Мұхтар Әлтаев: Баланың денсаулығы –ананың қолында

96 рет оқылды
0

Балалар церебралды сал ауруы – соңғы жылдары кең таралған аурулардың бірі болып отыр. Бұл ауру шала дамудың немесе онтогенезде мидың зақымдануынан пайда болады. Балалар церебралды сал ауруы әр түрлі қимыл-қозғалыс, психикалық және сөйлеудің бұзылуынан байқалады. Яғни, мұндай аурумен ауыратын балалардың сөйлеу, ойлау қабілеттері де төмен болмақ. Біз жақында «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығына барып, сал ауруына шалдыққан балаларды сауықтыру, емдеу әдістерін өз көзімізбен көріп қайттық. Дертінен қиналған бала мен баласы үшін жанын беруге дайын ананың көзіне тіке қарауға дәтіміз бармады. Олар «Біздің жанға батқан мұңды қайдан түсінесің?» дейтіндей. Әрине, «Басқа түссе баспақшыл» демекші, баласының сауығып кетуінен үмітті ананың жанарындағы жылт еткен үміт жігерлендірді. Көкейдегі сауалымызды «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары білікті педиатр Мұхтар Жақсыбайұлы Әлтаевқа қойған едік.

– Мұхтар Жақсыбайұлы, «Бал­бұ­­лақ» республикалық балалар­ды оңалту орталығының бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай?

– Жүйке жүйесі мен психикасы бұзылған балаларға арналған «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығы 1995 жылы сәуір айында «Бөбек» балалар қорының президенті С.А.Назарбаеваның бастамасымен ашылды. Орталықтың аяғынан тік тұруына алғашқы бас дәрігер, медицина ғылымдарының докторы Шолпан Бөлекбаеваның еңбегі зор. 12 жыл бойы орталықты басқарған маман жоқтан бар жасап, балаларға көмектесуге деген ыстық ықыласының арқасында бұрынғы балалар үйі бүгінгі заманауи оңалту орталығына айналды. ҚР Үкіметінің 1996 жылғы 26 маусымдағы №804 қаулысында «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығын құру туралы: «Орталық жүйке жүйелерi зақымданған балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсетудiң сапасын жақсарту, аталған кемiстiгi бар балалар үшiн қалпына келтiру емдеу қызметiн құру мақсатында ашылуы керек. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi «Балбұлақ» балалар санаторийiнiң базасында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiне 1996 жылғы республикалық бюджет бойынша оның ведомстволық бағыныстағы денсаулық сақтау мекемелерiн ұстауға арнап көзделген қаражат шегiнде 75 төсектiк неврологиялық бейiмдегi «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығын құрсын» делінген болатын. 75 орынның 15-і жағдайы ауыр балалардың ата-анасына арналған. Міне, содан бері орталық ең алдымен жүйке жүйесі, психикасы зақымданған, сондай-ақ, балалардың церебралдық сал ауруына (БЦС) шалдыққан балаларға қалтқысыз медициналық көмек ұсынып келеді. Одан бөлек ақылы қызмет те көрсетіледі. 21 жыл ішінде орталықта церебралдық сал дертіне шалдыққан 11 мыңнан астам бала емделіп, оның 268-і «Балбұлақ» қабырғасында алғашқы қадамын жасап, өз еркімен жүре бастады. Сондай-ақ, 180 бала отырып, 405 бала көмек арқылы жүре алды.

– Қазіргі кезде балалар арасында түрлі аурулар белең алуда. Әсіресе, соңғы кезде балалардың церебралдық сал ауруына шалдығу дерегі көп. Жалпы, бұл диагнозбен ауырған балаларда сауығып кету мүмкіндігі бар ма?   

– Рас, сал ауруымен сырқаттанған балалар жылдан жылға көбейіп барады. Бізде емделетін балалардың дені осы диагнозбен келеді. Кейде жүрегің шымырлап, тас төбеге шығатындай болады. Жылап-жылап, көзі бұлаудай болған ананың да халін түсінемін. Жаның ашиды. Амал нешік?! Олар біздің орталыққа кезекке тұрып, жыл сайын ем-дом алуға тырысады. Тіпті, сырқаты асқына қоймаған балалар аяқтан тік тұрып, жүріп те кетеді. Қатарынан алты жыл үзбей ем алып жүрген баланың апасы: «Немерем жүре алмайтын еді, сөйлей алмайтын еді. Қазір өзі жүреді, тіпті балалармен мектепке барады», – деп алғысын жаудырып кетті. Шын мәнінде, диагнозы ауыр бала біздің орталыққа бес-алты рет келгеннен-ақ жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Бәрі де аурудың жағдайына байланысты. Адамда сенім болуы керек. Егер ана баласының бойынан сол аурудың белгілерін ертерек байқаса, жазылып кетеді. Бүгінде республиканың түкпір-түкпіріндегі жүйке жүйесі өзгеріске ұшыраған, ми жұмысы бұзылған, кішкентай кезінде шошынып қалған, ақыл-ойы дамымай, тежелген балалар «Балбұлақ» орталығында емделу үшін кезекте тұр. Сенсеңіз, бір Оңтүстік Қазақстан облысында балалардың церебралдық сал ауруына (БЦС) шалдыққан 7 мың бала бар, ал Жамбыл облысында 4 мың, Алматы облысында 4 мың бала тіркеуде тұр. Оның көбі төрт-бес жылдап кезегін күтеді. 1 жастан 16 жасқа дейінгі неврология дертімен ауыратын балалар мемлекет есебінен тегін ем алады. 1 жастағы және жағдайы ауыр балалар міндетті түрде ата-анасымен осында жатады. Сондықтан жолдаманың көбін Оңтүстік Қазақстан өңірі алады. Астанадағы дәл осындай 340 орындық оңалту орталығына барғаннан гөрі, «Балбұлаққа» келгісі келетіндер көп. Себебі бізде мамандар әр балаға ерекше көңіл бөліп, әрқашан жанынан табылады. Оның үстіне қашықтығы жағынан Алматы оңтүстік өңір халқына жақын қала.

– Орталықтың ауласында атқа мініп жүрген балаларды көріп қалдық. Демек, мұнда иппотерапия әдісі бойынша да ем-дом жүргізіледі ғой.

– Баланы жетілдіру үшін мұнда логопед, психолог, әлеуметтік педагог, терапевт, невропатолог, дефектолог, монтессори-педагог сияқты бірнеше мамандар жұмылдырылған. Олар балалармен кешенді жұмыстар жүргізеді. Мәселен, дәрігерлер медициналық ем шараларын жасаса, әлеуметтік педагогтар баланың ой-өрісін дамытып, сезу мүшелерін жетілдіріп, яғни әрбір адам жасай білуі тиіс іс-әрекет жасауды үйретіп, баланы қоғамға бейімдейді. Ол үшін психологиялық тренингтер өткізіліп тұрады. Ал дәрігерлер әрбір науқастың ауруына байланысты диагноз қойып, сол бойынша жеке емдеу бағдарламасын жасайды. Балалар емдік дене шынықтыру, механотерапия, ультрадыбыс, электрофорез, гидропроцедуралар сияқты емдерді алады. Одан бөлек, балшықпен, озокеритпен емдеу және дәрілік шөптерге толтырылған емдік ванна қабылдайды. Кешенді оңалту жұмысы үш аспект бойынша жүзеге асырылады: медициналық оңалту; психологиялық-педагогикалық түзету; әлеуметтік бейімделу. Сондай-ақ, проприорецептивті түзету үшін емдік костюмдер; статистикалық параподиум ALREH; көпфункциональді үстел – «Мануалекс»; логопедиялық жаттықтыру құралы «Дельфа 142-1»; ультракүлгін фотоқараңғы және ақ сенсорлық бөлмелер; Монтессори кабинеті; ортез шеберханасы; аяқ-қол буындарын өңдеу үшін заманауи жаттықтыру құралдары (Артромат, Мотомед); «Гросс» жаттықтыру құралы; «ДАС-БОС» жүрек соғу ырғақтылығының бұзылуында тыныс алу бойынша кері биологиялық байланыс әдісі арқылы сөйлеуді түзету үшін логотерапиялық компьютерлік кешен; тырысқақ ауруын диагностикалау үшін бейнемониторингпен электроэнцефалография әдісі бар. Сол сияқты «Locostation» жаңа аппараты жұмыс істеп тұр. Бұл құрылғының өзі 4 млн теңге тұрады. Бұл жүре алмайтын балалардың аяғына кигізіліп, аппарат арқылы жүрудің имитациясын жасап, дұрыс жетілмеген буындарына жүру кезінде жасалатын әрекетті істетеді. Олардың бұлшық еттерінің даму барысын дәрігерлер аппаратқа бекітілген компьютерден бақылап, соған сәйкесінше жаттығу ауырлығын көбейтеді. Осының арқасында буындар жетілуін тоқтатпайды екен. Тағы бір ерекше емдеу тәсілі – иппотерапия. 2013 жылдан бері жылқы малының көмегімен емдеу түрі енгізілді. Негізі медициналық тұрғыда атпен емдеу тәсілі Қазақстан бойынша осы орталықта ғана. Өзіңіз байқағандай, аулада үйретілген екі ат бар. Екі инструктор баланы атқа мінгізіп, аяғының қимылдауына ықпал етеді. Мысалы, аяғы сырқаттанған бала атқа мініп, жарты сағаттай жүреді. Оның денесін тік ұстап, дұрыс отыруы қадағаланады. Бұлшық еттері қимылдайды. Ат адам бойындағы теріс энергияның бәрін сорып алады. Кейбір балалар бірінші рет отырғанда қорқуы мүмкін. Кейін қолдарын жоғары көтеріп, екі жағына созып, жаттығулар жасайды. Балалар жағдайына қарай бір жарым жастан бастап атқа отырады. Өйткені бұл балалар ерекше күтімді, қамқорлықты қажет етеді. Мұнда мамандар кемтар балалардың аяқ-қолына жаттығулар жасап, оның өздігінен қимылдауға үйренуіне, икемді болуына жағдай туғызады. Әрине, орталықтың көмек көрсету уақыты – 24 күн. Одан кейін кезек күткен басқа балалар келуі керек. Өйткені баласының аяқтан тұрып кетуіне осы орталықтың пайдасы тиетіндігіне сенген ата-ана қаншама?! Баласының ауыр халін көрген сайын олардың жүрегі сыздайды, аяқтан тұрғызу үшін көмек іздейді.

– Бүгінде оңалту орталығы бетпе-бет келіп отырған басты мәселе не? Заманауи медициналық құралдармен жабдықталу жағы қалай?

– 14 ауысыммен 24 күн сайын 60 баладан қабылданып отырса, бір жыл ішінде 840 бала ғана ем-дом алады. Ал елімізде біздің орталықтың көмегіне  мұқтаж мүгедек балалардың саны 80 мыңға жуық.  Демек, біздегі басты түйткіл – орталықтың аумағы тар. Бұрын бұл орталықтың орнында балабақша болған. Сондықтан да бөлмелері кішкентай. Алайда жері жеткілікті. Жанымызда іргетасы қаланған күйі қалған орын тұр. Егер осы ғимарат тұрғызылғанда жылына 840 емес, 1750 баланы емдеуге мүмкіндік туар еді. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігіне де айттық. Болашақта ескереді деген үмітіміз жоқ емес. Ал құрал-жабдыққа келсек, әрине кез келген дүние, құрал-жабдық ескіреді. Демеушілік танытып, қолұшын созып жатқандар бар. «Балбұлақ» оңалту орталығында пайдалануға берілген ортопедиялық костюмдер және тренажерлар жиынтықтарының әрқайсысының кішкентай пациенттерді диагностикалауда және комплексті түрде емдеуде маңызды орын алатыны сөзсіз. Сатып алған жиынтықтардың арасында «Нейрон-Спектр-Видео-4» құрылғысының нақты диагноз қоюға, тартылу белгілері мен эпилепсияны анықтауға және емдеуге көмегі зор. Сондай-ақ, «Гравитон», РК «Фаэтон» сияқты арнайы костюмдер омыртқаның барынша босаңсуын қамтамасыз етеді және баланың жүріс-тұрысының дұрысталуына көмектеседі, ең бастысы, бала бұл жағдайда өзін өте ыңғайлы сезінеді. «Mary Kay» компаниясының демеушілігімен «Бауыржан» қайырымдылық қорының 10 жылдық мерекесіне арналған «Әдемілік әлемді өзгертеді» атты қайырымдылық акциясының шеңберінде, медициналық және оңалту құрал-жабдықтарын арнайы емдеу орталықтары мен әлеуметтік мекемелерде орнату бағытында ұйымдастырылған шарада құрал-жабдықтарды таныстырудан басқа балаларға және қонақтарға арналған мерекелік шоу-бағдарлама және тосын-сыйлықтар даярланды. Бір кәсіпкер үнемі өзі автобус жалдап, балаларды «Арман» кинотеатрына апарып, көңілдерін бір серпілтіп қайтады. Жақында «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалына хат жазып едік, балаларға цирк қойылымы келді. Осылайша, шама-шарқымыз келгенше балалардың көңілін аулауға тырысып жатырмыз. Енді демеушілерге   өзіміздің жеке автобусымыз болса екен деген ұсынысымызды айттық. Соған қарамастан «Балбұлақ» орталығындағы оңалту барысы халықаралық үлгіге сәйкес жұмыс істейді. Орталық мамандары мүмкіндігі шектеулі балалардың өмірлік сапасын ұлғайту жолында еңбек етуде.

– Осы саланың басы-қасында жүр­ген маман ретінде зерттеп те көр­ген шығарсыз, соңғы кезде бала­лардың церебралдық сал ауруына жиі шалдығуының себебі неде?

– Оның түрлі себебі бар. Біріншіден, қазір бала тууға қабілетті аналардың денсаулығы төмен. Әсіресе, жүктілік кезең басталғанда дер кезінде тіркеуге тұрмай, анализдік сараптамаларды тапсырмай жүре беретін аналар көп. Иә, бұрын ауылды жерде тұратын аналарымыз мал бағып, сиыр сауып жүріп-ақ бала туа беретін. Ол заман мен бұл заманды салыстыруға келмейді. Біріншіден, экология нашар, екіншіден, азық етіп жүрген тамақтың құнары төмен, үшіншіден, жаңа технологияның дамыған уақытында радиоактивті сәулелердің кері әсері басым. Оның үстіне бүгін өмір сүру де қиындап кетті. Бәрі қымбат. Отбасының тапқан ақшасы біріне жетсе, екіншісіне жетпейді дегендей. Содан жүкті әйелде стресс пайда болады. Статистикалық мәліметке қарасақ, церебралдық сал ауруы көбінесе көпбалалы, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасында туған балаларда кездеседі екен. Сол сияқты бұрын жиі түсік жасатып, күтінбеген және қандай да бір инфекция жұқтырған аналар осындай патологиямен ұрпақ әкелуге бейім. Тағы бір себеп – екіқабат әйел қарапайым босану процесі кезінде акушер-гинекологтың нұсқауы бойынша әрекет етпесе, оның арты үлкен түйткілге ұласуы мүмкін. Мәселен, босану кезінде баланың басы қысылып қалса, нерв клеткаларына айтарлықтай зақым келеді. Міне, бұл да сал аурына ұшыратады. Бұдан бөлек шала туған нәрестені де дер кезінде арнайы дәрігерлердің тексеруінен өткізу керек. Қазір «Қауіпсіз босану», «Қауіпсіз ана болу» деген бағдарлама бар. Біз мұның аясында жаңадан ана болу бақытына ие болып жатқан әйелдерді әркез құлағдар етеміз. «Өмірге бала әкелдім…» деп үйде жата бермей бастапқы үш айдың ішінде толыққанды тексеруден өткеннің зияны жоқ. Бәлкім, сол кезде-ақ анализ сараптамасы арқылы аурудың алғашқы белгілері білінуі мүмкін, УЗИ құрылғысы арқылы анықталуы мүмкін.

– Соңғы кезде баласы церебралдық сал ауруына шалдыққан кейбір ата-аналар мұның себебін екпеден көреді. Бұған не дейсіз?

– Әрине, кез келген ана баласының дерттің ауыр түріне шалдыққанына сенгісі келмейді. Кейде сол дертке себепші өзі екенін де естен шығаратын сияқты. Көңілі қам ананың бетіне пәлен деп ештеңе айта алмайсың. Мұндай диагнозбен ауыратын балаларды бағу да, қарау да, емдеу де оңай емес. Отбасы құрар алдында баланы жоспарлау мәселесін басты орынға қою керек. 6-7 баласы бар көпбалалы аналарды демографияға үлес қосып жатыр дейміз. Солай да шығар. Алайда киерге киімі, ішерге тамағы жоқ отбасы 100 пайыз дені сау сәбиді өмірге әкеледі дегенге сену қиын. Бұрын демографиялық көрсеткішті көтеру үшін арнайы бағдарлама болды. Қазіргі жәрдемақыны неге жеткізе аласыз? Дені сау бала туу – үлкен уайым. Оның үстіне ер азаматтар арасында белсіздік белең алуда. 20 жасар жігіттердің өзінде белсіздік ауруы көп тіркелуде. Оған не себеп? Айналамыздың бәрі – электр толқындары, техника, ұялы телефон. Қысқасы, ғылыми-техникалық прогресстің дамуы да ағзаға зиян. Ал екпеге келсек, бұл уәждің де жаны бар. Көбінесе церебралдық сал ауруына полиомиелитке қарсы екпе шалдықтырады екен. Алайда ауру екпеден пайда болды деп кесіп айтуға да болмайды. Ол тек кері әсерін тигізуі мүмкін. Егер балада сол дерттің белгісі болса, екпе оны қозғап, асқындырады. Сондықтан екпеден де жаппай бас тартудың керегі жоқ. Қазір екпе салдырмаудың салдарынан айықпас дертке шалдығып жатқан балалар да көп.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

comments powered by HyperComments