Талап – тез әрі сапалы қызмет

71 рет оқылды
0

Бүгінде еліміздегі мемлекеттік қызметтердің барлығы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Құжат рәсімдеу жұмыстарының сапалы әрі уақтылы атқарылуы үшін байыпты бақылаудың болуы маңызды. Сондықтан халыққа қызмет көрсететін орындардың жұмысы «Нұр Отан» партиясының бақылауынан сырт қалған емес.

Апта басында партияның Ақтөбе облыстық филиалы халыққа қызмет көрсету орталықтарын аралады. Партиялық бақылау жүргізгендер бірқатар қиындықтарға кезіккен. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлі де ғимаратқа кіру алаңдатады. «Олар үшін ерекше қызмет түрі ұсынылады» деп көрсетілгенімен, арнайы аппараттар істен шыққан.

Халыққа қызмет көрсету сапасын тексеруге шыққан жауапты мамандар бар қызмет түрлерін өздері пайдаланып көруге тырысты. Бірақ қиындық көп, кедергілер жиі кезікті. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында өткен жиын кезінде Ақтөбе қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының бір адамға 20-25 минут қызмет көрсететіні айтылды.

«Тексеру жұмыстары ай сайын жүргізіледі. Біз қарапайым халыққа сапалы қызмет көрсету жолын қолдаймыз. Кез келген адам өзі қалаған уақытта құжат рәсімдеу жұмысының дер кезінде аяқталғанын күтеді. Арнайы мамандар да сол қызметті еш кедергісіз атқаруы керек. Сын айтылған кезде түзетулер енгізіліп жатыр, бірақ кемшіліктер бар. Мәселен Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, адами факторларға кезіктік. Мұнда әлі де мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалмаған. Орталықта кезек толастамайды. Бос үстелдер бар. Неге жұмыс істемейтінін сұрап білген кезде, техникалық үзіліс секілді себептерді жиі айтады. Мұның бәрін бір ізге келтіріп, мейлінше тез әрі сапалы қызмет көрсетуге міндеттеу – біздің жұмысымыз», – деді партияның Сайлауалды бағдарламасының «Мемлекеттік қызметтер көрсету» бағыты бойынша партиялық кураторы Амангелді Есіркепов.

Ақтөбе облысы бойынша жергілікті атқарушы органдар 3 миллионнан астам қызмет көрсеткен. Көбі әлі де болса, істі электронды жолмен емес, қағаз жүзінде атқарғанды қалайды. Қазіргі есеп бойынша 80 пайыздан астамы алыс-беріс қағазын сұратып, жіберіп отырған. «Мемлекеттік қызметтер көрсету саласында қызмет көрсетілу мерзімдерінің сақталуы маңызды. Өңірде мемлекеттік қызметтердің көрсетілу мерзімдерін бұзу жыл өткен сайын өсіп келеді. Егер 2015 жылы олардың саны 42 болса, 2016 жылы 96-ға дейін жетті. Осы жылдың 9 айында 57 бұзушылық анықталды», – деді Ақтөбе облысы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің басшысы Ж.Алдашев.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын тексеру жан-жақты жүргізілді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы Қайыржан Тоқышевтің айтуынша, үш айлық тексеру кезінде мамандар 37 мемлекеттік органға барды. Онда 50 кемшілік анықталды. Мемлекеттік қызметті алу барысында мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалмаған, мүгедектерге арналған аппараттар техникалық талаптарға сай келмеген. Сонымен қатар ақпараттық тақтайшалар болмады, мамандардың кеңес беру сапасы төмен, кейде олар жұмыс орнында болмай шықты. Кейбір мекемеде арыз-шағымға арналған жәшіктер табылмады. Қазіргі кезде барлық кемшілік жойылды.

Алматы облысындағы нұротандықтар да халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын тұрақты түрде бақылап отырады. Жуырда «Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалының ұйымдастыруымен жергілікті мәслихат депутаттары мен бастауыш партия ұйымы мүшелерінен жасақталған ақпараттық-насихат тобы, аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымымен кездесіп, Елбасы Жолдауының жүзеге асырылу барысын түсіндірді әрі орталық жұмысының нәтижелерімен танысты.

Жолдаудың негізгі басымдықтары, Елбасының мемлекеттік органдар алдына қойған маңызды міндеттері мен даму бағыттары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жасалынып жатқан жұмыстар сөз етілді.

«Нұр Отан» партиясы Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова: «Партия филиалының бүгінгі мақсаты – латын әліпбиіне көшу жұмысын сөз жүзінде емес, нақты қолға алынуына барынша ықпал ету. Қазірдің өзінде аудандық партия филиалы бұл бастаманың жұмыс жоспарын әзірлеу үстінде. Барлықтарыңызды ел болашағының бекемдігі мен халықтың рухани бірлігін қамтамасыз етуге бағытталған мақсатты іске атсалысуға шақырамын», – деп латын әліпбиіне көшудің маңызына тоқталды.

Облыстық мәслихат депутаты, партия белсендісі Данияр Нұрбаев Елбасының бағдарламалық мақаласын аудан тұрғындары арасында кеңінен насихатталуына қатысты бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына үлкен міндет жүктелетіндігіне назар аударды. Біз әр ұжымда Елбасы бастамаларын дұрыс түсіндіріп қана қоймай, іс жүзінде атқарылып жатқан жұмыстар жайында да нақты ақпараттар беруіміз қажет. Қазіргі жаңа жобалардың жүзеге асуы, киелі жерлердің картасын жасау, латын әліпбиіне көшудің алғышарттарын жасау мәселесі күн тәртібіндегі өзекті де өткір мәселе, – деді Данияр Молдиярұлы.

– Халыққа мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Бір терезе» қағидасы бойынша Халыққа қызмет көрсету орталықтарын құру Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 18 ақпандағы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты Жолдауын орындау аясында іске асырылды. Содан бергі мерзімде азаматтарды тұрғылықты мекенжайға тіркеу, уақытша тіркеу бойынша 19 821 азаматқа қызмет көрсетілсе, құжаттандырылған азаматтар саны – 91 644. Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы 26 425 адамға кеңес берілген және басқа да қызметтер көрсетілді. Біріктірілген кәсіпорындарға ХҚКО қолданысындағы қызмет көрсету мониторингі мен сапасын бағалаудың жаңа құралдарын пайдалану, СМС хабар жіберу, кедергісіз қызмет көрсету, кезекті брондау сервисі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Қазпошта» АҚ-мен бірлесіп дайын құжаттарды үйге жеткізу қызметін іске қостық, – деді аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Марлан Нұрбеков.

Кездесу барысында ұжым қызметкерлері «100 жаңа есім», «100 оқулық» жобалары жайында сұрақтар қойып, соған қатысты толық жауап алды.

comments powered by HyperComments