Шетелде босануды бедел санап…

280 рет оқылды
0

Елімізде перзентхана төңірегінде теріс пікір қалыптаса бастағаны өкінішті. Соңғы жылдары кейбір перзентханада нәрестенің жоғалуы мен ашықтан-ашық бала сату жиіледі. Түрлі себептермен ана мен бала денсаулығына зиян келіп, сәби өлімінің тіркелуі де азаймай тұр.

Атырау облысы, Индер ауданының тұрғыны Гүлдана Жекенова перзентханада дәрігерлердің салғырттығынан көз жұмды. Қаңтар айында перзентханаға өзі келген анаға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегендіктен, ана мен сәби өлім құшқан. Перзентхана дәрігерлері Жанар Дәуітова, Назгүл Мұханбетқалиева және акушер Ақмарал Сембиева 32 жасар тұрғынның қазасына кінәлі деп айыпталып, ақ халаттылар кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін шартты түрде сотталып, Гүлдананың жары мен артында қалған үш баласына 10 миллион теңге көлемінде өтем­ақы төлеп берді. Ал былтыр Алматы облысы, Қаскелең перзентханасында 27 шақалақ дүние есігін ашпай жатып өмірмен қош айтысса, облыс бойынша 372 нәресте шетінеген. Үшемнің бірінен айырылған Айгүл Ысқақова баласының өліміне дәрігерлерді кінәлаған еді. Оның айтуынша, нәресте жатқан вакуум ашық қалған, сәбиін соңғы рет көргенде ерні көгеріп жатқан. Неліктен ашық тұрғанын дәрігерлер түсіндіре алмады. Дәл осы перзентханада аман-есен туған баласы шетінеген ана да дәрігерлерге жаза тағайындауды сұраған. Алайда дәрігерлер екі жағдайда да әйелдердің өздерін кінәлады. Қарасай аудандық ауруханасының директоры Сәуле Сауранбаеваның айтуынша, босанған әйелдің бірі ауру болса, екіншісі пәтерде тұрады екен. Осы оқиғаға байланысты алты дәрігер жұмыстан шеттетілді. Бала өлімінің өтемі – сөгіс қана ма? Мұндай жағдайларда дәрігерлер бар кінәні анаға жауып, өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетеді.  Сараптама да, тергеу жұмыстары да науқастардың сөзін растай алмайды. Неге? Отандық медицина олқылықтарының бірі осы. Мәселен, дамыған мемлекеттерде әйелге жеке палата беріледі. Перзентханадан шығарылғанша ері немесе туысы қасында қалуына болады. Жаңа туған нәресте анасына бірден берілмейді, арнайы палатада медбикелердің қарауында болады. Бұл ана күтіміне айтарлықтай сеп. Ал Қазақстанда бала бірден ананың құшағына беріліп, шақалақтың күтімі есін енді ғана жиған немесе есін жия алмай, шалықтап жатқан анасына тапсырылады. Баланың жағдайын мұқият бақылап отыратындай аналардың медициналық білімі жоқ. Шақалақтың жағдайы нашарласа, медбике шақырғаннан басқа қолынан ештеңе келмейді.

Көзін ашқанда көргені – жемқорлық

Перзентхананы жайлаған жемқорлық өз алдына бөлек әңгіме. Перзентхана табалдырығын аттаған аналардың барлығы мұны өз көзімен көрген десек, артық айтқандық емес. Баланы аман-есен босану үшін, акушердің қолы жеңіл болу үшін тиын-тебен, ең аяғы перзентханадан шыққанда көрімдік алатын медбикелер бар. Мемлекеттік мекемелердің барлығында осы дәстүр қалыптасқан. Алматы қаласындағы перзентханалардың бірінде босанған Мақпалдың айтуынша, алдын ала келіссең, акушер 20 мың теңге алады. Егер толғақ кезінде перзентханаға келіп, сол жерде келіссең, 10 мың теңге дәметеді. Ана мен баланы перзентханадан шығарып салу үшін медбикелер таласып та қалатын көрінеді. Өйткені шығарып алуға келгендерден міндетті түрде көрімдік сұрайды. Бұл да перзентхана бизнесі. Қалай десек те, осынау қазақы әдет-ғұрыпты тамырымен жою мүмкін емес. Ең бастысы, Қазақстанда соңғы жылдары күрт өркендеген өрескел әрі арсыз сауданың түбіріне де балта шабу мүмкін болмай тұр.

Ол – бала саудасы.  Жуырда қылмыстық жауапкершілікке тартылған оңтүстікқазақстандық дәрігерлер перзентхананы бала сататын мекемеге айналдырған. Атап айтқанда, Шымкенттегі №1 перинаталдық орталықта бала сатқан алты дәрігер жауапқа тартылып, алды 5 жылдан темір торға тоғытылды. Олар баласынан бас тартқысы келетін арсыз әйелдермен алдын-ала келісіп, перзентханаға жалған құжатпен жатқызатын болған. АХАЖ бөліміндегі таныстары арқылы баланы сатып алушыларға оп-оңай рәсімдеп, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Астана қалаларына жөнелтіп отырған.

Ал жақында Шымкент қаласында босанған Айжан Кенжетайқызы нәрестесінен перзентханада-ақ айырылды. Ине салғаннан шетінеген сәбиді жерлеу үшін үйге әкелгенде мәйіттің алмасып кеткенін көреді. Ұл баланың орнына, қыз баланың мәйітін беріп жіберген дәрігерлер істің-мән жайын түсіндіре алмады. Тізе берсек, жабық есік артына жасырған жайттар көп.

Үздіктер рейтингісі не дейді? 

Қазір елімізде адам өмірі де саудаға салынып, дүние есігін жаңа ашқан сәбилер мен ананың жан қиналысы еленбейтін сияқты. Босанған әйелдердің  көпшілігінің перзентхана туралы пікірі оңды емес. Десек те статистика ең үздік және ең нашар перзентхананы анықтап берді.

Ең әуелі рейтинг қалай жасалады? Жоғары категориялы дәрігерлердің үлесі, мерзімсіз ауруханаға жатқызу көрсеткіші есепке алынады. Ана өлімі мен перинаталды өлімнің алдын алу, босанғанда акушерлер кесірінен болатын жарақаттың жиілігі, сонымен қатар науқастардың шағымы да ескерілетін болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің қорытындысы бойынша, 2016 жылы республикада үш перзентхана үздік деп танылды. Бірінші орында – Алматы қаласындағы «Перинаталогия және бала хирургиясы орталығы», Астана қаласындағы «№3 перинаталды орталық» және Қарағанды облысындағы «Аймақтық акушер-гинекологиялық орталық». Ал екінші орын алты перзентханаға бұйырыпты. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы №5, №1, №2 қалалық перзентхана, Қостанай облысындағы Рудный перинаталды орталығы және БҚО қалалық перзентхана мен Алматы облысындағы Есік перзентханасы.

Еліміздегі ең нашар перзентхана – Шығыс Қазақстандағы Семей қаласының №2 және №3 перинаталды орталығы.

Аталмыш рейтингке республикадағы 29 перинаталды орталық енген. Мұның барлығы мемлекеттік медициналық мекемелер. Мұның сыртында ақылы перинаталды орталықтар да бар. Pandaland ана мен балаларға арналған порталдың сауалнамасы бойынша, еліміздегі ең үздік перзентхана – Алматы қаласындағы ақылы орталықтар. Әлбетте, ақылы орталыққа баруға кез келген ананың жағдайы жоқ. Керек десеңіз, мемлекеттік мекемелердің де ақылы бөлімі бар. Кейбір аналар алдын ала қауіптеніп, аман-есен босану үшін ақылы қызметке жүгінеді. Мысалы, Алматы қаласындағы №5 перзентхананың ақылы бөлімі – 100 мың теңге. Тегін қызметтен айырмашылығы анаға жеке палата беріледі, келушілер еркін кіріп-шыға алады. Ең бастысы, жеке акушер беріледі. Мысалы, Алматы қаласының айы-күні жеткен Ақерке есімді тұрғыны ақылы қызметке келісіп қойған. «Перинаталогия және балалар кардиохирургиясы орталығының дәрігерімен келісіп қойдым. Шамамен 500 доллар қолына ұстатамыз. Акушер өзі босандырады, екі адамдық палатаға жатқызады, күйеуім бірге кіреді. Тегін қызметке барудан тартынған себебім, «сақтықта қорлық жоқ» дейді. 30-ға келгенде алғашқы баламды босанғалы отырмын. Сондықтан білікті мамандардың қолына түскім келеді», – деді ол.

Бұл перзентхана кадрларын қайта қарау қажеттілігін тудырады. Көп жағдайда акушердің аздығынан баланың іште шетінеуі, баланы асығыс босандырып, зақым келуі, кейде тіпті босанғаннан кейін қараусыз қалдыруы қайғылы жағдайға душар етеді. Жалпы айтқанда, перзентханаларда медициналық қызмет көрсету сапасы көңілдегідей емес.

Қоғам қайраткері Аружан Саин кезінде жантүршігерлік статистиканы жариялаған еді. «Еліміздегі сал аурына шалдыққан балалардың тең жартысы сау туылып, кейіннен ғана диагноз қойылған», – дейді Аружан Саин. Церебралды сал ауруына шалдыққан балалардың көпшілігі дәрігерлердің қателігінен, босану кезінде омыртқа зақымдануынан дертті болады.  Нақты мысал келтірер болсақ, қорға көмек сұрай келген 187 баланың 69-ының дені сау болған, іште жақсы дамыған, тек дәрігерлердің қателігінен мүгедек болған. Міне, осындай статистикадан кейін көпшілік шамасы келсе шетелге, ақылы бөлімге асығады.

Шетелде босану сән бе екен? 

Соңғы жылдары қалтасы қалың отандастарымыз шетелде босануды сәнге айналдырғандай. Олардың ішінде шетелде білім алған, жұмыс істеген отандастар да бар. Десе де босану үшін арнайы алыс сапарға шыққан нақты мысалдар жетерлік. Олардың көбі Канада мен АҚШ-қа барады. Мысалы, әнші Лидо үш баласын Құрама Штаттарда босанған. Ең таңданарлығы, босану қауіпсіздігі мен бала туу бойынша жасалған халықаралық рейтингтерде АҚШ үздік ондық тұрмақ, жиырмалыққа да енбейді. Айталық, Save the children қайырымдылық ұйымының бүкіләлемдік рейтингісінде АҚШ босану қауіпсіздігі, бала өлімі, ана күтімі бойынша 33-орынға тұрақтаған. Ал Қазақстан осы рейтингте 58-орында.

Таяуда Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева перзентхана мен ауруханаларды біріктіру жобасының қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме жалпақ жұрттың, әсіресе аналардың наразылығын тудырды. Перзентханалар да түрлі сынақтың нысанына айналғаны ма?

comments powered by HyperComments