Бала денсаулығын сақтау — басты міндет

32 рет оқылды
0

Қазақстанда балалар денсаулығын сақтау ісі қашанда басты назарда тұратын маңызды істің бірі десек, жауапкершілігі үлкен, зор біліктілікті талап ететін балалар медицинасы елімізде жақсы дамыған. Соның нақты көрінісі – құрылғанына 85 жыл болған Педиатрия және балалар хирургиясы орталығының жұмысы. 285 орындық (соның 115-і онкологиялық аурумен ауыратын балаларға арналған) бұл мекемеге жыл сайын еліміздің түрлі өңірінен  6000-нан аса науқас бала қаралып, емделеді.

Жаңа туған сәбилерден бастап, жасы 18-ге толған балаларға дейін емдейтін Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы 1932 жылы 28 қарашада алғаш рет Ана мен бала денсаулығын қорғау ғылыми зерттеу институты болып ашылды. Еліміздегі білікті де тәжірибелі мамандардың басын қосып, қуатты орталыққа айналған бұл медициналық мекеме бүгінде мықты материалдық базаға ие. Заман талаптарына сай медициналық технологиялар жетістігін қолданатын орталық – Қазақстандағы жетекші ғылыми-зерттеу және клиникалық мекеме ретінде танымал. Өмірі қыл үстінде қалған он мыңдаған сәбиді ажалдан арашалап, талай нәрестеге өмір сүруге мүмкіндік берген орталықтың белгілі дәрігерлері мемлекет мүддесі жолында аянбай тер төгіп келеді. Бүгінде орталықта 700-ден астам қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде – 147 дәрігер, 1 академик, 20 медицина ғылымдарының докторы жəне 27 медицина ғылымдарының кандидаты бар.

2012 жылдан бастап Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы мекемесі телемедицина бағытына назар аударып келеді. Бұл арқылы еліміздің әр түкпіріндегі барлық клиникалар Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы мамандарымен кеңесіп отырады. Сонымен бірге осы заманауи тәсіл арқылы шет ел мамандарымен медициналық пікір алмасулар да өткізіліп келеді.

Медициналық орталықта енгізілген жаңа технологиялар арқасында елімізде соңғы он жылда нәрестелердің шетінеуін екі есеге төмендетуге қол жеткізілген. Бұрын жүрек ақауымен дүниеге келген балалар шетелде емделетін болса, қазір бұл дертке шалдыққан балаларды өз елімізде емдеуге қол жетті. Сол сияқты 2013 жылдан бері Педиатрия және балалар хирургиясы орталығында трансплантация әдісі қолданылып келеді. Сол арқылы онкологиялық және онкогематологиялық ауруларға шалдыққан балалардың өмірін құтқарып қалу ісі жақсы нәтиже беріп отыр. Жалпы, соңғы төрт жыл ішінде елу бес балаға өзек жасушаларын алмастыру операциясы сәтті өткізілген.

Өткен аптада Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында осы орталықтың құрылғанының 85 жылдығына орай салтанатты жиын өтті.

Ана мен бала саулығына өлшеусіз үлес қосқан ардагер-дәрігерлер, орталықтың серіктестері мен әріптес-достары, қазақстандық медициналық мекемелердің басшылары, Педиатрия орталығының ұжымы қатысқан мерейтойлық шараға Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының директоры Расулбек Аипов, Республикалық балаларды оңалту орталығының директоры Шолпан Бөлекбаева, Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы директорының орынбасары Айман Ысқақова, «Алатау» республикалық балалар клиникалық шипажайының директоры Қаншайым Мұсаева, Ұлттық фтизипульмонология ғылыми орталығының бас фтизиопедиаторы Қағаз Серікбаева қатысты. Шараның мәртебелі қонақтары, еліміздің медицина саласы мен педиатрия орталығының дамуына, медициналық кадрларды дайындау мен бала денсаулығын нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан дәрігерлер – қазақ балалар хирургиясының атасы Камал Ормантаев, ҚР қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нина Каюпова, академик Төрегелді Шарманов, медицина ғылымдарының докторы, профессор Тамара Чувакова секілді медицина майталмандары сөз сөйледі.

Мерейтойға арналған басқосу конференциямен жалғасып, онда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының қалыптасу, даму жолы, жетістіктері сөз болып, еліміздегі педиатриялық қызметтің бағыт-бағдары сараланды. Фтизиопедиатрияның өзекті мәселелері, онкологиялық, гематологиялық көмек беруді ұйымдастыру, зертханалық қызметтің, балалар кардиохирургиясы қызметінің дамуы, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларды оңалтудың бүгінгі жағдайы сынды балаларды емдеудегі өзекті мәселелер талқыланды.

Педиатрия және балалар хирургиясы орталығы директоры, медицина ғылымдарының докторы Риза БОРАНБАЕВА:

– Соңғы жылдары балалардағы онкологиялық ауруларды емдеудің жаңа бағдарламасын енгізудің арқасында осы бір күрделі ауруға шалдыққан балалардың өміршеңдігін жақсартуға қол жетуде. 2013 жылы балалар онкологиясы мен балалар гематологиясы мамандықтары біріктіріліп, бұрындары Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында емделетін онкологиялық ауруға шалдыққан барлық балалар біздің орталықта емделе бастады. Лейкозға шалдыққан балаларды емдеу бойынша бүгінгі күнгі өміршеңдік көрсеткіші 75 пайыздан астам, тығыз ісіктері бар балалардың да өміршеңдігін, сондай-ақ, бірқатар кейбір аурулар бойынша да балалардың өміршеңдігін емдеудің жаңа бағдарламасын енгізу арқылы жақсартуға болады. Бұдан басқа, орталықта гемопоэздік өзектік жасушаларды трансплантациялау енгізілді. 2012 жылдан бастап туыстық донордан гемопоэздік өзектік жасушаларды аллогендік трансплантациялау және балалардағы кейбір ісіктер кезінде аутологиялық трансплантациялау сияқты күрделі операциялар жасалынады. Біздің дәрігерлердің көбі жақын және алыс шетелдерде оқып, Оңтүстік Кореяда, Ресейде, Германияда және Израильде тағылымдамадан өткен. Сондай-ақ, біздің орталықта кардиохирургиялық қызмет те дамып келеді. Мен мұны орталығымыздың жетістігі деп есептеймін, себебі осы балаларға бұрындары ешқандай да көмек көрсетілмеген болатын. Біздің республикамызда 3000-ға жуық бала туа біткен жүрек ақауымен туылады және ашық жүрекке операция жасайтын, интервенциялық кардиология жүргізілетін Алматыдағы бір ғана Республикалық орталық, Астанада үлкен осындай бір орталық бар және екіншісі бізде – осы Алматыда.

Біз басты педиатриялық ұйым болғандықтан барлық республика бойынша кішігірім ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстарын іске асырамыз. Бүгінгі күні республикада «Балаларға медициналық көмек көрсетудің ықпалдасқан моделі» енгізілуде, атап айтқанда педиатриялық қызмет бойынша бұл модельді біз енгіземіз және біздің мамандар аймақтардың, облыстардың мамандарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді. Сондай-ақ, біздің орталықта ауқымды ғылыми қызметтер де іске асырылады. Біздің дәрігерлер «оқушылар денсаулығы» бойынша Ғылыми-техникалық бағдарламаларды орындайды.

Біз көптеген әлемдік жетекші клиникалармен жұмыс жасаймыз. Бұл Берлин қаласындағы Шаритэ университеттік клиникасы – осы орталықтың мамандары Германияның атақты онкологы, профессор Хенценің жетекшілік етуімен 3 жыл бойы үлкен жұмыстар атқарды. Еуропа мамандары әр 3 ай сайын біздің орталығымызға келіп, біздің дәрігерлерімізді оқытып, емдеудің жаңа бағдарламаларын енгізуге көмектесті, пациенттерге кеңес берді. Кардиохирургиялық қызмет бойынша біз Киев қаласынан, Италиядан келген мамандармен жұмыс істейміз және әлі күнге дейін Киев мамандары бізге күрделі жағдайларда көмектеседі, біздің пациенттерімізге кеңестер береді. Және ағымдағы жылы біз Чехия мамандарының, Ресей мамандарының қатысуымен шеберлік-сыныптарын өткізетін боламыз, яғни шетелдік мамандармен үнемі ынтымақтастықтамыз.

Онкологиялық ауруға шалдыққан балаларымызды оңалтуға мүмкіндігіміздің бар екенін үлкен жетістігіміз деп есептеймін. 2013 жылдан бастап біз Алматыда орналасқан «Алатау» республикалық балалар клиникалық шипажайымен бірлесіп жұмыс жасаймыз және химиотерапия блоктарының арасында біздің балалар осы шипажайда денсаулықтарын жақсарта алады. Біздің дәрігерлер «Алатау» шипажайының мамандарына көмектеседі және ол жерде балалар 5 мәрте тамақтанып және психологтың, тәрбиешілердің көмектерін алып, ауруханалық жағдайдан біраз болса да алшақтап, демалып, ата-аналарымен араласады, кейбір кездері әкелері, әжелері мен аталары да осы шипажайға келіп, балаларымен біраз уақыт бірге болып кете алады. Бірнеше жылдың ішінде балалардың өлім-жітімін 2 есеге төмендетуге қол жетті. Егер 2011 жылы бізде 14,9 пайызды құраса, 2017 жылдың 8 айында 8,1 пайызды құрады. Әрине, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдерінде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен, сондықтан да бізге талпынуға тұралық бағыт бар және басты республикалық педиатриялық мекеме ретінде барлық біздің жұмыстарымыз балаларға медициналық көмек көрсетуді жақсартуға және балалар өлім-жітімін азайтуға бағытталған. Сондай-ақ, біздің орталықтың негізгі перспективасы сүйек кемігін трансплантациялауды дамыту болып табылады. Әрине, егер орталықтың осыдан 80-85 жыл бұрын қандай болғанын және бүгін қандай деңгейде екенін салыстыратын болсақ барлық нәтижелер бойынша айырмашылық өте зор, балалар мен нәрестелер өлімінің азайғанын көреміз және түптеп келгенде біздің орталықтың мамандары болашақта да Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жоғары атағы міндетін алып жүреді және республикамыздағы балаларға көмегін көрсете береді деп ойлаймын.

Константин ХАИРОВ, медицина ғылымының кандидаты, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Бас балалар хирургы, Хирургия бойынша директордың орынбасары:

– Бауыр ісіктері кезінде біз операция жасаймыз. Яғни, бұрындары бізге «гепатобластома» диагнозымен келіп түскен балалардың көбі операция жасалғаннан кейін қайтыс болатын, себебі оларға операция алдындағы химиотерапия жүргізілмейтін. Бүгінгі күні алдын ала химиотерапия жүргізілетіндіктен балалар тірі қалады. Өміршеңдіктері де өте жақсы. Көлемді ісіктер, бауыр ісігі кезінде операциялар жасалады – бұл «гепатобластома», ал гепатоцеллюлярлық обыр – бұл бауырды резекциялау кезінде жүргізіледі. Бұрындары онкология бөлімшесі ашылғанға дейін де бізге балалар келіп түсіп жататын, ісіктері үлкен және көлемді болғандықтан операциядан кейін олардың өлімі көп жағдайда жиі болатын. Ал қазіргі күні іс жүзінде 100 пайыз балаларға операция алдында химиотерапия жасалады, бұл ісік көлемін кішірейтуге мүмкіндік береді және нәтижеге де әсер етеді. Бүгіндері осы балалар аман қалады және өміршеңдігі де өте жақсы.

Ал жалпы хирургия бойынша айтатын болсақ, біздің бөлімшелерде аноректальдік аймаққа, тік ішекке операциялар жасалады, бұл әдісті біздің орталықтың мамандары әуелі Қазақстанда енгізілген болатын, тіпті Ресейден бұрын енгізді. Бұл операцияларды жүргізу техникасы шетелдерден әкелініп, енгізіліп және бүгінгі күнге дейін өте сәтті жүргізіліп келеді. Біздің орталықта енгізілгеннен соң, шамамен 1,5-2 жылдан кейін ғана бұл операциялар Ресейде енгізілді. Осы аталған операциялар ішек аурулары кезінде жасалынды.

Онкология бойынша бізде операциялардың бірқатар тізбесі жасалынады – бұл ісіктерді ішінара алып тастау; диагностикалау үшін ісіктердің биопсиясы; сонымен қатар бізде ғана жасалынатын остеосаркома кезіндегі буындарды ауыстыру операциясы, бұл өте күрделі және ауыр операция болып табылады. Бұрындары мүгедек болып қалатын балалардың қазір буындарын ауыстырғаннан кейін өмірге бейімділігі өте жақсы.

Біздің орталықта хирургиялық қызмет алғаш хирургия бөлімшесі ашылған кезде 1994 жылы көрсетіле бастады, сол кезде урология бөлімшесі, неонаталдық хирургия және кардиохирургия бөлімшелері де қатар ашылды. Және соңғысы болып осыдан 3 жыл бұрын ғана хирургиялық қызметте онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға хирургиялық көмек көрсететін онкологиялық бөлімше ашылды. Біздің орталықта жылына 2000-ға жуық балаға жедел ота жасалады. Егер де бөлімшелер бойынша алатын болсақ, онда 600-ден астамы кардиохирургиялық операция, соның ішінде шамамен 200-ге жуығы ашық жүрекке жасалынған.

Хирургиялық көмек туа біткен жүрегінің ақауы бар, сонымен қатар туа біткен дамуында ақауы бар нәрестелерге көрсетіледі – бұл 2 басқа-басқа бөлімшелар. Қазіргі кезде біздің институтымыздағы хирургиялық көмек көрсетудің барлығы жоспарлы болып келеді. Осының арқасында 2009 жылы Сауд Арабиясы Корольдігі магнитті-резонансты тамограф және рентген аппаратын сыйға берді. Қазір зерттеу жүргізіп және операцияға дайындаудың ұзақтығы әлдеқайда қысқарды.

Кардиохирургия бойынша бізде кардиохирургиялық патологиясы бар балаларға, артериальдық-веноздық мальформациясы бар балаларға эндоваскулярлық жедел араласулар жүргізілетін ангиограф аппараты тұр. Айтпақшы, бұл біздің Орталықта ғана жүргізілетін операция, Қазақстанда еш жерде жоқ, эксклюзивті деп айтуға болады.

comments powered by HyperComments