Қағаз үйіндісіне көмілген ұстаз кемел білім бере ала ма?

1 015 рет оқылды
0

Бүгін – халықаралық сауаттандыру күні. Бұл атаулы күнді ЮНЕСКО 1965 жылы 8 қыркүйекте Тегеранда өткен Білім министрлерінің  Бүкіләлемдік сауатсыздықты жою жөніндегі конференциясының ұсынысы бойынша енгізді. ЮНЕСКО дерегіне сүйенсек, бүгінде   әлемде  774  миллиондай    адам,  яғни  әрбір бесінші  ересек  не жаза, не оқи алмайды және  75  миллион   бала    мектеп   жүйесінен тыс  қалып отыр. Сондықтан өрендеріміздің орта біліммен толық қамтылғанына шүкірлік еткен жөн. Сауаттылық деңгейі жөнінен әлем бойынша 177 елдің арасында 14-орында тұрған Қазақстан азаматтарының көзі ашықтығы – таңнан қара кешке дейін күнін мектепте өткізетін аяулы ұстаздардың арқасы. Бірақ соңғы уақытта мұғалім болғысы келетіндердің қатары сиреп барады. Білікті педагогтардың тапшылығы ауылда ғана емес, қалада да айқын аңғарыла бастады.

«Жастар педагогикалық мамандықтарға барғысы жоқ»

 

Жаңа оқу жылы басталар алдында БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер ел мектептерінде балаларды оқытатын мұғалімдердің жетіспей жатқанын жасырмай айтты. Қай ата-ана болсын, ұлы мен қызы тәжірибелі маманнан тәлім алғанын қалайды. Алайда министрлік кәсіби деңгейі жоғары педагогтар тапшылығын шеше алмай отыр. Әсіресе, елордадағы жаңадан салынған мектептерге жоғары білімді, тәжірибелі мұғалімдер ауадай қажет.

«Педогогикалық мамандықтарды таңдайтын талапкерлер өте аз. «Алтын белгі» иегерлері мұғалімдікке мүлдем бармайды. ҰБТ-дан жоғары балл жинағандар көбіне химия, физика, бизнес, құқық факультеттеріне барады. Сондықтан елімізде мұғалімнің саны аз. Оқуды енді ғана бітіріп келген жас мамандар бар. Біз оларды да жұмысқа алуға тиіспіз. Екінші санатты мұғалімдер бар. Оларды да білім беру ісіне тарту керек. Ауылдан келді, сырттай оқыды деп, кейбір мектеп директорлары ондай мамандарды жолатқысы келмейді. Бірақ мұғалімдер жетіспей жатқандықтан амалсыз жұмыс береді», – дейді Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева.

Білікті ұстаз тек елордада ғана тапшы емес. Еліміздегі барлық мектептер жоғары санаттағы ұстазға зәру. Өйткені тәжірибелі мұғалімдердің басым бөлігінің жасы 60-тан асып, зейнеткерлік демалысқа шығып жатыр. Ал министрліктегілердің айтуынша, жас мамандардың өзін қайта тәрбиелеу керек.

Ақтөбедегі білім саласына жауаптылар да білікті маманға зәруміз деп дабыл қағуда. Әсіресе, қаланың орыстілді мектептерінде мұғалім тапшы. Биыл Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен гуманитарлық колледж түлектерінің есебінен шаһар мектептері 50 жас маманмен толықты. Дегенмен қаланың орыстілді мектептерінде бастауыш сыныптың мұғалімдері және физика пәнінің оқытушылары жетіспейді. Ақтөбе қалалық білім бөлімі мамандар тапшылығын бос орындар жәрмеңкесі есебінен шешуге тырысып көрген, алайда мектептерде бос тұрған 15 орынның тек 5-еуіне ғана сұранысқа сай маман табылды.

Бастауыш сынып мұғалімдері Павлодар облысында да қат болып тұр. Сондай-ақ, өңірде математика, ағылшын тілі пәндерін оқытатын білікті мамандар тапшы. Бұл туралы тамыз айының соңында облыс әкімдігінде өткен жиын барысында білім беру басқармасының басшысы Бақыт Бексейітова мәлім етті. «2016 жылы жас мамандарды жұмыс орындарына бөлудің нәтижесінде облыс мектептеріне 520 педагог жіберілді. Олардың 220-сы 15-тамызға дейін жолдама бойынша жұмысқа кірісіп кеткен. Дегенмен жастардың 20 пайызға жуығы отбасын құруына немесе әрі қарай магистратурада білімін жалғастыруына байланысты келе алмайды. Бұған қоса, биыл Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтын бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша 18 адам ғана бітірген. Әдетте, бұл мәселе бос орындарға зейнеткер педагогтарды жұмылдыру және мұғалімдер арасында оқу жүктемесін қайта бөлу, педагогикалық колледждердің студенттерін қабылдау арқылы шешімін табады. Сондай-ақ, математика бойынша кадр тапшылығын шешу мақсатында Қарағанды, Семей қалаларында бос жұмыс орын жәрмеңкелеріне қатыстық», – дейді Бақыт Бексейітова.

Павлодар облысында білім беру ісін шебер ұйымдастыра білетін білікті басшыға зәру мектептер де жетерлік. Облыстық білім басқармасы ұсынған мәліметке сүйенсек, бүгінде аймақта мектеп директоры лауазымына 25-ке жуық бос орын бар. Атап айтқанда, Качир ауданының Жасқайрат, Тегістік ауылдарында, Шарбақты ауданының Чигиринская, Володарская, Назаровская, Успен ауданының Қаратай, Ковалевская және Май ауданының Малайсары, Абай мектептерінде директорлар тағайындалмаған. Аталған тоғыз білім беру мекемесіндегі бос орындар ұзақ мерзімді болып есептеледі.

«Біз жас мамандармен еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерін қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондықтан әрбір аудан бойынша қанша маман керек екенін және алдағы үш жылда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында қажет қаражатты анықтап, өтініш беру керек», – дейді облыс әкімі Болат Бақауов.

Ұстаздан ақша аяу – ұят

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының: «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектеп сондай болады. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептің балалары білімді болып шығады. Солай болған соң ең әуелі мектепке керегі – білім, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», – деген сөзі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Алайда мұғалімнің қоғамдағы қадірі бәз баяғы қалпында дей алмаймыз. Ұстазды сыйлауды ұмытқан ұл-қыздың, қит етсе кінәні мұғалімнен іздейтін ата-ананың көбеюі, жүрек қалауымен педагог болғысы келетін жастардың күрт азаюы бұл мамандықтың бұрынғы мәртебесін жоғалтқанын айғақтаса керек.

Мұғалім деген аяулы кәсіптің қадірі қашқанын қанша жылдан бері шәкірт тәрбиелеп жүрген тәжірибелі ұстаздардың өздері де мойындайды. Сұрасаңыз, оның себебін де санамалап беруге бар. Ең әуелі, ауызға жалақы жыры ілінеді. Дамыған елдерде мұғалімдер ең қалталы маман иелері саналады, бірақ бізде ұстаздар қауымының айлығы шайлығына жетпейтіні жасырын емес. Мәселен, Ресейлік ұстаздардың орташа жалақысы 100-120 мың теңге болса, Қытай педагогтары ай сайын 265 мың теңге көлемінде алады. АҚШ-тағы мұғалімдерге 1 100 000 теңге, германиялық ұстаздарға 1 млн 276 мың теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінде білікті педагогтарға 1 млн 590 мың жалақы төленеді. Ал Қазақстандағы мұғалімдердің орташа жалақысы – небәрі 80 мың теңге. Оның өзі көп мұғалімге арман. Жыл басында жалақылары көбейді дегеннің өзінде, жоғары білімді, жоғары санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар ұстаз толық жүктемеге 78 мың теңге алады. Ал жоғары білімді, 1-санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар мұғалімнің жалақысы 72 мың теңгенің айналасында. Білімі жоғары, 2-санатты, 10 жыл еңбек өтілі бар мұғалім 68-69 мың теңгені місе тұтуға мәжбүр. Бұл толыққанды өмір сүруге, еш алаңдамай, бар назарын балаларды оқыту мен тәрбиелеуге бөлуге мүмкіндік тудыра ала ма? Мұғалімдеріне жоғары жалақы тағайындалған мемлекеттерде оқытушылардың біліктілігі де, білім сапасы да жоғары болатынын көз көріп, құлақ естіп жүр. Тіпті, мысалды алыстан іздемей-ақ, еліміздегі Назарбаев зияткерлік мектебін тілге тиек етуге болады. Ондағы оқытушыларының жалақысы қарапайым мектеп мұғалімінен, кемінде, 2 есе артық. Бұл мектептерде мұғалімнің алаңдамай білім мен тәрбие ісімен айналысуына қолайлы жағдайлар жасалған. Сәйкесінше берілетін білімнің сапасы да жоғары.

Дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің мұғалімі Аятжан Ахметжанның айтуынша, мұғалімнің орындайтын жұмысы алатын айлығынан бірнеше есе көп: 45 минутқа созылатын 5 немесе 6 сабақтан кейін оқушылар дәптерін тексеру, келесі күннің сабақ жоспарын жазу, сынып журналын толтыру, оған министрлік, білім басқармасы, жергілікті әкімдік сұрататын бума-бума қағаздарды қосыңыз. Аятжан Ахметжан есеп-қисабы түзу мұғалімнің ғана білікті деп мойындалатынын біледі. Сондықтан атқарған һәм атқаратын жұмыстарын, өзінің және шәкірттерінің аузынан шыққан әрбір сөзді қағып алып, қағазға түсіріп отырады екен. Әйтпесе, еткен еңбегі еш болуы мүмкін.

Шәкірттің жеткен жетістігі үшін мұғалімің еңбегі елеп-ескерілмейтіні тағы бар. Аятжан ұстаздың 7 шәкірті облыстық, екеуі республикалық, бірі халықаралық олимпиадада жүлдегер болған екен. Бірақ мақтау естіп, марапат алып көрмепті. «Дайындаған атлеті биіктен көрінсе, спорт бапкерлеріне долларды 100 мыңдап ұстатып жатады. Ал біздің оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиадаларда жетістікке жетсе, ары кетсе мектеп директорын құттықтайды. Болды. Мұғалім адыра қалады. Алып жүрген жалақымыз онсыз да мардымсыз, істейтін жұмысымыз шаш-етектен. Мұғалімде қандай ынта болуы мүмкін? Ұстаздарының азып-тозып жүргенін көрген жастар мұғалімдік жолды қалай таңдасын?», – дейді Аятжан Ахметжан.

Ұстаз – жалтақ, бала – өктем

 Жастардың педагог болудан қашқақтауының тағы бір себебі – білім беру жүйесіндегі толассыз реформалар. Жыл сайын жаңалық енгізуді парыз деп санайтын министрлік білім ордаларының оны игеріп үлгермейтінін қаперге алғысы жоқ. Әрине, жаңалыққа құмарлық, тыңнан жол салу, соны технологиялар мен әдістер енгізудің жөні бөлек. Алайда реформаны үсті-үстіне төпелету, өзгеріске дайындықсыз кірісу – білім көкжиегін кеңейтетін жол емес. Керісінше, отандық білімнің берекесін қашыра бастағандай. 12 жылдық білім беру жүйесі деп жырлап келе жатқанымызға пәлен жылдың жүзі болды. Әне енгіземіз, міне енгіземіз деп жүргенде оқушылардың талай буыны алмасып үлгерді. Бірақ оның мәнісін министрліктегі санаулы маман ғана түсінетін тәрізді, тәжірибелі мұғалімдердің өзі бұл жүйені жіктеп-жіліктеп бере алмайды. Өйткені ұстаздардың жаңашылдыққа үйренер уақыттары жоқ. Қағаздардың ортасында сүрініп-қабынып әлі жүр. Алысқа бармай-ақ, үйіңіздегі ұстаз анаңыз, әкеңіз немесе аға-әпкелеріңізге қараңыз. Таңертең кетеді, кешке бума-бума қағазын арқалап әрең жетеді. Жұмыста үлгермегенін үйде жазады. Тексеріс келеді дегенде күндіз күлкі жоқ, түнде ұйқы жоқ. Сондағысы – қағаз түгел болса болды. Құжаттары талапқа сай болмаса, оқыған-тоқығаны көп, тәжірибесі мол ұстаздың өзі – біліксіз. Бұл еліміздегі барлық мектепке ортақ заңдылық. Сондықтан жаңа стандарттар туралы айтпас бұрын мектепті ескіліктің сарқыншағынан, мұғалімді қағаздың үйіндісінен арашалаған жөн.

Мұғалім мәртебесінің төмендеуіне әсер ететін факторлар туралы сөз болғанда баласын бетінен қақпай, «сенікі – заң» деп тәрбиелейтін ата-аналар жайлы айтпай кетуге болмас. Үйдегі еркелігін мектепте келгенде де тыя алмайтын оқушылар көп. Баланың көзін ашсам, көкірегін оятсам деп жанталасып жүрген мұғалім кейде шектен тыс есіріп кететін ұл-қыздың алдында қауқарсыз. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» екенін білсе де, ештеңе істей алмайды. Саусағының ұшы тисе – басы дауға қалды деген сөз. Ата-ана шағым айтып келсе, мектептің абыройын ойлаған директор мұғалімді оқушыға жығып беруі мүмкін. Мұны білетін тентектер сабақ үстінде ойларына келгенін істейді. Мәселен, өткен жылы «Youtube» видеожелісінде еліміздегі мектептердің бірінде түсірілген көргенсіз видео жарияланған еді. Сапасы нашар болса да, видеодан жоғары сыныпта оқитын зіңгіттей үш бозбаланың мұғалімді жабыла мазақ еткенін анық көресіз. Бірі қолын, бірі аяғын ербеңдетіп, енді бірі қылқындыруға әрекеттенген адамша мұғалімнің мойнына жармасқан. Рингте жүргендей жұдырықтарын оқытушыға кезек-кезек сілтеген оқушылар бұл әрекеттеріне қысылып-қымсынбайды. Керісінше, сабақ үстіндегі қалыпты құбылыс санайтын сияқты. Қимылдары тым еркін. Мұғалімді «қарсы шабуылға» шақыратынын қайтесің? Күлкі ошағына айналған әйел қолындағы жалғыз дәптермен қорғанып әлек. Партада отырып, тақта алдындағы «тамашаны» қызықтаған оқушылар да бұзақы сыныптастарына «қой» демейді. Қызы да, ұлы да қосыла қуаттап отыр. Сабақ өтпес үшін «спектакльдің» ұзаққа созылғанын қалайтын секілді.

«Youtube»-та көрілім саны бойынша жарысқа түсетін бейнероликтер арасынан бұл видео оқ бойы озып шықты. Бұқаралық ақпарат құралдары шулап қоя берді. Бірі есі кеткен оқушыларды, бірі өзін сыйлата алмаған мұғалімді кінәлады. Көрдіңіз бе, деңгейіміздің қаншалықты құлдырап кеткенін. Мәселенің себебін анықтап, салдарымен күресудің орнына екінің бірін мақтап, бірін даттаудан әрі аса алмаймыз.

Қазаққа бауырлас ел – Түркияда ата-аналар ұстаздарға өз балаларын «Сүйегі – менікі, еті – сенікі» деп тапсырады. Егер оқушы киімін түймелемей келе жатқанда алдынан мұғалім шықса, құрмет ретінде киімін түймелеу керек деп есептейді. Ал кейде бастауыш мектеп бітіргендер бұрынғы ұстаздарына алғыс ретінде олардың қолдарын сүйеді. Бұл елде қалыптасқан тағы бір түсінік бар: егер ата-ана мен ұстаз арасы жақсы болса, баланың оқуы жеңілдейді. Сол себептен де, ата-аналар ұстаздарды демалыс күндері үйлеріне арнайы асқа шақырып, мереке күндері балаларынан сыйлық беріп жіберетін көрінеді.

Ұстаздың ұлылығын айғақтайтын тағы бір мысал. Александр Македонский жорықтан оралғанда ең әуелі ұстазына, одан кейін ғана ата-анасына сәлем беруге баратын көрінеді. Мұның сырын сұрағандарға: «Ата-анам менің аспаннан жерге түсуіме, дүниеге келуіме себепкер. Ал, ұстазым жерден аспанға, яғни жәннатқа кіруіме себепші» деген екен.

«Ғалым да, шахтер да бас иетін» ұстаз дейтін аяулы кәсіп иелеріне құрметіміз сый-сыяпатпен өлшенбейді, әрине. Үйреткенін көкейімізге тоқып, бергенін кәдемізге жарата алсақ, жақсы атына кір келтірмесек, олар үшін одан биік марапат жоқ. Еліміздің ертеңі – саналы ұрпақ дейтін болсақ, олардың бойына білім дәнін себетін бағбан – мұғалімнің мәртебесін төмендетпейікші!..

comments powered by HyperComments