Жеңсік асқа құмарлардың құрбаны

78 рет оқылды
0

Жер бетінде өмір сүретін әрбір тіршілік иесінің орны бар. Демек, жаратылыста басы артық нәрсе жоқ. Бірақ соны біле тұра бүкіл жанды, жансыз табиғатқа үстемдігін жүргізіп отырған адамзаттың кейде пиғылы бұзылып, пайданың соңына түсіп, жандыны да, жансызды да аямайтыны бар. Содан да болар, саналы адам баласы пайда болғалы бері табиғи апаттардан тыс, адамдардың қатыгездігінен жойылып кеткен өсімдіктер де, жануарлар да жүздеп, мыңдап саналады.

Жалпы, адамзат қоғамы парадокстарға толы. Бір жерде қадірлі нәрсе екінші бір жерде керексіз саналады. Сол секілді басқа бір елде қадірсіз нәрсе тағы бір елде таптырмас қазына. Мәселен, тасбақа… «Асты – тас, үсті – тас, ортасында шандыр бас» деп халқымыз кейпін сүйкімсіздеу суреттеп, балаларға арналған танымдық жұмбақтың шешуіне айналдырған осы бір жәндікті елімізде керек қылатындар жоқтың қасы еді. Кей жағдайда кәдесый құмар қауым үшін сауытынан күлсалғыш жасап жүретіндер болмаса, бұл күнге дейін тасбақаны бір кәдеге жарайды дейтіндер табылмайтын. Рас, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде етінен консерві жасау үшін Кеңес өкіметі тасбақаларды Арал теңізі маңындағы халыққа жинатқанын үлкен кісілер айтып отыратын. Сол кезде өкімет құмнан ұстап алынған тасбақаларды теңіз ортасындағы бір аралға жинатыпты. Бәленбай мың тіршілік иесі аштан өлсін бе, аралдағы өсімдік атаулыны түк қалдырмай жалмап, сол аралға кейін шөп шықпай қалыпты. Халық соны кейін «Тасбақа арал» деп атап кеткен екен. Бұл – тас сауыт құрсауында тіршілік кешетін жәндікті пайдалану тұрғысында бала кезімізде біз естіген жалғыз дерек болатын.

Алайда «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» демекші, бүгінгі дәуірде ештеңеге таңқалмайтын болып барамыз. Бұрын ойымызға келмейтін нәрселерді естіп, көріп-біліп жүрміз. Әйтпесе, негізінен құмды аймақтарда тірлік кешетін тасбақалар кәдеге асады, тіпті біреулер үшін пайданың көзіне айналады деп кім ойлаған?

Кәдеге асқанда да, тасбақа қып-қызыл ақшаға айналып, астыртын түрде шекара аса бастағанда жұрт әуелі «осы бір мақұлық кімге керек болды екен?» деп таңданса, кейін белгілі болғандай, АҚШ-та, Еуропаның бірқатар елдерінде, Қытайда көптеген мейрамханаларда тасбақаның етінен аса қымбат жеңсік ас дайындалады екен. Бұны білген соң айдаладан тасбақа аулап кеткендер көбейіп, айналасы бірер жылда күні кеше ешкімге керексіз саналатын жәндіктің қатары көрер көзге сиреп-ақ қалды. Өйткені дала тасбақалары Қазақстанның Қызыл кітабына кірмегендіктен оны жасырын жолмен аулау, сату кезінде ұсталған тұлғалар айыппұл төлеп қана құтылып жүрген-ді.

Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің Алтай республикасының полицейлері Қазақстаннан әкелінген бір жарым мың тасбақаны шекарадан өткізу кезінде ұстап, оның контрабандалық жолмен сыртқа шығарылып жатқанын анықтаған. «Бұл Ресейдің Барнаул, Новосибирск қалаларының тасбақа етінен сорпа жасайтын мейрамханаларының сұранысына орай әкетілген тасбақалар болуы мүмкін» дейді заң қызметкерлері. Тағы бірде 21 жасар қазақстандық жігіт бес жүз тасбақаны Ресейге жасырын алып бара жатқанда Шығыс Қазақстан облысында, Семейдің жанындағы «Байтанат» кеденінде ұсталып, айыппұл төлеуге мәжбүр болған.

Дегенмен Қазақстанда еті мен сауыты үшін көп ауланып, қатары сиреп қалған тұщы су тасбақасы мен құрлық тасбақасын Халық­аралық табиғатты қорғау одағы «Қызыл кітапқа» енгізді.

Құрғақты мекендейтін тасбақалар елімізде Оңтүстік Қазақстаннан бастап Каспий маңы, одан Алакөлге дейінгі аралықтағы құмды, сазды жерлерде, шөлді далаларда тіршілік етеді. Қыста ұйқыға кеткен тасбақалар көктемде бір-ақ ұйқысынан оянады. Олардың оянуы көкек айында құмды жерлерде қатты дауыл соғатын кезге сәйкес келеді. Соған орай халық тасбақалардың шығатын кезінде соғатын дауылды «Тасбақаның желі» деп атайды. Себебі қыс бойы ұйықтап, әлсіреп қалған тас сауытты жәндіктер үстіндегі топырақты сілкіп тастауға күші жетпей, орнынан қозғала алмай жатқанда жаңағы дауылдан жер құрғап, жарылып, олардың жер бетіне шығуына көмегі тиетін көрінеді.

Сауытының ұзындығы жиырма бес сантиметрге дейін жететін дала тасбақасы негізінен Орталық Азияда тіршілік кешеді. Сондықтан фаунасы ұқсас бұл елдерде дала тасбақасына қатысты проблемалар да ұқсас. Бұрын бізде тыйым салынбаған кезде дала тасбақасы азайып қалса, бүгінде соған ұқсас жағдай көрші елдерде қайталанып жатыр. Мысалы, Өзбекстанда кейінгі кезде осы тасбақа мәселесі айтарлықтай түйткілге айналып, экологтар дабыл көтеруде. Себебі оларда тасбақаны аулауға әл-әзір тыйым салына қоймаған сыңайлы. Соның себебінен болар, қазақ-өзбек шекарасында бір рет контрабандалық жолмен әкетіліп бара жатқан тасбақалар ұсталып, тәркіленді. Осыдан екі жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» бақылау-өткізу кеденінде Өзбекстаннан Қазақстанға өтіп бара жатқан өзбекстандық автокөліктен үш қап және бір қорапқа салынған 1955 дала тасбақасы тәркіленген. Оның алдында Украинада Өзбекстаннан шыққан пойыздан шекарашылар 250 тасбақаны тәркілеп, Харьков қаласындағы зообаққа тапсырған болатын.

Өзбекстанда күні бүгінге дейін тасбақаны экспорттауға тыйым салынбағаны себепті сауытты жәндікті аулап, шетке шығару жұмысы өте қарқынды жүруде. Мысалы Өзбекстаннан 2000 жылы 3500 тасбақаны алып кетсе, 2015 жылы оның саны 50 мыңға жеткен. Бұл орайда өзбек елінде тасбақаларды арнаулы питомниктерде өсіріп, олардың саны 2003 жылы 5 мың, 2015 жылы 45 мыңға жеткен. Өзбекстанда тасбақаның 14 түрі бар. Қазірде бұл елде бір дана тасбақа аулап сатқаны үшін ел азаматтарына 100 АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлету шарасы қолданылады. Дегенмен ел экологтары тасбақаларды сақтап қалу үшін ол жеткіліксіз, оны сыртқа шығаруға біржола тыйым салу туралы заң қабылдау керек деп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда табиғаттағы осы бір ерекше жәндіктің жойылып кетуінің алдын алған Қазақстан 2003 жылы, Тәжікстан 2009 жылдан бері өз аумақтарында тасбақа аулауға заңмен тыйым салып, олардың тіршілігін ерекше назарда ұстап келеді.

Әңгімеміз тасбақа туралы болғасын олардың түрлері, тіршілігі мен түйткілдері туралы да бірер сөз айта кету керек.

Жалпы әлемде тіршілік ететін тасбақалардың 12 тұқымдасқа жататын 250-ге жуық түрі бар деп есептеледі. Соның ішіндегі ең алыбы – терілі тасбақа деп аталатын түрі. Ол Атлант және Тынық мұхитында ары-бері жүзіп тіршілік етеді. Салмағы 300, кейде 500 келі тартатын, ұзындығы 180 сантиметрге жететін және екі ғасырдай өмір сүретін бұл тасбақалардың саны бір кезде 250 мыңға жетсе, бүгінде оншақты мыңы ғана қалыпты. Біраз уақытқа дейін тамақсыз тіршілік етуге төзімді бұл алып тасбақаларды теңізшілер кемеге салып алып жүріп, азық ететін болған. Соңғы үш ғасырда теңізшілердің бірнеше миллион тасбақаны жеп қойғаны туралы деректер бар.

Ал тасбақаның кейбір түрлерінің қырылуына адамның қатысы болмаған. Мысалы, Экваторға қарайтын Галапагосс аралдарының құрамындағы Пинсонда тіршілік ететін Піл тасбақа аталатын тасбақаның түрі түгелге жуық жоғалып кеткен. Оның ең соңғысы 2012 жылы 100 жыл жасап өлген екен. Алайда экологтар аралдағы тасбақа жұмыртқаларын жинап, сауытты жәндіктерді қайтадан көбейтуге қол жеткізген. Негізінде оның құруына Пинсонға ХІХ ғасырда әкелінген қара егеуқұйрықтар себепші болған екен. Енді аралдағы егеуқұйрықтар түгелімен жойылғаннан кейін Піл тасбақалары еркін көбеюге мүмкіндік алды.

Тасбақалардың түрлеріне қатысты да қызықты деректер аз емес. Соңғы кезде жоғарыда аталған Галапагосс аралдарында алып тасбақалардың жаңа түрлері табылған. Бұрын олардың бәрі бір түрге жатады деп есептелген, алайда ДНК сараптамасын жүргізу арқылы 250 тасбақаның өз алдына бір түр екені дәлелденді.

Ал Тынық мұхитындағы Соломон аралдарында жарық шашатын тасбақаның бір түрі байқалған. Тексере келгенде оның жойылуға жақын қалған бисса тасбақасы екені анықталған. Түнде суда жүзгенде қызылды-жасылды сәуле шашатын тасбақаның бұл қасиетінің сыры әзірге ашыла қойған жоқ. Белгілісі – тасбақаның бұл түрінің 90 пайызы құрып кеткен.

 

comments powered by HyperComments