1-сыныпқа баратын 380 мың балаға бірыңғай оқулық толық жете ме?

2 046 рет оқылды
0
????????????????????????????????????

 

Бір аптадан кейін оқушылар қайтадан мектеп партасына жайғасады. Өңірлердегі білім басқармаларының деректеріне сүйенсек, барлық білім ошақтары жаңа оқу жылын бастауға сақадай сай тұр. Білім және ғылым министрлігі де жұртшылықты жаңа оқу жылындағы өзгерістермен таныстырды. Жыл сайын дауға ұласатын оқулық мәселесі де оң шешімін тапқан көрінеді. Министрліктің хабарлауынша, биылғы оқу жылында оқулық жетіспеушілігі мүлдем орын алмайды.

«Оқулықтар 100 пайыз жеткізілмек»

ҚР Білім және ғылым министрлігі еліміздің барлық мектептеріне оқулықтардың 25 тамызға дейін жеткізілетіндігін мәлімдеген болатын. Биыл бірінші сыныптың барлық оқушылары 5 күндік оқыту жүйесіне көшіріліп, жаңа бағдарламаның негізінде білім ала бастайды. Қалған сыныптар бес күндік оқу бағдарламасына 2019 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіріледі. Елдегі мектептерде білім берудің жаңартылған бағдарламасына кезең-кезеңмен көшу процесі аясында 1-сынып үшін жаңа оқулықтар жасалды. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, мектеп оқушылары барлық деңгейде бірыңғай базалық оқулықпен қамтамасыз етіледі. Осының арқасында әр өңірде әртүрлі оқулықпен оқыту мүлдем жойылады. «Бірінші сыныпта бір оқулықпен оқытылып, оның інісі келесі жылы сыныпқа келгенде басқа оқулықпен оқытылатын жағдай болмайды. Республикамызда бірыңғай базалық оқулық қалыптасады», – деді министр Ерлан Сағадиев.

Ал бірінші сыныпқа арналған жаңа бағдарламаға негізделген оқулықтарды министрлік бекіткен он шақты баспа шығарды. Олардың ішінде «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Бөбек», «Express Publishing» секілді баспалар бар. Министрліктің пәрмені бойынша, 1-16 тамыз аралығында оқулықтардың бәрі өңірлерге жеткізілуі тиіс. Ал облыстық білім беру басқармалары мен баспалардың арасында арнайы келісімшарт жасалған. Сол келісімшарттың негізінде баспалар 16 тамызға дейін аймақтарға оқулықты жеткізуге міндетті. Ары қарай басқармалар 25 тамызға дейін барлық мектептерді оқулықпен қамтамасыз етуі керек. Биылғы жылы тек бірінші сынып оқушылары ғана жаңартылған бағдарламамен басылған оқулықтармен оқитын болады. Биыл 1-сыныпқа 380 мыңнан астам оқушы қабылданатын болса, олардың барлығы оқулықтан таршылық көрмейді деген уәде беріп отыр Білім және ғылым министрлігі.

Қазір Білім және ғылым министрлігі оқулықтардың жөнелтілуі мен жеткізілуіне күнделікті мониторинг жүргізуде. Бұған дейін мамыр айында еліміздің бас ұстазы Ерлан Сағадиев министрлікке қарасты Білім және ғылым саласындағы бақылау және Ғылым комитеттеріне баспалардың іс-әрекетіне, сатып алуларға және оқулықтарды жеткізуге күнделікті мониторинг жүргізуді, оның қорытындысын әр үш күн сайын министрге хабарлап отыруды тапсырған еді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Әйгерім Әлібекова: «Баспалар мен жергілікті атқарушы органдардың мәліметтеріне сәйкес, оқулықтарды жөнелту және жеткізу 20 тамызда аяқталады. Соған орай 25 тамызға дейін барлық мектептерге оқу-әдістемелік кешендер мен оқулықтар толық көлемде жеткізіледі. Оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету процесі кестеге сәйкес жүргізілуде», – деді.

Қазір Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау облыстарына, Астана мен Алматы қалаларына оқулықтар 100 пайыз жеткізілді. Жалпы, республика бойынша мектептердің оқулықтар және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етілуі 90 пайызды құрайды. «Үнемі талқылау нысанына айналатын тақырып оқулықтар мен олардың сапасына қатысты. Тақырып өте өзекті және бәрімізге де жақын. Себебі балаларымыздың жақсы да сапалы оқығандығын барлығымыз да қалаймыз. Бұл мәселені шешу де біздің басты назарымызда. Биыл 1-сыныптың барлық оқушылары бірыңғай базалық оқулықпен оқитын болады. Бұл оқулықтарды әзірлеу барысында бұрын айтылған кемшіліктердің барлығы ескерілді», – деп отыр ҚР Премьер-министрінің орынбасары Дариға Назарбаева.

Аймақтар алда келеді

Биылғы жылы ата-аналар жылдағыдай қара базардан балаларына оқулық іздеп сенделмеуі керек. Министрлік уәдесінде тұратын болса, мектеп оқушылары оқулықтың тапшылығын сезінбеуі тиіс. Әзірге барлық өңірлерге оқулықтар жеткізілуде, облыстық білім басқармалары оқулықтарды үлестіру жұмыстарын жүйелі түрде қолға алған. Мәселен, 2016-2017 оқу жылында жалпы мектеп оқушыларын оқулықпен қамтуға Атырау облысының жергілікті бюджетінен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу және тасымалдауға қомақты қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 13 баспамен, яғни «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Бөбек», «Шикула», «Макмиллан», «Сатр», «Арман-ПВ», «Келешек», «Білім», «Edu Streem», «Interpress Ctg», «Полиграф олимп» сияқты баспалармен келісімшарт жасалды. 1-сынып оқулықтары бойынша «Алматы кітап», «Атамұра», «Мектеп», «Бөбек», «Express Publishing» баспаларымен келісімшарт жасалды. Келісімшарт бойынша оқулықтар қала, аудандарға келуде. Облыстық Білім беру басқармасы басшысының айтуына қарағанда, облыс бойынша мектеп пәндері бойынша оқулықтардан тапшылық жоқ көрінеді.

Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 2014-2015 оқу жылында 1, 10-сынып оқушыларының оқулықтары түгелденген. Былтыр оқулыққа деп бюджеттен 1 млрд 385 млн 535 мың теңге бөлiнiп, оған 2, 9-сынып оқушыларының оқулықтары алынған. 2016–2017 оқу жылына 8-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiне, 4-сыныптың ағылшын тiлi мен 9-сыныптың дiнтану оқулықтарына, 1-сыныптың жаңартылған мазмұндағы оқулықтары мен оқу-әдiстемелiк кешендерiне тапсырыс берiліп отыр. Биыл мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету үшін бюджеттен барлығы 2 млрд 717 млн 450 мың теңге бөлiнді. Оның 2 млрд 662 млн 326 мың теңгесi оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешендерiн сатып алуға жұмсалcа, 55 млн 124 мың теңгесi оқулықтарды жеткiзiп беру iсiне және тасымалдауға жұмсалады.

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысының мектептерi «Атамұра», «Мектеп», «Арман-ПВ», «Алматыкiтап», «Бiлiм», «Жазушы», «Келешек – 2030», «Интер-Пресс», «Кэмбридж», «САТР», «Бөбек», «Географиялық Республикалық атаулы мектеп», «Express Publishing», «8 & 8», «Macmillan», «Астана-Кiтап», «Полиграфия-Олимп» – барлығы 17 баспамен келiсiмшартқа отырған.

Ақмола облысында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары басталып кетті. Биылғы жылы мектеп оқушыларын кітаптармен қамтамасыз ету үшін облыстық бюджеттен 798 млн теңге бөлініп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге артық. Сондай-ақ, алдағы оқу жылында жаңартылған бағдарлама бойынша білім алатын бірінші сынып оқушыларына да жаңа кітаптар беріледі. Ағымдағы жылы облыс мектептерінің барлығы жаңа оқулықтармен жүз пайыз қамтамасыз етіледі деп жоспарланған. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат та көлемді. Қазіргі таңда кітаптарды дайындайтын 15 баспа үйімен келісімге қол қойылды. Бұдан бөлек, биылдан бастап білім берудің жаңартылған мазмұнына көшетін бірінші сынып оқушылары да жаңа кітаптарға ие болады. Ол үшін облыстық бюджеттен қосымша 200 млн теңге бөлінген. Алдын-ала есеп бойынша, келер оқу жылында өңір мектептеріне 685 мың данадан артық оқулық керек екен. Жаңа кітаптармен 1-ші сыныптан 11-ші сыныпқа дейінгі оқушылардың барлығы қамтылатын болады. Мамандардың айтуынша, облыстың білім беру ошақтарында кітаптардың жетіспеушілігіне қатысты түйткіл жоқ. Қандай да бір мәселе орын алған жағдайда, мамандар оны шешу жолдарын да қарастырып отыр.

Сапасын түзете аламыз ба?

Министрлік биылғы оқу жылында оқулық мәселесінің қайта қозғалмайтынына сенімді. Бұл жаңалық ата-аналарды да шын қуантты. Өйткені жылда балаларының мектепке қажетті құрал-жабдықтары мен киім-кешектерінен бөлек оқулық сатып алу үшін қалтасын жұқартатын ата-аналар мұндай жағдайдан әбден шаршаған. Оқулықтардың толыққанды жеткізілуі ең алдымен, ата-аналар үшін қуаныш болып тұр. Тек мемлекет қазынасынан миллиондаған қаржы жұмсалған оқулықтар сапалы болса игі. Әйтпесе жыл сайын қатесі өріп жүретін оқулықтардың мәселесін талқылау дәстүрге айналып барады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2008 жылдың 6 ақпандағы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты» атты халыққа Жолдауында: «Қазақ тіліндегі оқулықтар шығаруға арналған тендерді үнемі жеңіп алатын бір-екі баспа ғана бар. Сонда оқулықтардың сапасын жақсарту үшін қандай бәсекелестік болмақ. Қазақ тіліндегі оқулықтардың сапасы сын көтермейді. Олар адамдарды қазақ тілін үйренуге емес, қазақ тілінен қашуға бейімдейді. Осы салаға жауапты тиісті органдар нақты шешім қабылдауы тиіс», – деп мәлімдеген болатын. Содан бері қаншама жылдар өтсе, оқулықтардың сапасын қалыпқа келтіру әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр.

Оқулықтарда кездесетін қателіктердің күн тәртібінен түспей келе жатқанына қаншама уақыт өтті. Алайда жыл сайынғы талқылаулар олқылықтың азаюына әсер етіп жатқан жоқ. Деректерге жүгінсек, 2008 жылы басылып шыққан оқулықтардың тең жартысы ғана жарамды болыпты. Ал 2011 жылы сараптамаға келіп түскен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің 68,7 пайызы білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсынылса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 67,5 пайыз болыпты. 2013 жылы республикалық комиссияға 1109 оқулық келіп түсіп, оның 97-сі жарамсыз деп танылып, қалған 91,3 пайызы пайдалануға берілген. Сандарға назар салсақ, елімізде оқулықтардың толыққанды пайдалануға жарамды болуы қиындау екен. Тіпті, өткен жылы халық қалаулылары «қатесі өріп жүрген оқулықтарға бюджеттен қаржы бөлмеу керек» деген пікірлерін білдірген. Ал сол кездегі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов бастауыш сыныпты кітаппен қамтуға бөлінген 14 миллиард теңгенің жетпей жатқандығын айтып, тағы 2 миллиард теңге сұрағаны да есте. Сонда қатесі өріп жүретін оқулықтар үшін кім жауап береді? Ал сапасыз оқулыққа жұмсалған бюджет қаржысының есебін кімнен сұраймыз? Мұндай қатеден көз ашпайтын оқулықтарды әзірлейтін қандай мамандар? Сауал көп болғанымен, жауап беретін адам жоқ.

Маусым айында Мәжіліс депутаттары да оқулықтардағы олқылықтар мәселесін кезекті рет қозғаған. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қазіргі кітаптардың мазмұнын түсіну қиын екенін тілге тиек еткен еді. «Біздің үйде жағдай қиын. Өйткені менің 3 балам мектепте оқиды. Мен мектепті медальмен бітіргенмін. Политехникалық институтты бітірген адам ретінде кітапты түсіне алмаймын. Оқулық Қожанасырдың хаты сияқты. Біз көз алдымызда ұрпақты мүгедек қылып жатырмыз. Кез келген оқулықты ашсаңыз, қате өріп жүр. Оқулық ешқандай сын көтермейді», – деді Мәжіліс депутаты. Сондықтан, депутат Білім министрінен еліміздегі оқулық дайындау жүйесін түбегейлі өзгертуді талап етті. Депутаттың айтуынша, кітап басып шығару ісіне кәсіпкерлерді мүлдем жолатпау керек. Өйткені бизнесмендер ақша табуды ғана көздеп, оқулықтың сапасына салғырт қарайды. Яғни, мектептегі кітаптарды ғалымдар жазып, оның ішкі мазмұнына Білім және ғылым министрлігі тікелей жауап берсін деді депутат. Негізінен, елімізде оқулық дайындауға бір ғалым, бір әдіскер, бір тәжірибесі бар педагог қатысады екен. Оқулық авторлары Қазақстанның әр өңірінен таңдап алынады. Сонда сенім артқан таңдаулылар қайда қарап отыр? Министрлік те оқулықтардағы қателіктер мәселесіне келгенде «келер жылы мұндай түйткіл болмайды» деп жылда алдарқатады. Бірақ нәтижесін әлі де көре алмай келеміз. Биылғы жылы Білім және ғылым министрлігінің тізгінін ұстаған Ерлан Сағадиев бұл мәселені шеше алар ма екен? Осыған дейін Білім және ғылым министрлігін басқарған он үш министрдің қолынан келмеген шаруаны Сағадиев қалай атқарады? Мұның бәрі жаңа оқу жылы басталғаннан кейін белгілі болады.

 

comments powered by HyperComments