Кәсiпкерлікке – кең қолдау

/  488 рет оқылды
0

 

Оңтүстік Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде дамып келеді. Оған жыл сайын жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтардың арта түскені дәлел. Алайда кәсіпкерлер мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып жүр ме? Кертартпалық кедергілерге ұшырап, аяқтан шалу әрекеттеріне ұрынбай ма?

ОҚО кәсiпкерлер палатасының директоры Асқар Әбубәкiров кәсiпкерлер палатасының өткен жылы атқарған негiзгi жұмыстарына тоқтала келе, бұл ұйымның ең алдымен кәсiпкерлер құқығын қорғау мақсатында құрылғанын тiлге тиек еткен еді. Бүгінде осы бағытта бірқатар шаруалар атқарылғанын төмендегі мәліметтен анық аңғаруға болады. Айталық, былтыр палатаға 309 кәсiпкерлiк субъектiсiнен өтiнiш-шағымдар келiп түскен. Соның 128-i кәсiпкерлер пайдасына шешiлдi. Нәтижесiнде 677 млн теңге үнемделдi. Ал палата жаныдағы ОҚО кәсiпкерлер құқығын қорғау жөнiнде кеңестің де көтерер жүгі ауыр. Оның құрамына ҚР Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаттары, қоғам қайраткерлерi және облысқа белгiлi заңгерлер кiредi. Бүгiнге дейiн кеңестiң 11 отырысы өтсе, онда 34 мәселе қаралып, оның 23-i оң нәтижемен шешілді.

Сондай-ақ, палата әкiмшiлiк кедергiлердi азайту, кәсiпкерлерге қаржылай емес қолдау көрсету, өңiрлiк даму картасын әзiрлеу және адами капиталды дамыту бағыттары бойынша да жүйелi жұмыс жүргiзiп келедi. Палата директорының айтуынша, үстiмiздегi жылдың 2 айында шағын және орта бизнес субъектiлерi өз құқықтарын қорғауға қатысты 109 шағым түсiрген. 44 кәсiпкердiң өтiнiшi қанағаттандырылып, нәтижесiнде 157 млн теңге үнемделдi. Қалған өтiнiштердi қарау жалғасып жатыр. Палатаның мемлекеттiк орган және табиғи монополия субъектiлерiмен бiрлесiп байланыс топтарын құрғаны да белгілі. Бұл жоба кәсiпкерлер тарапынан келiп түсетiн өтiнiш, арыз-шағымдардың кейінге шегерілмей, дер кезінде шешім табуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алыныпты.

Бұл ретте Өңiрлiк кәсiпкерлер палатасының бастамасымен Қазақстан Республикасының бiрқатар заңдары мен нормативтiк-құқықтық актiлерiне толықтырулар мен өзгерiстер енгiзiлдi. Айталық, ҚР «Табиғи монополиялар және реттелетiн нарықтар туралы» Заңына инженерлiк желiлердiң электронды картасын жасауды мiндеттейтiн жаңа ереже қосылды. Палата әкiмшiлiк кедергiлердi азайту бағытында облыстық прокуратурамен бiрлесiп арнайы жоспар түздi. Осының аясында көрсетiлетiн мемлекеттiк қызметтердiң және рұқсат беру құжаттарын алудың тәртiптiк жүйесi сарапқа салынды. Зерттеулер нәтижесiнде әкiмшiлiк кедергiлер негiзiнен жер пайдалану құқығын иелену және кәсiпкерлiк нысандар салу тұрғысында орын алатыны анықталды. Осы мәселе бойынша прокуратура аудан, қалаларда тексеру жұмыстарын жүргiзiп, 3 мыңнан аса кәсiпкердiң құқығы бұзылғандығы жөнiнде деректер ашылды. «Бизнестiң жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында палатаның өзiнде және аймақтардағы филиалдарында кәсiпкерлерге «бiр терезе» қағидасы бойынша консалтингтiк қызмет көрсетемiз. Мәселен, былтыр 6191 адам кәсiпкерлер палатасынан келiп кеңес сұрады. Сондай-ақ, екiншi деңгейлi банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы 726 жобаны 3,402 млн теңгеге қаржыландыруға мұрындық болдық», – дедi А.Әбубәкiров.

Ал облыстық прокуратурада 2014 жылдан берi облыс аумағында кәсiпкерлiктi дамыту үшiн мемлекеттiк қолдау шараларын iске асыру барысында заңдылықтың сақталу жағдайына жүргiзiлген талдау нәтижесi бойынша алқа мәжiлiсiн өткізді. Облыс прокуроры И.Иманов төрағалық еткен мәжiлiске облыс әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаев, ОҚО бойынша мемлекеттiк кiрiстер департаментiнiң басшысы А.Үмбетәлиев, «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ төрағасының орынбасары Қ.Жантөреева және бiрқатар құзырлы мекеме басшылары қатысты.

Облыстық прокуратураның сараптама-талдау жүргiзуi барысында соңғы екi жарым жылда облысымызда кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында барлық қаржыландыру көздерiнен 16 885 жобаны iске асыруға жалпы 143,3 млрд теңге бөлiнгенi белгiлi. Шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін өңiрде 11 индустриалды аймақ құрылған болатын.

Сонымен қатар кәсiпкерлiк мектептерi арқылы мемлекет есебiнен бiлiм алғандардың 10 пайызы өз бизнесiн ашқан. Атап айтқанда, соңғы екi жылда 8181 жеке тұлға тегiн оқытылған.

Кез келген саланың ілгері басуына кедергі келтіретін кемшін тұстары бар. Сол сияқты кәсіпкерлікті де ә дегеннен дөңгелетіп әкету оңай іс емес. Ал Ең бастысы, Елбасының бастамасымен кәсiпкерлiктi дамыту үшiн мiндеттерi барынша ашық заңнамалық негiз құрылып, экономиканы бюрократиясыздандыру және әкiмшiлiк кедергiлердi жою мәселелерi өз нәтижесін беріп жатқанын айта кеткен жөн.

 

comments powered by HyperComments