақыбайлар, үрерге иті, сығарға биті жоқ Ұлтандар, күн тимесін лыпамен жауып көрмеген Бадамшалар атқа, олардан да өткен бәдіктері таққа қонған. Адамшылықтан безгендердің атқа қонуы айнала жұрт үшін ақырзаманға айналатынына адамзаттың бүкіл тарихы куә. Ғұмыр бойы ашқұрсақ жүргендердің ашкөздігі мен қорқаулығына қарсы ем, ішірткі жоқ. Жүрегі қарау адам айналадағының бәрін арамза деп есептейтіні, әліпті таяқ деп танымайтын көрмәдіктер өзгені иіс алмас санайтыны да шындық. Бұл – өмірдің заңдылығы, тұрмыс-тіршіліктің бұлжымайтын ережесі! Өйткені өресі тарлар ешбір жанды өзінен артық деп санай алмайды. Өйткені ондайлардың ішінде қызғаныштың қызыл иті қашанда бас бұғып жатады. Әйгілі Шығыс шайыры Сағди айтқандай: «Әуелі өз бойыңдағы иттікті жең, сонда ғана адамдықтың мәнін ұғасың». Амал не, билікке келген большевиктер мен қызыл белсенділер өз бойларындағы «иттікті» жеңе алған жоқ, жеңгісі де келген емес.

Әзелде «жер – халықтікі!» деген өмірлік мәні бар ұран тастап, алып Ресейдің екі тізгін, бір шылбырын уысына мықтап ұстаған қызыл комиссарлар қара шекпенділердің, ішкі Ресейде крепостниктік (шын мәнінде, құлдық) правоны жойған 1861 жылғы реформадан соң үлесіне тиген жер телімдерін араққа сатып үлгерген мешеу мұжықтар, деревнядан қол үзіп, қалаға сіңісе алмаған люмпен пролетариаттың көңіл ауанын осылайша дөп басқан. Олар онымен де тоқтай қойған жоқ. Іле-шала «әйел теңдігі» деген ұран тасталды. Революция көсемдері ғана емес, Инесса Арманд, Александра Коллонтай, Надежда Крупская секілді әйел комиссарлар бұл қозғалыс капиталистерге қарсы күрестегі ең күшті әрі жемісті қару болады деп сенді. Жыныстық қатынасқа большевиктік ұстаным Александра Коллонтайдың «Қанатты секске кең жол» («Дорогу крылатому сексу») деген мақаласында тұжырымдалып, Ресейде бетімен кеткен сексуалды революция қазаны бұрқ-сарқ қайнады.

Қазан айында «Аргументы и факты» газетінде Вячеслав Костиковтың «Тело и дело» («АиФ», №41,2017 ж.) атты мақаласы жарық көрген-ді. Автор: «Бұл үшеуге ортақ махаббат болатын»,– деп жазды А.Солженицын Ленин – Крупская – Арманд үшбұрышын суреттей келіп. 1920 жылы «жауынгер құрбысының» шешектен қайтыс болуы Ильичке ауыр соққы болып тиді. «Біз табыттың соңынан келе жатқанда, – деп еске алады А.Коллонтай,– Ленинді тану мүмкін емес еді». Армандты Кремльдің қабырғасына жерледі. 1924 жылы Ленин өмірден озғанда Крупская «жолдас» ретінде оны бұрынғы құрбысымен бір қабірде жерлеуді ұсынды. Бірақ Сталин бұған қарсы болды», – дейді.

Төңкеріс жеңіске жеткеннен кейін екі айдан соң-ақ «Некені жою туралы» және «Азаматтық неке туралы» декреттер қабылданды. Марксшіл Мәскеуде, Кремльдің күңгірт бөлмелерінде революция көсемдері үшбұрыш, төртбұрыш «махаббаттың» буына масайып, жалпы адамзаттық құндылықтарды жауыз декреттермен жойып жатқанда, мешеу, жәлдеп тобырдың іздегені тілемей-ақ табылғандай болған. Барлық қиындық, ауыртпалық жыныстық қатынасқа тіреліп қалғанына шын иланды ма, әлде ұятсыздық шектен шықты ма, 1918 жылы Петроградта тыр жалаңаш маржалар шеру ұйымдастырып, қолдарына «Ұят жойылсын!» деген ұрандар көтеріп шықты.

Қазақтар қашанда өз өлкесі, ата-баба жерінің бір пұшпағы деп санайтын Сарытау – іргелес Саратов губерниясында 1917 жылы халық комиссарлар кеңесі әйелдерді жеке иеленуге тыйым салған декрет қабылдады. Бұл арсыз құжат «Декрет Саратовского Губернского Совета Народных Комиссаров об отмене частного владения женщинами» деп аталған-ды.

Ондаған параграфтар мен ескертпелерден тұратын әзәзіл декрет былай деп басталатын: «Осы күнге дейін орын алып келген заңды неке Совет республикасында тамырымен жұлынып тасталынуға тиісті әлеуметтік теңсіздіктің нақты нәтижесі болып табылады. Бұл уақытқа дейін заңды некелер пролетариатқа қарсы күресте буржуазияның қолындағы ең мықты қару болып келді. Яғни, сұлу жандылардың ең көрікті өкілдері буржуйлар мен империалистердің жеке меншігі болып қала беруде. Мұндай жекеменшік адамзат ұрпақтары жалғастығының бұдан былай дамуына да зиянын тигізбей қоймайды. Осыған орай, Саратов Губерниялық Халық Комиссарлар Кеңесі Жұмысшы Солдат және Шаруалар депутаттары Губерниялық Кеңесі Атқару комитетінің келісімімен Қаулы етеді:

  1. 1918 жылдың 1 қаңтарынан бастап 17 жасқа толған және 30 жасқа дейінгі әйелдерді тұрақты иелену жойылады.

Ескерту: Әйелдің жасы туу туралы куәлік, төлқұжат арқылы анықталады; мұндай құжаттары болмаған жағдайда квартал комитеттері немесе старосталардың айтқаны бойынша, сондай-ақ, сыртқы бейнесіне қарай және куәлердің айтуымен нақтыланады.

  1. Ер азаматтардың әйелді аптасына төрт реттен көп және төменде көрсетілген ережелерді сақтай отырып, әр ретте 3 сағаттан артық пайдалануына тыйым салынады.
  2. Еңбекші халықтың әрбір мүшесі өз табысының 2 пайызын халық ұрпағы қорына аударуға міндетті.
  3. Халық байлығының өкілін пайдаланғысы келген әрбір еркек (каждый мужчина, желающий воспользоваться экземпляром народного достояния) өзінің жұмысшы табына жататыны жөніндегі зауыт комитеті немесе кәсіподақтың куәлігін көрсетуге тиісті.
  4. Еңбекшілер табына жатпайтын еркек өзіне бөлінген әйелдерді пайдалану құқығына ие болу үшін 8-параграфта көрсетілген қорға айына 1000 рубль жарна төлеуге тиіс», тағысын тағылар.

Қазақтар жаңа биліктің «Жер – халықтікі!», «Мал – ортақ» деген түрлі ұрандарын саналы түрде қабылдай алатын. Ең бастысы, рулық қоғамда қауымдасып өмір сүретін салт аттылардың тұрмыс-тіршілігіне жоғарыдағы ұрандар еш кереғар емес еді. Өйткені қазақтар үшін ежелден-ақ жер – ортақ, аспан – ортақ, су – ортақ. Жеті атаға дейін жігі ажырамайтын бір рудың адамдары бірлесіп өмір сүретін, азын-аулақ кірмелерді есепке алмағанда, алыстау кісі деп санайтындардың өзі жамағайын немесе қарын бөле болуы, еншісі бөлінбеуі де заңдылық. Бөстекі сөз, ауызекі әңгімелерде айтылғаны болмаса, құлдық дегеннің не екенін білмейтін ен далада мыңғырған малды бағып-қағу, ит-құс пен жыртқыштардан қорғау жекелеген адамның қолынан келмес те еді. Көбіне табиғаттың тұрақты заңдарымен ғана өмір сүріп үйренген қазақтарды шошытқаны, ең әуелі, «бала-шаға ортақ, қазан ортақ, әйел ортақ» деген тұжырым болатын. Ғұмыр бойында «қара қазан, сары баланың қамы үшін» ат үстінен түспей күн кешетін көшпелілер үшін «қара қазан» ең қасиеттісі, адамның адамдығын білдіретін символ. Аш бол, кедей бол, бірақ қазақтың қазаны болуға тиіс. Басында шаңырағы, отында қара қазаны жоқ адам тірі өлік деп саналады. От сұрау, отын сұрау айып емес, ал қазан сұрау үмітсіз сорлының тірлігі. Өйткені «Елде болса, ерінге тиеді» деген қағида қазақ даласында ешқашан бұзылып көрмеген.

Ғасырлар бойы ақ жаулықты ардың, пәктік пен абыройдың белгісі деп санап келген арлы жұрт «әйел  – ортақ» дегенге қалай көнсін?! Күші жетпейтінін біле тұра момын жұрт кеңес үкіметіне қарсы күресті. Өлімге басын тікті. Әйелдер үшін ғана емес, арлы жұртты аяқты малға теңестіргендері үшін. Абыройлы, ақ өлім жолында! Көрінгеннің тәлкегіне айналған тағдыр таланына қарсы!

Кейінірек, кеңес үкіметі мықтап орныққан соң, революция көсемдері мен қызыл белсенділердің сансыз қылмыстарын ақтауға әбден машықтанған коммунистік партияның идеологтары мен еш қисынды мойындамас дүмше демагогтары «әйел – ортақ» деген мәселені большевиктер қозғаған емес, «мұның бәрі сауатсыз, надан, қараңғы қазақтардың өздері ойдан құраған қауесет. Бай-кулактар таратқан, құйрығы бір тұтам өтірік», – деп талай-талай монография, қарыс-қарыс кітап жазды. Бетбақтырмай, қайран қазақ – момын жұрты жалған сөзге жығып салды. Аяулы қарындасы, аппақ жүзіне ұят ұялаған адал жары, мейірім төгілген аналарының абыройын асқақтатқан даланың таңдаулы ұлдарын «жыртқыш, қатыгез, жабайы» деп өкім шығарды. Бірақ…

Р.S. Бір өкініштісі, аумалы-төкпелі кезең, алмағайып заманда ақ жаулықты кіршіксіз абыройдың символы деп таныған бекзат жұрттың бүгінгі мәңгүрт ұрпағы бұған бас ауыртпайтын сияқты. Таяуда АҚШ-тың Вирджиния штаты университетінің мамандары жариялаған зерттеуде, ажырасу жөнінен Қазақстан әлемде 10-орынға табан тірепті. ҚР Әділет министрлігінің мәліметі  бойынша, 2017  жылдың басынан 1 тамызына дейін 76 мыңға жуық жұп  үйленсе, 31 мың  жұп 500-ге тарта ажырасу  актісі толтырылған. Осыдан жүз жыл бұрын жүргізілген «әйел теңдігі» ойранының суық ызғары әлі қайтпағаны-ау, сірә?!

 Жаңабек Шағатай

comments powered by HyperComments