Табыстың кілті – білімде

76 рет оқылды
0

Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында адами капиталдың сапасын арттыру аясында «Жоғары оқу орындарында білім беру сапасын жақсарту» тақырыбында аймақтық жоғары оқу орындарының ректорлары және профессор оқытушылар құрамымен кездесу өтті. 

«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы бұл шараны Елбасы Н.Назарбаевтың биыл Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: ЖаҺандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы адами капитал сапасын жақсартуға байланысты алға қойған міндеттерді шешуде жоғары оқу орындары қызметін жақсарту мақсатындағы міндеттерді талқылау мақсатымен ұйымдастырды.

Партияның облыстық филиалы­ төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасовтың айтуынша, әлемдегі кез келген ұлттың алдында тұрған ұлы міндеттің бірі де бірегейі – салауатты да саналы ұрпақ тәрбиелеу.

– Салауатты да табысты болудың алтын кілті білім екенін әрқайсысымыз жандүниемізбен терең сезінгеніміз жөн. Ұлттық басты ұстанымдарымыздың ең жоғарғы сатысында әрдайым білім тұрса, ешқашан өркениет көшінен қалмайтынымыз белгілі. Осы орайда, Елбасы тарапынан білім беру саласына жаңа, заманауи міндеттер жүктелген. Оны сіздер мен біз нақтылап алып, орындауымыз қажет, – деді Нұрмахан Жолдасов.

Филология ғылымдарының кандидаты Эльмира Оразбаева «Жаңартылған білім беру мазмұны – болашақтағы сапалы білім кепілі» тақырыбында сөз сөйледі.

– Қазақстанның бәсекеге қабілетті және инновациялық экономикасын қалыптастыруда адам капиталы мен оның негізгі құрамдас бөлігі – жоғары білім сапасы маңызды рөл атқарады. Адам капиталы – жинақталған білім, кәсіптік қасиеттер, дағдылар мен адам ресурстарын тәрбиелеу түрінде дамыған елдердегі құндылықтардың 80 пайызға дейін жететін елдің ұлттық байлығы. Бұл – бүгінгі жиынның маңыздылығы мен өзектілігін білдіреді, – деп атап өтті ол.

– Адамдарға, олардың ақыл-ойына және денсаулығына – физикалық және рухани дамуына жасалған барлық инвестициялар – мемлекет пен қоғам үшін тиімді, – деп атап өтті білім ордасының ректоры, облыстық мәслихат депутаты Оңалбай Аяшев.

Жиын барысында жоғары оқу орындарының ректорлары, оқытушылары, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауындағы адами капитал сапасын жақсарту жолындағы жұмыстар жоғары оқу орындарына үлкен міндет жүктеп, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейе түсетінін, білікті мамандар дайындауға ерекше көңіл аударылатынына баса назар аударды. Осы бағытта жоғары оқу орындарында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, алдағы міндеттер нақтыланды.

comments powered by HyperComments