Қалтадағы шайлық пен базардағы байлық

64 рет оқылды
0

Базарда бәрі бар: ауласынан аттасаң көзің сүрінеді. Бәрін алғың келеді-ақ. Бірақ қалтаңдағы шайлыққа жетпейтін қара бақырларды бармағыңмен басып қойып, сөмкеңдегі сөлкебайларды санайсың да: «Е-е, шіркін-ай!», – деп еріксіз күрсінесің.

Тіршілік бар жерде азық-түлікке қажеттілік бәсеңдемейтіні заңдылық. «Ас – адамның арқауы» дегенді айтқан қазақ  күнде болмаса да аптасына мұрты майланып отырып майлы ет жемесе ішегі шұрылдайтын әдеті тағы бар. Оған келімді-кетімді қонақтарды қосыңыз!  Ал  қымбатшылық екі бүйірден қысып  тұр. Базардағылардың «бағы» жанып тұрғаны мынау! Жылқының еті қойдан, қойдың еті сиырдан асып тұрған кезеңде, тіпті айлап тісіне қызыл тимей, етті түсінде көріп жүргендер де бар екенін жасыруға бола ма?!.  Айлап тапқан айлығы коммуналдық төлемнен артылмайтын, артылып жатса мектебі мен балабақшасына жетпейтін,  күнделікті қара су мен қара нанды қанағат тұтып жүргендері де аз емес. «Ойбүй, қазақта күздік соғым деген де бар екен ғой, өзіміз қыс қаһарына мінген кезде ғана бір-екі жілік майлы етке қолымыз жетсе  тәубә дейміз» деген-ді айтқанда көршінің көзі күліп тұрса да, жаны жылап тұрғанын байқау қиын емес еді.

Сонымен бүгінде жалпы халықтың қолы жетімді тауары – картоп десек, қателесе қоймаспыз. Әңгімені де осыдан бастасақ. Алматыда бірнеше ірі сауда орталықтары, яғни базарлар бар. Алатау, Болашақ, Байсат, Құлагер, Олжа, кейінірек Кенжехан қосылған базарлар шоғыры – барахолка деп аталатын, оған ай сайын болмаса да қала тұрғындары жиі барып тұратын сауда орталығы.

Көкбазар – қала орталығында орналасқан әрі көбіне бару-келу оңай. Оның үстіне қажетіңізді де жылдам табуға болатындықтан ыңғайлы. Бірақ бағасы өте қымбат. Қалалықтар үшін ең тиімдісі – «Алтын орда» базары. Ол қала  сыртында, қаланың Қаскелеңге шығар тас жолының бойында орналасқан. Қала іргесіндегі елді мекендерде тұратындар үшін өте ыңғайлы, киім-кешек пен  тұрмыстық заттар, бұйымдар ең төменгі бағамен табылады. Ал қала орталығында тұратындар үшін барып-келудің өзі қиямет-қайым.  Орталықтан басталған көлік кептелісі,  сенбі-жексенбі күндері жылжымайды-ау, жылжымайды. Қалалықтар азық-түліктерін тек демалыс күндері ғана түгендейтінін ескерсек, онда кептелістің қаншалықты жүйкеге тиері түсінікті.

Бірақ ең арзан  «Алтын орданың» өзінде жылқының еті қазысы, сүйек-саяғы мен жаясы 2600 теңгеден.

– «Алтын орда» көтерме базарында   картоп бағасының өзі 130-140 теңге, оған таситын көлік шығынын қосыңыз, бензиніңіз де қымбаттап кетті, – дейді «Арыстан» базарында картоп сатушы жігіт, – біз 180-200 теңгеден сатамыз. Сонда үстіне 40-50 теңге ғана көреміз…

Негізінен базарларға картоп Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарынан әкелінеді екен. Қазақстан республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің өкілі статистикалық мәліметке сүйене отырып, былай дейді:  «Республика бойынша егілген картоптың 95 пайызы жиналып бітті. Фермерлер 3 млн 330 мың тонна өнім алды. Яғни өткен жылмен салыстырғанда 710 мың тонна артық. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге толық жетеді және алаңдауға ешқандай себеп жоқ. Алматының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы бағаны ұстап тұру үшін жәрмеңке, базар мен сауда орындарына картопты тікелей жеткізу жүріп жатқанын айтты»,–деп мәлімдеді. Олай болса, әлі күнге картоптың бағасы неге арзандамайды? Егер елімізде бұл өнім соншалықты жеткілікті өндіріліп, жиналған болса, бағаны тұрақтындыруға неге көңіл бөлінбей отырғаны түсініксіз.

Қалада арзан бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерін саудалайтын  әрі әлгі өкіл тілге тиек еткен жәрмеңкелер де көптеген тұрғындардың көңілінен шықпайды. Неге? Тағы да мәселе сол тұрақсыз бағаға келіп тіреледі. Мәселен өткен айдың соңында ғана Оңтүстік Қазақстан облысы тауар өндірушілерінің кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шымкент, Түркістан, Арыс және он шақты ауданның ауыл шаруашалығы өнімдерін өндірушілері 125 млн теңгеден астам экологиялық таза азық-түліктерін алып келіпті. Сондай-ақ, оған Алматы қаласынан қырыққа жуық сауда және тамақ өндірушілері қатысты. Азық-түліктің сатылу бағасы Алматы қаласындағы базар бағаларынан орташа 15-20 пайызға төмен. Сол жолы 320 тонна ет, шұжық, сүт, жеміс-жидек, оған қоса ұн, жарма, май сияқты 50-ден астам өнім түрлері  сатылымға шығарылды. Дегенмен жеміс-жидектің отаны саналатын оңтүстіктердің өзі біздегі базар нарығымен салыстыра отырып, сырт көзге ғана аз-маз төмендеткені болмаса, ешқандай артықшылық көрмедік.

– Біздегі жеміс-жидек, көкөністің бәрі дерлік оңтүстіктен әкелінген тауарлар, –дейді  тағы да «Арыстан» базарындағы сатушылар, – бірақ бағасына келгенде түсірмей, ерегісіп тұрып алады. Жаз бойы да осы бағамен сатылған өнімдер, енді күз-қыс айларында, әрине, 800-1000 теңгеден айналады, – дейді өздерін кінәлі сезінгендей.

Шынында да, үстіміздегі жылмен қоштасатын да кез таяп қалғанын ескерсек, әдеттегідей алдағы мереке-мейрам күндері  қызанақ пен қиярдың бағасының өзі аспандап кететіні сөзсіз. Одан бума-бума етіп түйіп қойған аскөк, шөп-шаламдармен бірге пияз, сәбізіңіз де қалысар емес.

– «Алтын ордадан» гөрі  «Арыстан» базары, шын мәнінде, өте қымбат базарлардың бірі. Күнделікті дастарқанымыздан түспейтін сары майдың өзі мұнда 1800-2000 теңгеден,  әсіресе, көкшетаулық өнім жақсы өтеді,– дейді Ұлтуар деген келіншек.

Міне, қала базарларының кейбірінің жағдайы осындай. Десек те, сол азық-түліктердің жоғалып кетпей, сөрелерде тұрғанының өзі  қуаныш. Әр базардың өз ерекшеліктері де бар екенін ескерсек, «Тастақта» құрылыс материалдары басқа дүкенге қарағанда арзандау. Ал «Никольск»  базарында  кітап саудасы қызу. Онда  көптеген ескі кітаптарды іздеп табуға болады. Олай болса, базардың «базары» тарқамасын дейміз де.

 

 

comments powered by HyperComments