Кішкентай сәбилерді «қорғансыз» қалдырғандар

129 рет оқылды
0

Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі дабыл қақты. 2017 жылдың бірінші жартысында елімізде екпеден бас тартудың 11557 фактісі тіркелген. Иммундауға қарсылық өткен жылғы көрсеткіштен 37,5 пайызға артқан. Балаларына екпе салдырудан үзілді-кесілді бас тартқан ата-аналардың 50 пайызы – Алматы мен Ақтөбе облыстарының тұрғындары. Зерттеу қорытындысына сүйенсек, вакцинаға қарсылардың 45,7 пайызы жеке сеніміне, ал 41,9 пайызы діни нанымдарына сай бас тартқан. Ақ халаттылар екпеге наразылар кішкентай нәрестелерді қорғансыз қалдыратынына алаңдаулы.

Екпенің ежелден тарихы бар

Медицина тарихында инфекцияның иммундық алдын алу шарасы 1796 жылы ағылшын дәрігері Эдвард Дженнер жасаған алғашқы екпеден басталды. Ол Лондонда шешекке қарсы екпе бекеттерін ашып, ауруға қарсы белсенді иммунизацияны жүргізуді жолға қойып, мұның инфекциялы аурулардың алдын алудағы ең нәтижелі әдіс екендігін дәлелдеді. Алайда шешекке қарсы екпе қазақ топырағында бұдан әлдеқайда ерте пайда болды. Қатерлі дерттің алдын алатын вакцинаны 1388-1487 жылдары өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы өзінің еуропалық әріптестерінен бірнеше ғасыр бұрын пайдаланған. Бұған дәрігердің «Шипагерлiк баян» атты еңбегі дәлел.

Бір кездері талай тағдырды үзген шешек ауруы екпенің арқасында түп-тамырымен жойылды. 1977 жылғы қазан айынан бастап дүниежүзінде бұл дертпен ауырған бірде-бір науқас тіркелмеген. 1979 жылы, кеңестік дәрігерлер балаларды шешек ауруына қарсы егуді тоқтатып, қатерлі дертпен күрес мәселесі күн тәртібінен біржола ысырылды. Күні бүгінге дейін қауіпті жұқпалы аурулардың қатарында болған полиомелит те жойылудың аз-ақ алдында. Елімізде бұл дерт соңғы рет 1995 жылы тіркеліпті. Бұл да – екпе жасаудың нәтижесі. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалып, тағы 750 мыңдайы мүгедек болу қаупінен арылады екен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда әлем бойынша 3 миллиондай сәби вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурулардан көз жұмады.

Елімізде жыл сайын 5 млн адамға түрлi ауруларға қарсы тегiн вакцинация жүргiзiледi. Иммундау шараларына бөлінетін қаржы да қомақты. 2009 жылғы 30 желтоқсанда үкімет «Қарсы профилактикалық егу жүргізілетін аурулардың тізбесін, оларды жүргізу ережесін және халықтың жоспарлы егілуге жатқызылатын топтарын бекіту туралы» №2295 қаулы қабылдаған-ды. Сол құжатқа сәйкес инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі. Екпелердің едәуір бөлігіне мемлекет тарапынан қаражат бөлінеді. Жергілікті бюджет «А» вирусты гепатиті, тұмау, күйдіргі, туляремияға қарсы егулерді қаржыландырады. Екпені егу жұмыстарын тұрақты жүргізудің арқасында Қазақстанда оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегі, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер тіркелмеген. Мамандар соңғы 20 жыл ішінде қызамық, көкжөтел, дифтерия, эпидемиялық паротит секілді аурулар азайғанын айтады.

Елімізде жыл сайын шамамен 12 мың жүкті әйел тұмау немесе өткір респираторлық ауруға шалдығады екен. Дәрігерлердің айтуынша, жүкті әйелдерге екпе егудің пайдасы көп. Тұмауға қарсы күресетін антивирустар анасынан жатырда жатқан шаранаға беріледі және ол туғаннан кейін алты ай бойы сәбиді тұмаудан сақтайды екен. Тағы бір вакцина жатыр мойнындағы қатерлі ісіктің алдын алуы үшін салынады. Жыл сайын Қазақстанда аты жаман осы ауруға 1500 адам шалдығып, 650-дей әйел қайтыс болады екен. Жатыр мойнының обыры жыныс жолдары арқылы берілетін «адам папилломасы вирусы» немесе АПВ деп аталатын вирустан туындайды. Бұл вирусты әйелдермен қатар еркектер де жұқтырып алуы мүмкін. Міне, осы дертке қарсы салынып жүрген екпе аурудың өршуіне жол бермейді. 2013 жылдан бастап елімізде 11-12 жастағы қыздарға папиллома вирусына қарсы егу жұмыстары басталған. Осыған байланысты алдын ала медицина мамандары оқытылып, егілетін вакциналар тиісті тексерулерден өтті. Мамандардың айтуынша, аталған екпе ата-аналардың рұқсатымен ерікті түрде егіледі. Бұл вакциналар АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия және өзге де елдерде шамамен 9 жылдан бері егіліп келеді. Аталған елдерде жүргізілген статистикаға сүйенсек, вакцинаның арқасында індет деңгейі 2,5 есеге дейін төмендеген.

Екпеге қарсылықтың себебі неде?

Дәрігерлердің айтуынша, вакцина биопрепарат болған соң, егуден кейін асқыну (баланың дене қызуының жоғарылауы, жергілікті ісінулер, аллергиялық реакциялар, сирек энцефалиттер) болуы мүмкін. Мәселен 2014 жылы жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салу кезінде Павлодар облысы, Баян­ауыл ауданында егілген екі оқушы қыз аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан болатын. Бұдан соң халықтың екпеге қарсылығы үдеді. Алайда мамандар кез келген вакцинациядан кейін баланың ағзасы оған өтпелі реакциямен жауап қайтаратынын түсіндіруден жалыққан емес. Себебі бұл мерзім ішінде ағзаны инфекциядан қорғайтын күш жинақталуы керек. Бөгде зат енген денеде міндетті түрде әртүрлі реакциялар орын алатыны анық. Бірақ, мұндай реакциялардың зардаптары инфекциялардың зиянымен салыстырғанда түк емес дейді ақ халаттылар. Жұқпаға қарсы егілмеген адам сол жұқпалардың қайнар көзі болып саналады, яғни инфекцияны таратушы. Ал егілген адам тіпті ауырып қалған жағдайда да ауруы өте жеңіл түрде өтеді. Десе де дәрігерлердің ескертуі мен жіті түсіндіруіне қарамастан, екпеден бас тартатын ата-аналар саны азаяр емес. 2016 жылы елімізде вакцина егуге қарсылық танытқан 9685 адам тіркелген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға көп. Бас тартудың себептеріне келсек, жеке ұстаным бойынша – 4360 адам, діни ұстаным – 4151, БАҚ-та жарияланған негативті ақпараттар әсерінен 600 адам бас тартса, 589 адам екпеге сенімсіздік білдірген.

Вакцинаға қарсылық әсіресе, Ақтөбе облысында өршіп тұр. Мамандардың айтуынша, өткен жылы өңірде 2,5 мыңнан астам сәбиге екпе салынбаған. Ақтөбе қаласында – 1171 сәби, сонымен қатар, Темір және Мұғалжар аудандарында – 287 және 258 бала иммундау шараларынан тыс қалған. Мұндай балалардың арасында туылғалы бірде-бір екпе салынбағандары бар. Атап айта кетерлік жайт, 2014-2015 оқу жылында Ақтөбенің Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында туберкулезбен оқушылар жаппай ауырған. Сол кезде дәрігерлер қауіпті дерттің дендеуінің себебін ауданда туберкулезден екпе алмаған балалардың көптігімен байланыстырған еді. Қазірдің өзінде бұл аудан екпе алмайтындар бойынша алдыңғы қатарда екен.

Ақтөбелік дәрігерлер діни ұстанымына қарай екпеден бас тартушы ата-аналардың көбеюіне алаңдаулы. Вакцина алуды Алланың әміріне қарсы шығу деп түсінетіндерге бұл ойдың қате екенін дін қызметкерлері де шама-шарқынша ұғындыруда. «Ислам дінінде екпе алуға тыйым салынған ешқандай үкім жоқ. Керісінше қажылар Меккеге қажылыққа барардың алдында түрлі ауруларға қарсы екпелерді қабылдайды. Олар екпе алмаған жағдайда қажылық сапарын орындауға рұқсат берілмей жатады. Сондай-ақ, Әл-Азхар университеті ғұламалар кеңесі, Сауд Арабиясы, Марокко т.б. мұсылман елдерінің пәтуа бөлімдері түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпе алудың шариғатқа қайшы келмейтіндігі жөнінде өз пәтуаларын берген. Себебі екпе алу шариғат үкімі бойынша қандай да бір аурудан емделу үшін дәрі қабылдаумен тең», – дейді дінтанушы, теолог Еркінбек Шохаев.

Егілмеген балалар – қауіпті індет ошағы

«Вакцина алмаған балалар ертеңгі күні бір сырқаттың жаппай тарауына себеп болуы мүмкін», – дейді дәрігерлер. Екпеге қарсылық арта берсе, он жылдан кейін вакцинасы бар жеңіл дерттің өзі елімізде жаппай таралуы ықтимал деп қауіптенеді мамандар. Өйткені жаңа туған сәби бір жасқа толғанша түрлі вирустық жұқпалы аурудан қорғайтын он екі екпе алуы тиіс. Дүние есігін ашқан сәбилер егер қажетті медициналық шарадан бас тартпаған жағдайда туберкулез, сары ауру, сіреспе, сал ауруы, көкжөтел сияқты қауіпті дерттерден аман болады.

Денсаулық сақтау министрлігінің санағына жүгінсек, 2016 жылдың соңына қарай нәресте өлімі жаңа дүниеге келген 1000 баланың 8,60-на дейін азайған. Дегенмен бұл ЭЫДҰ-ның көрсеткіштеріне қарағанда 3 есе жоғары. Министр Елжан Біртановтың сөзінше, «сәбилер арасында сепсис, дамудың туа біткен кемістігі, қайғылы оқиғалар мен пневмония алдыңғы орында». Екі жасқа дейінгі балалар Streptococcus pneumoniae бактериясын тез жұқтырады. Израильдік дәрігер, педиатрия және жұқпалы аурулар профессоры Дэвид Гринбергтің (Израиль) айтуынша, аталмыш бактерия бактериемияны, менингит, пневмония, орта отит, синусит, бронхитті қоздырып жіберуі мүмкін. Ауыр жағдайларда перикардит, сепсиске әкеліп соғуы ғажап емес. Статистикаға сүйенсек, пневмонияның 70 пайызы, орташа отиттің 25 пайызы, іріңді менингиттің 5-15 пайызы пневмококктан тарайды. Әлемдегі бала өлімінің 40 пайызы осы бактерияның кесірі. Қатерлі вируспен күресу үшін 2009 жылы әлемдік медицина қауымдастығы 13 валентті конъюгирленген екпе жасап шығарды. Жаңа екпе бір жылда 103 елдің (Қазақстанды қоса алғанда) иммундау бойынша ұлттық күнтізбесіне енгізілген. Бүгінде Израильде иммундаумен қамту 95 пайызға жақындап қалса, Қазақстанда 2017 жылдың 8 айында екпені қажет ететіндердің 63 пайызы ғана онымен қамтылған. Мәселе – вакцинаның қолжетімсіздігінде емес. Елімізге екпелер жеткілікті мөлшерде жеткізіліп жатыр. Кедергі – түрлі себептерге байланысты балаларына вакцина салдыруға қарсылық танытатын ата-аналар.

Қарсылықты тыюдың жолы қандай?

Бүгінде екпені мойындамайтын көңіл-күйге қарсы күрес әлемнің көптеген елдерінде үкіметтік деңгейге шықты. Мәселен Австралияда вакцина алмаған балалар медициналық қамсыздандырудан қағылады. Ал Израильде екпе салынбаған бала балаларға арналған бірде-бір мекемеге бас сұға алмайды. Осындай кедергілерді енгізу арқылы Израиль билігі ел тұрғындарының иммундаумен қамтылуын жоғары көрсеткішке жеткізді.

Біздің елімізде екпеге қарсылықпен күрес Денсаулық сақтау министрлігі, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мен дін өкілдерінің қатысуымен өтетін түсіндіру науқанымен ғана шектеліп келді. Алайда жуырда ақ халаттылардың дабылынан кейін екпе жасатудан бас тартушыларды жазалау тетіктерін заң бойынша реттеу мәселесі күн тәртібіне енді. Жуырда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді.

Аталмыш заң жобасы 17 заңнамаларға енгізілетін 60 өзгерістерден құралады. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қоғамдық бірлестіктердің, мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының өкілдерінен құрылған жұмыс тобы көптеген зерттеулер мен талқылаулардан кейін қолданыстағы Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 156-бабының 1-бөлігіне келесідей мазмұнда толықтыру енгізуді ұсынды: «…Кәмелетке толмаған баланың (балалардың) ата-ана немесе оның заңды өкілдері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен көзделген тәртіппен инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық шараларды қолдануға міндетті».

Сонымен қатар, заң қабылданған соң оны орындаудан бас тартқандар тарапынан жауапкершілік болуы керек. Осыған орай, Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 430-1-бабы «Кәмелетке толмаған баланың (балалардың) ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алудан жалтаруы он айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға алып келеді» – деген толықтыру ұсынылды. Аталмыш бап бойынша ата-ана немесе оның орнын басатын жауапты тұлғалар балаларына инфекциялық және паразитттік ауруларға қарсы екпе егуден бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, аталмыш норма құқықтық жауапкершілікке тартуды талап етеді. Айыппұл санкциясы ҚР ӘҚБК жүзеге асып жатқан санкция төңірегінде қарастырылған. Және ол тек діни ұстанымы үшін ғана емес, осы талапқа бағынбағандардың барлығына бірдей қолданылмақ. Министрлік ұсынған заң жобасы тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданар болса, елімізде екпеге қарсылардың қатары азаяды дегенге сенгіміз-ақ келеді. Алайда 22 мың теңгелік айыппұл вакцинаны шипа емес, кесел таратушы деп ұғатындарды райынан қайтара қояр ма екен?..

 

 

 

comments powered by HyperComments