Таза суды аңсаған айғанымдықтар

70 рет оқылды
0

Су – тіршіліктің көзі. Онсыз биологиялық жаратылыстар мен өсімдіктер атаулы өмір сүре алмайтыны бесенеден белгілі.  Сол тіршіліктің көзі – ауыз су ғаламдық мәселеге айналғанына талай болды. Өйткені әлемдегі экологиялық өзгерістер ауыз суға да кері әсерін тигізуде. Бұл жағдай Қазақстанда да өзекті мәселеге айналуда. Ақпарат құралдарының жарияланымдарына қарағанда, еліміздегі алты мың ауылдың үш мыңға жуығы таза тіршілік нәріне зәру екен.

Үкімет ауыз суға байланысты 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасын қабылдағанын барша қауым жақсы біледі. Содан бері көптеген ауылдарға сапалы таза су жеткізілген. Алайда құдық пен арықтардың лайланған суын ішіп отырған елді мекендер де аз емес. Солардың бірі Алматы іргесіндегі Айғаным ауылы. Өркениетті қала маңындағы бұл ауыл Талғар ауданына қарайды.

Ауыл тұрғындары ауыз су үшін сегіз жылдан бері сергелдеңге түскен. Айғанымдықтармен іргелес орналасқан елді мекендерде 2 мыңға таяу үй, 10 мыңға жуық адам тұрады. Артезианның сапасыз суы жердің бетіне жақын орналасқандықтан көктем мен күзде көтеріліп, құдықтың суын лайлайды. Сол құдықта лайланған суды тұндырып ішіп жатқандардың үлкені мен кішілерінің арасында ауырғандар аз емес. Дәрігерлер анықтамасында біразының өттері  толған, бүйректеріне тас байланған және іш ауруына байланысты басқа да дерт түрлері бар екені жазылған. Дерттілер бұл аурулардың шығу себептерін ластанған судан көреді.  Бұл ауылда медициналық бөлімше атымен жоқ. Аурудан жан қиналғанда аудан орталығынан «Жедел жәрдем» де дер кезінде жете қоймайды. Өйткені жолдың ой-шұқыры кез келген көліктің жүрісіне − тұсау, жылдамдығына − шідер. Жазда көз аштырмай қолқаны қапқан  қою шаң, көктем мен қыста жауын-шашыннан соң тізеге дейін жететін батпақ талай азапқа салған. Аудан басшыларын бұл жағдайдан бейхабар дей алмаймыз. Ауыл тұрғындары талай рет жиналыстарда жар салып, шағымданумен әкімдіктің табалдырығын  тоздырған. Ондағылардың құрғақ уәделерінен жалыққан жұрт өздері жол салуға қаражат жинап, бір мәшинесі 35 мың теңге тұратын шағыл төксе де, ой-шұқырды толтырып, жағдайларын жақсарта алмапты.

Қайнар ауылдық округі әкімі Жандос Ясинов біраз жыл бұрын: «Былтыр ауыз суға бюджеттен тендер жарияланды. Енді шамалы уақыт шыдасаңыздар таза сумен қамтамасыз етеміз», − деп қалың қауымды бір қуантып тастағаны бар. Ия, бюджеттен ауылдарға таза су жеткізуге 544 миллион теңге қарастырылған екен. Соның біраз бөлігі ауыл көшелерінде қазылған әлгі арықтар мен су құбырларына жұмсалған. Әкімдіктің жауапты адамдарының  енді 130 миллион теңгесі берілсе, бұрын бастаған жұмыстарын қайта қолға алып, толық бітіреміз дегендеріне де бақандай үш жылдың жүзі болыпты. Өкінішке қарай, сол қаражат бөлінбей ауыл тағы да жылдағы жадау күйін кешуде. Ренжіген жұрттың ашынғаннан айтқан жанайқайларына аудан әкімдігі жүрдім-бардым қарап, құлақтарына ілмей жатса не шара. Рас, алғашқыда көшелерден терең арықтар қазылып, біразына су құбырлары жүргізіле бастаған. Сонымен бар іс біткен. Істі бастаған мердігер компанияның жұмысшылары бір күнде бәрін тастап, әй-шай жоқ кете барды. Қазылған арықтарға жаңбыр мен қар сулары толып, ернеулері опырыла құлап, онсыз да әлпеті кеткен көшенің берекетін кетірді. Мектепке бара жатқан балалардың біразы лайсаңда терең қазылған арыққа  аяқтары тайып жығылып, үсті-бастарын былғап, жүргіншілердің көмегенсіз шыға алмай әуре-сарсаңға  түскендерін қайтерсіз. Мектеп демекші, оның да әуресі аз емес. Іргелес ауылдағы мектепке балаларды таситын шағын жалғыз автобусы бар. Оқушылардың сыймай қалуына байланысты екі араға бірнеше рет қатынаумен келеді. Бірақ сол автобус ой-шұқырдың кесірінен жолда тұрып қалған кездері де аз болмаған. Ондай жағдайда жұрт жеке көліктері барларға жалынып, жармасып жатқаны.

Иә, бәрінен де «айғанымдықтар» көріп жатқан ауыз судың азабын айтсаңызшы. Талғар ауданы әкімінің құрғақ уәдесіне тойған жұрт енді одан күдерлерін үзіп, облыс әкімі Амандық Батталовқа шағымдануда. Қазір Батталов арнайы комиссия құрғызып, тексеру-сараптама  жұмыстарын жүргізуде.

Өкінішке қарай, елімізде ауыз судың зардабы мен азабын көріп отырған жалғыз осы Айғаным ауылы ғана емес. Мұндай келеңсіздіктерді көптеген облыстардың бірқатар елді мекендерінен көруге болады. Атам қазақ «Денсаулық – зор байлық» деп бекер айтқан ба. Дені сау адам қоғамның баға жетпес байлығы. Ал ол үшін әр ауылға таза ауыз су жеткізудің мәні зор.

 

 

comments powered by HyperComments