Бала өмірі – баға жетпес құндылық

52 рет оқылды
0

Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған жаңа есеп әдісінің көрсеткіші бойынша, 2016 жылы әлемде күніне 5 жасқа толмаған 15 мың бала өмірмен қош айтысқан екен. Оның 46 пайызы, яғни 7 мыңы туғанына 1 ай толмаған шақалақтар.

2017 жылғы «Бала өлімінің деңгейі және тенденциясы» атты хаттаманың ерекшелігі 5 жасқа дейінгі бала өлімінің пайыздық көрсеткіштерінің азайғандығында. 2000 жылы 9,9 миллион бала шетінесе, 2016 жылы бұл көрсеткіш 5,6 миллионға төмендеген. Ең өкініштісі, жаңа туған нәрестелердің шетінеуі азаймай тұр. Есеп бойынша осы жылдар арасында олардың өлімі 41 пайыздан 46 пайызға жоғарылаған.

5 жасқа дейінгі балалардың өліміне басты себеп – инфекциялық аурулар – пневмония және диарея. Сәбилердің  16 пайызы пневмониядан, 8 пайызы диареядан көз жұмады.

Ал мерзімінен бұрын туылу мен босану кезіндегі асқынулардың нәтижесінде өлім құшқан сәбилер жоғарыдағы көрсеткіштің 30 пайызын құрайды.

Қазақстанда көп жылдан бері жалпы бала өлімінің азайғандығы байқалады. Оған азаматтардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруы және денсаулық сақтау саласында тың реформалардың жүргізілуі әсер етіп отыр. Дегенмен біздің елімізде де алдын алу шаралары жасалмағаны себепті  5 жасқа дейінгі бала өлімі төмендер емес. 2016 жылы шетінеген сәбилердің 68,4 пайызы 1 жасқа жетпей өлім құшса, 2015 жылы 5 жасқа жетпей кеткен 4799 баланың 77 пайызы, яғни 3719 бала 1 жасқа толмай қайтыс болған.

Бір өкінетін жайт, қырқынан шықпай  шетінеп кеткен балалардың  көпшілігінің ауруын қолжетімді  және қымбат емес технологиямен емдеп- жазуға, алдын алуға болар еді.

«Қазақстанда нәрестелердің өліміне байланысты мәселе көтерілгенде өзгеше жағдай орын алды, – деп көрсетті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы денсаулық сақтау бағдарламасының координаторы. – Өзге  елдерде бала өлімінің себебі  көбіне алдын алу шараларының ескіргендігінен деп есептелсе, ал Қазақстандағы жаңа туған нәрестелер өлімінің басты себептері арнайы стандарттар мен алгоритмдерді дұрыс қадағаламау, неонатологтардың жеткіліксіздігі, жоғары деңгейдегі білім мен біліктіліктің жетіспеуі, антибиотиктерді қабылдаудағы біржақты пікірдің дұрыс қалыптаспауы және тағы да басқалар болып отыр»

ЮНИСЕФ-тің қолдауымен Денсаулық сақтау министрлігі жүктіліктің 22-аптасы мен бала өмірге келгеннен кейінгі 7 тәулік аралығындағы  бала өліміне анализ жасаудың заманауи тәсілдерін іске асырмақ. Бұл тәсіл нәресте өліміне және оның  себептеріне жаңаша көзқараспен қарауға көмектеседі.

Болашақта ана мен бала денсаулығын жақсарту жолында  ЮНИСЕФ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен  және басқа да серіктестіктермен бірлесе жұмыс жасауды жалғастырмақ.

Бала өлімі көрсеткіштерін азайтып, оның мақсатты дәрежеге жетуіне қол жеткізу үшін жүктілікті бақылайтын және босану кезінде көмек көрсететін жоғары дәрежелі медицина мамандарының жеткілікті болуы шарт.

Сонымен қатар, иммунитетті көтеруге, баланы емшек сүтімен емізу және қолже­тімді дәрі-дәрмек, су тапшылығын азайту, санитарлық талаптарды сақтау секілді қа­жетті іс-шаралар да  қажет дейді ЮНИСЕФ өкілдері.

 

Жадыра Жақсытай

 

comments powered by HyperComments