Төрт түлікке тіксіне қарайтындар

160 рет оқылды
0

Мал шаруашылығының ең беделді саласы – ветеринария. Орыстың атақты ғалымы, ветеринария саласының негізін қалаушы академик Константин Скрябиннің «Медицина адамды емдейтін болса, ветеринария адамзатты емдейді» деген сөзі де осыны дәлелдейді.

Ветеринар – «өлмейтін» мамандық

Мектеп бітірушілер арасындағы мамандық таңдау маңызды мәселе екені белгілі. Ал ветеринария саласында мамандардың жетіспеушілігі де осы мамандық таңдаудан бастау алады. Өйткені жастар аса қадірлі саналмаса да, «өлмейтін» мамандықтар бар екеніне көңіл аудара қоймайды. Сол «өлмейтін» мамандықтардың бірі – ветеринар. Егер қалада тұратын мықты маман болса, бұл қызмет – табысты жұмыс кепілі. Тіпті, дәулетті өмір сүруге мүмкіндік береді десек артық айтқандық болмас. Үй жануарларын асырағысы келетін қала тұрғындары көбейген сайын, бұл мамандыққа сұраныс та арта бермек. Егер қызығушылық болса, таңдауыңды тамаша табысқа айналдыра аласың.

Еліміздегі жоғарғы оқу орындарының 12-сі ветеринар-маман  даярлайды. Жыл сайын мемлекет 630-640-қа жуық грант бөледі. Ал  оқуды бітіргендер жаппай жұмысқа тұра ма?  Ауыл-аймақтарда ветеринар  жетіспеушілігі неге жойылмай отыр? Басты себеп біреу: жоғары оқу орындарында ветеринар мамандығына оқитындардың 80 пайызы қыз балалар. Білім грантын жеңіп алатын ер балалар мүлдем аз. Ал қала көрген, тырнақ бояп, тыртитып джинсы киген шырайлылар ауылға барып, мал дәрігері болып, жұмыс істей қояды дегенге ешкім сене қоймас, сірә! Шаруашылықтардың қорасына кіргенде қорыққаннан шыққан шыңғырған дауысы жеті қат көкке жетіп, құлақ жарғағын жарар, әсілі.

Шындығында, бұл мамандық қоғамда көп бағаланбайды. Мүмкін,  қандай да бір маркетингтік жарнамалардың жоқтығынан болар. Бұл сала әлемдегі алдыңғы қатарлы елдерде жоғары санатқа ие. АҚШ,  Канада, Аустралия сынды мемлекеттерде ветеринардың табысы 5-6 мың доллардан 10-15  мың долларға дейін. Ал Қазақстанда бұл мамандықтың беделі төмен. Әрі айлық еңбекақысы ең төмен санаттағы сала болып есептеледі. Сондықтан тек бағдарламаларға ғана иек  артпай, жастарды қызықтыра білу қажет. Алматыда үй жануарын, әсіресе,  ит пен мысық ұстайтындар көп. Сол себепті барлық үй жануарын есепке алу тәртібі ерекше қолға алынған. Тіпті, 1 шілдеден  тегін чиптеу жұмысы басталыпты. Жыл аяғына дейін жалғасатын жұмысқа  73 миллион теңге қарастырылған. Бұл Алматыдағы ит пен мысық санын   анықтауға мүмкіндік бермек. Ал оларды бақылап отыратын ветеринарларға сұраныс арта түсетіні айтпаса да түсінікті.

Елімізде жыл сайын 500-600 жас түлек ветеринар мамандығын алып шығады. Статистикаға сүйенсек, олардың 30 пайызы ғана кәсібі бойынша  жұмысқа орналасады және небәрі 3-4 пайызы ауылдық жерде еңбек етеді. Соның салдарынан ауылдағы мал дәрігерлерінің дені 50-ден асқан егде адамдар, сонау кеңес заманында білім алып, колхоз-совхоздарда жұмыс істегендер. Төрт түлікті ескі жүйе бойынша емдеп  үйренген олар министрлік енгізген жаңа ветеринарлық технологияларды оңай игеріп кете алмай жүр. Сондықтан олардың  орнын бүгінгі заман талабына сай деңгейде білім алған жастар алмастыруы тиіс. Жас маманның ауылға аттап аяқ баспауының басты себебі – жалақының аздығы. Одан әрі қарай баспананың жоқтығы және ауылдағы мәдени өмірдің қалыс қалғандығы сияқты түйткілдер тізіле береді. Ең бастысы, мемлекеттік білім гранты бойынша оқыған жас мамандардың білім алуына мемлекет қыруар қаржысын шығындайды. Бірақ олар мамандық бойынша қызмет етуге құлықсыз. Сондықтан мемлекет есебінен білім алған түлектерге заң бойынша жауапкершілік пен міндеттеме жүктеу қажет дейтіндер көп елімізде. Мұндай ұсынысты ауыл шаруашылығы саласының мамандары қос қолдап қолдаған болатын.

Мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі ветеринария саласының дамуына айтарлықтай кедергі болып отыр. Бір кездегі жақсы дамыған мал дәрігерлік бақылаудың келмеске кеткендігі, ал бұл жүйені бұрынғы қалпына келтіру үшін біраз қаржы және мамандарды қайтадан дайындау керектігі уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Ауылды жерлерде осы жұмысты жүргізетін бесаспап мамандар жоқтың қасы. Егер малдың жұқпалы аурулары бір немесе бірнеше шаруа қожалықтарында байқалатын болса, бүкіл аудандағы мал шаруашылығына қауіп төнетін болады. Себебі мал дәрігерлерінің жұмысы жүйесіз жүргізілуде, егетін дәрілер аз. Мәселен, еліміздің бірқатар өңірлерінде аусыл ауруы аяқ астынан пайда болғанда мал ұстаған шаруалар қатты абдырап, шарасыз боп қалды. Соның салдарынан қаншама үйдің малы босқа қырылды.

Уақыт талабына сай ауылды, соның ішінде малшаруашылығын дамытамыз десек, алдымен мал дәрігерін даярлау, оның мәртебесін көтеру, мал дәрігерлік қызметтің материалдық базасын нығайту, ветеринарлық зертханалар ашу мәселесі назардан тыс қалмауы тиіс. Өйткені баяғы сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын көбейту, отар-отар қойды өріске толтыру осы мал дәрігерлерінің қолында дейді мамандар.

Халықаралық талаптарға сәйкес пе?

Ежелден мал шаруашылығымен шұғылданған халқымыз амандық-саулықты «Мал-жан аман ба?» деп алдымен малды сұраудан бастайды. «Мал қайғысы – жан қайғысы» дегенді де күнкөрісін малдан айырған қазақ айтқан.  Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауында ветеринария саласын халықаралық стандартқа көшіру керектігін айтады. Себебі тұрақты эпизоотиялық жағдай еліміздің ауылшаруашылық саласының экспорттық әлеуетін дамытудың негізі саналатыны сөзсіз. Мал ауруларының адам денсаулығы үшін қауіпті екені бәрімізге мәлім. Сондықтан оның алдын алудың маңызы өте зор. Ең маңызды мәселелердің бірі – ветеринария жүйесінің халықаралық талаптарға сәйкестендірілуі. Бірақ шетелдің технологиясын қысқа уақыттың ішінде өмірге, өндіріске енгізе салу, әсіресе, мал шаруашылығында мүмкін емес. Жоғарыдағы талаптарды алғашқыда ұйымдасқан ірі шаруа қожалықтарының малдарына, отырықшы мал шаруашылығы барлардан бастап енгізген жөн.

Рас, қазір ауыл шаруашылығына құйылып жатқан қаржы қисапсыз. Бірақ төрт түліктің тамырын басып, жем-шөбін дайындап, өнімін қадағалайтын маманның қаттығы ол миллиардтарды құмға құйған судай етті. Себебі мал шаруашылығында ветеринария мамандарының орны алабөтен. Түліктің өсімі, жұқпалы індеттен адалығы, өнім ретінде пайдаланылуы тікелей осы мамандарға тіреліп тұр. Мал шаруашылығы ветеринарға жарымайынша, жағдай оңалмасы тағы анық.

 

 

comments powered by HyperComments