Аңқау елге – алдамшы маклер

146 рет оқылды
0

Ала жіпті аттап, жұртты алдап-арбап, сан соқтырып кететін алаяқтардың қатары күн санап көбейіп барады. Алаяқтық жағдайлардың жиі тіркелгені былай тұрсын, мұндай теріс әрекеттердің түрлі әдіс-тәсілдері пайда болды соңғы уақытта. Талайды тақырға отырғызып кетуді кәсіп еткендер ғаламтор арқылы да, жалған құжат жасау арқылы да аңқауларды миллиондаған шығынға батыруда. «Кезексіз пәтер алып беремін», «банктен үлкен сомада несие алуға көмектесемін», «жер алуға жәрдемдесемін» деп уәдені үйіп-төгетін алаяқтар құрбандарын қақпанға тез түсіреді. Соңғы кездері елімізде алаяқтық қыл­мыстар тым жиілеп барады және қыл­мыскерлердің басым бөлігі нәзік жан­дылар қатарынан екені өзекті өртейді. «Жеңілдетілген несие алып беремін» деп тақырға отырғызып кететіндер де, «Тез арада баспаналы боласың» деп, аңғал жандардың қаржысын үптеп кететіндер де күн санап көбейе түсуде.

«Киви-әмиян» көмегіне жүгініп…

Алаяқтар алдау үшін түрлі айла-тәсілдер ойлап табады. Ығына жығылған кез келген адамның қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады. Олардың қалай алдайтынын да, құрығына қалай түскеніңді де аңғармайсың. Қазір алаяқтар өздерінің арам пиғылдарын ұялы телефон арқылы да жүзеге асырады. Мәселен кез келген адамға полиция қызметкері болып қоңырау шалып: «Ұлыңыз (жұбайыңыз, әкеңіз, бауырыңыз) қылмыс жасап, ұсталды, егер қазір ақша әкелсеңіз, істі жауып тастауға болады», – дейді. Ал жақынын жамандыққа қимайтын жандар қолындағы барын ешнәрсе сұрамастан алаяқтарға өз қолдарымен апарып береді. Әккілер көбіне әлеуметтік желілердегі ақпараттарды пайдаланады. Мұндай алаяқтарды табу да, қолға түсіру де қиын.

Сондай-ақ, ғаламтор арқылы банкомат карталарынан, төлем карталарынан ақша ұрлайтын алаяқтар да жетерлік. Түрлі хабарламалар бойынша сатып алушы немесе сатушы болып адамдардың банк карталарының деректерін біліп алып, есепшоттағы қаржыны арнайы кодтардың көмегімен оңай қолға түсіреді екен.

Ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық оқиғалар еліміздің барлық өңірлерінде тіркелуде. Жуырда Орал қаласының құқық қорғау органдары шаһарда ғаламтор алаяқтарының көбейіп кеткендігін айтып, дабыл қақты. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері шаһарда 620 дерек тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100 фактіге көп. Тәртіп сақшылары оңай олжаға кенелмек болған екі бірдей күдіктіні қолға түсірді. Сезікті өзі пәтер жалдай тұра, телефон қосымшасы арқылы оны басқа біреулерге ұзақ мерзімге қайта тапсырған. Ал 18 жастағы азаматша болса, «Инстаграмм» парақшасын ашып, сол арқылы балаларға арналған киім-кешек сатып келген екен. Тек бір айдың ішінде осындай жолмен ол 30-ға тарта азаматты сан соқтырып кеткен.

Көптеген азаматтар интернет желісіндегі несие алуға көмек беру немесе интернет дүкендерден тауар сатып алу жөніндегі хабарламаларға алданып, терминалмен «Киви-әмиян» арқылы қаржы аударады. Ал ақшаны алғаннан кейін қылмыскерлер бұрын жарияланған хабарландыруды жойып жібереді. Осылайша, азаматтар тапсырыс берілген тауарларын ала алмай және ақшасын қайтара алмай, алаяқтардың құрбанына айналады.

Қостанай облыстық ішкі істер басқармасы да ғаламтордағы алаяқтық фактілердің көбейгені туралы ескертеді. Мамыр және тамыз айларының аралығында облыс орталығының 12 тұрғыны «Колеса.кз» интернет сайтындағы жарнамаға сеніп, алданып қалған. Алаяқтар аталған сайтқа «көліктің қосалқы бөлшектерін арзан бағамен сатамын» деген хабарландырулар беріп отырған. Жарнамаға қызығушылық білдіргендердің сеніміне кіріп, қажетті тауар үшін алдын ала төлем жасауды талап еткен. Сөйтіп, қостанайлықтар олардың есеп шоттарына ақша аударған. Аңқаулық танытқан кісілерге тауар жақын арада жеткізіледі деп сендірген. Аталған мерзім аралығындағы шығын көлемі 1 млн 290 мың теңгеге жеткен.

Әдетте алаяқтар адамдардың жеңіл пайда табу, бір нәрсеге оңай әрі тез қол жеткізуді көздейтін қасиеттерін пайдаланады. Ал қарапайым адамдар мұндай алаяқтарға алданбаймын десе де, ондай жылпостардың қармағына қалай түсіп қалғандарын байқамай қалады. Қалай десек те, қазір қоғамда алаяқтардың жолы болып-ақ тұр. Дегенмен құлқынын көк қағаз тескен алаяқтар мұндай әрекеттің уақытша ғана алданыш екенін түсінуі тиіс. Ал халық арзан олжаға кенелеміз деп алаяқтың алақанына ақшаны салып беріп жатқанда бір сәт ойлануы қажет. Қазіргі қоғамда жанашырлық пен қамқорлық, сенім деген сезімдердің азайғанын ескерсек, әрбір адам өзі үшін, өзінің әрекеті үшін жауапты болғаны абзал.

Баспана да жоқ, қаражат та жоқ…

«Баспана алып беремін» деп талай жанды сан соқтырып кететін алаяқтар тіптен көп. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алу үшін кезекке тұрғандардың арасында пәтерге тезірек қол жеткізуді ойлайтындар аз емес. Осындайда «пәтер алып беруші» алаяқтар да көбейеді. «Кезегіңді жылжытып беремін» деген сөзге сеніп, қолындағы бар тапқанын алаяққа ұстатқандар қаншама. Мәселен, биылғы жылдың көктемінде Астана қаласында бір топ көпбалалы келіншек пәтер аламыз деп риэлторға бар жиған-терген ақшасын ұстатып, соңында далада қалған болатын. Алданған әйелдер риэлторды іздеп жұмысына барғанымен, алаяқ әйел алдына келгендерді маңына жуытпаған. Жәбірленушілердің айтуынша, үш жыл бұрын 10 адам Жақиянованың қолына 15 миллионнан астам теңгелерін санап берген. Ал риэлтор келіншек тұрғындарға арзан баспана алып беремін деп сендірген көрінеді. Құжат жүзінде келісім де болған екен. Алайда соңында жұрт пәтерсіз далада қаңғып қалған.

Сонымен қатар, Алматыда жалға алуға пәтер тауып беремін деп, ақырында жұртты сан соқтырып кететін маклерлер көбейген. Олар адамдарды алдаудың түрлі әдісін қолданады. Алаяқ риэлторлық агенттіктер жалған баға мен сурет арқылы жұртты қызықтырып, артынша алдап кететін болған. Пәтер жалға берілетіні туралы ғаламтордағы хабарландырулардың көбін қазір үй иелері емес, риэлторлық агенттіктер жариялайды. Сондықтан жұрт өзіне ұнаған пәтеріне тұру үшін, солардың қызметіне жүгінеді. Алайда хабарландыру жариялағандардың бәрі кәсіби риэлтор емес. Арасында алаяқтар көп.

Бүгінде Қарағандыда да жылжымайтын мүлік агенттігін ашып, тайраңдап жүргендерге тыйым болмай отыр. Мұндай мекемелердің көбі клиенттің қалтасындағы ақшасын «қағып» алған соң, істің соңын сиырқұйымшақтандырып жібереді. Бірер күнде сатып алатын немесе жалдайтын пәтер тауып береміз деп алдап соғады. Студенттер жазғы демалыстан қалаға қайтып, жаңа оқу жылының басталар уақытында оңай жолмен ақша тауып дәндеген агенттіктердің «айдарынан жел еседі». Агенттік өз уәдесін орындамаса да, тұтынушының ақшасын кері қайтаруға құлықсыз бола алады. Жылжымайтын мүлік агенттігін ашқандардың көбі бір жүйемен жұмыс жасайды. Фирма директоры бірнеше телефон нөмірлерін сатып алады. Кейін баспана іздеп келген жұртқа осы нөмірлер ұсынылады. Ал аталған нөмірлерге жауап беретін алдын ала дайындалған адамдар алдымен пәтері бар адамша бұлданып алады да, кейін тұтқаны мүлдем көтермейді. Агенттіктердің талайы осы жүйемен жұмыс істейді екен.

Бүгінде баспана төңірегіндегі мұндай оқиғалардың талайын мысал ретінде көрсетуге болады. Сондықтан мамандар пәтер сатып алғанда сақтық шарасын ескеру керектігін айтады. Мұндай қитұрқылықтарға мемлекеттік қызметкерлер де, ұйымдасқан қылмыстық топ та, тіпті, туыстары да баруы мүмкін. Бірі – қызметін пайдаланса, енді бірі – күш көрсетеді. Зорлық-зомбылық жасап, алдап-арбау тәсілі де кейде өз жемісін беріп жатады. Мақсат бір – пайда табу. Көздегеніне қол жеткізгендердің бірі – өзгенің баспанасын өздері иемденіп алса, кейбіреулер басқа біреуге сатып жіберіп, жеңіл жолмен қомақты табысқа кенеледі. Сонымен, баспана саудасындағы алаяқтық әрекеттердің түрлерін былайша топтастыруға болады.

Риэлторлық қызмет

Ауылдан қалаға нәпақасын табуға келген кез келген қазақ риэлтор қызметін әйтеуір бір пайдаланып көреді. Бұл кәсіп иелері адамның табаннан тозып пәтер іздеп шаршауына жол бермейтін ыңғайлы қызмет көрсеткенімен, қалтаңызды қағып алатыны тағы бар. Шындығына келгенде, бұл салада әлі реттелмеген, шешілмеген талай мәселе қордаланып қалған. Мемлекеттік есеп бойынша, Қазақстанда риэлторлық қызмет көрсететін 2 мыңнан астам компания бар. Ал оның 15-іне ғана ресми сертификат берілген. Аттестациядан өткен риэлтор мамандарының саны небары 200 ғана екен. Демек, қалған бірнеше мыңдаған риэлтор заңсыз ақша тауып жүр. Заңсыз ақша тауып жүрген риэлторлардың кейбірі қылмыстық әрекеттерге де барады. Мәселен, жыл басында Алматыда заңсыз риэлторлардан құралған ұйымдасқан қылмыстық топ зейнеткерлерді өлтіріп, пәтерлерін тартып алумен айналысқаны анықталды. Қала прокуратурасындағылардың мәліметінше, қылмыскерлер жалғызбасты зейнеткерлерді, нашақорларды және маскүнемдерді өлтірген. Қылмыскерлер олардың сеніміне кіріп, кейін өлтіріп, жылжымайтын мүлік құжаттарын алған соң өлтірілгендерге ұқсас азаматтарды тауып, пәтерлерді сатып отырған. Бас-аяғы төрт алматылық өлтірілген. Прокурорлар қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Сегіз адамға кісі өлтірді, алаяқтық жасады, ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған қатысты, тонады және құжат ұрлады деген айып тағылды.

Көршілес Ресейде қазір риэлторлық компаниялар өз еріктерімен сертификат алып, кәсіптерін сақтандыруда. Сонымен қатар, олар өзін-өзі реттеу заңнамасын талқыға салуда. АҚШ-та, Германияда, Канадада риэлторлықты реттеуге қатысты нақты талап қойылған. Ұлыбритания, Бельгия, Испания елдерінде де осындай қызмет нарығын реттеу қызметі ерекше назарға алынған. Сингапурде арнаулы тұрғын үй қоры бар. Әлеуметтік-демократиялық саясаттың нәтижесінде бұл қорда жинақтау жүйесі қалыптасқан. Ол бойынша әр жұмысшы баспаналы болуға құқылы. Яғни, жинақтау жүйесіне жұмысшылар өз жалақысынан ай сайын салым жасап отырады. Еуропа елдерінде жекеменшiк иесi сатуға бекiнген үйiн сатып алушыға өзi ұсынбай, риэлторлардың көмегiне жүгiнедi. Әрбiр сатылатын нысанда риэлторлық компанияның байланыс телефоны көрсетiледі. Демек, олар да ұсынылатын қызметтiң сапасына жауап беруi қажет.

Қалай айтсақ та, алаяқтардың саны күннен күнге көбейіп, қайсысы маман, қайсысы арамза алаяқ екенін айырудан қалып барамыз. Сондықтан бұл нарықта тек лицензиясы бар, кәсіби компаниялар қалуы тиіс. Әр ауданда немесе қалада қанша риэлтор болуы керек екені заңмен шектелгені жөн. Бұл салаға қатысты мамандардың да, заңгерлердің де пікірі біреу. Риэлтордың жұмысын заңмен реттеу керек! Мәселені басқалай жолмен шешу мүмкін емес.

comments powered by HyperComments