Астанадағы маңызды семинар

27 рет оқылды
0

Экстремизммен күресті ең алдымен ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысын жақсартудан бастау керек. Осы мақсатта Астанада өңірлік ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелеріне арналған «Халықтың дінтану сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тиімділігі» тақырыбы бойынша екікүндік оқыту семинары өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті ұйымдастырды. Семинарға 100-ге жуық адам қатысты. Оның ішінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитеті басшылығы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Терроризмге қарсы орталығының өкілдері, Мәдениет пен діннің халықаралық орталығы, өңірлік дін істері басқармалары және Дін проблемаларын  зерттеу орталығының басшылары, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, барлық өңірден ғалымдар, теологтар, дінтанушылар қатысты.

Семинардың бірінші күні Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Е.А. Оңғарбаев өз сөзінде: «Экстремизммен күрестің басты құралы ретінде ақпараттық түсіндіру топтары жұмыстарының тиімділігін арттыру қажет» деді. Ол семинарда алған білімді өңірлердегі арнайы топтармен жұмыс жүргізуде пайдалануды ұсынды.

Сондай-ақ, «Аңсар» кеңес беру-оңалту орталығының директоры А.Қ. Сабдин ҚАЖ мекемелеріндегі сотталғандар мен деструктивті діни ағымдардың құрбандарын оңалту тақырыбында тренинг өткізді.

– Тренингте дерадикализацияны құраушы аргументация және контраргументация тақырыбы қозғалды. Бұл екі әдіс радикалды секталардың жетегінде кеткен адамдарды оңалтудың негізгі әдістері. Осы ретте, аталған саладағы дінтанушы мамандар және де сарапшылармен теориялық негізде біршама жұмыстар атқару керек деп санаймын,  – деді. А.Қ. Сабдин

Оның айтуынша, әлем елдері үшін экстремизм қаупі толықтай сейіле қойған жоқ. Тіпті, көптеген елдерде террористік қауіп-қатерлер күн санап артып келеді.

– Уақыт өткен сайын діни экстремизм кеңінен қанат жаюда. Оған дәлел, жат ағымды насихаттаушы ұйымдар мен топтардың өз аумақтары, ресурстары қалыптасқан. Олар өз мақсаттарына жету үшін заманауи технологиялар мен әлеуметтік желілерді қолданады. Идеологияларын насихаттайтын әдістемелерін жетілдіріп, қысым жасауға шақырады. Осы орайда, экстремистер мен діни радикалдарға арналған дерадикализация және әлеуметтік оңалту бағдарламасы қолға алынуда. Оның әлем деңгейінде нәтижесі де жоқ емес, – деді сарапшы.

Бүгінде діннің қоғам алдындағы, өмірдегі рөлін белгілеп, нақтылау айтарлықтай  маңызға ие болып отыр. Бұл ретте, Алматы облысы Алакөл ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов:

– Бәсекеге бәс тігіп, Қазақстанның кемел келешегі мен баянды болашағын қалыптастыруда Елбасының жарлығымен әзірленіп, бекітілген, аса маңызды стратегиялық құжат саналатын Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған Тұжырымдамасы аталған саланың дамуына темірқазық болмақ. Бұл – құжат  мемлекет азаматтардың құқықтық ар-ождан бостандығын қамтамасыз етіп, елімізде тіркелген діни бірлестіктердің алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауда. Сондай-ақ, мемлекет пен дін арасындағы жүйені қалыптастырып, қарым-қатынастар мен көзқарастарды айқындайды, – деп өз ойын білдірді.

Жиынға қатысқан мешіт имамдары және дін істері бөлімінің мамандары діни сауаттылықты арттыруға бағытталған осындай шаралардың берері мол деген пікірде.

Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы Қалмағамбетов Жолдас Нұрланұлының айтуынша, өткен семинардан республика бойынша ақпараттық түсіндіру топтары жұмыстарының тиімділігі, үйлестіру тәсілдері бойынша кеңінен ақпарат алынды.

– Білікті дінтанушы мамандардың пікірін, ұсыныстарын тыңдадық. Теріс ағымның жетегіне кіріп кеткен азаматтармен сөйлесудің әдіс-тәсілдерін, дәйектерін меңгердік. Бұл алған білімді өз өңірімізде қолданып, атқарар жұмыстардан оң нәтиже шығару басты мақсатымыз. Айта кетерлігі, Ақтөбе облысында 205 мүшеден тұратын ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Сонымен қатар, діни бағытта оңалту жұмыстарымен айналысатын 22 адамнан құралған «Аңсар» ақпараттық талдау орталығы да іске қосылған. Бұған қоса, облыс әкімі Б.Сапарбековтің тапсырмасымен діни ахуалды одан әрі тұрақтандыру үшін облыстың бес ауданында коммуналдық мекемелер ашылды, – деді Ақтөбе облысы дін істері басқармасының басшысы. Оның айтуынша, 2016 жылы Ақтөбе облысы бойынша 346 адам исламның дәстүрлі бағытына ауысқан. Ал биыл 9 ай ішінде бұл көрсеткіш 535 адамға толықты.

Екікүндік семинар барысында ақпараттық-түсіндіру тобының қызметінің түйткілді мәселелері бойынша пікір алмасулар өтті. Өзекті мәселелер анықталды.

Іс-шара соңында ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі атынан өңірлік дін істері басқармасының белсенді мүшелеріне алғысхаттар және қазіргі заманғы гаджеттер табыс етілді.

 

comments powered by HyperComments