Жүргізуші куәлігін алуды оңайлату жауапкершілікті жеңілдету емес

/  3 032 рет оқылды
0

Елімізде ең көп айтылатын әңгіме автокөлік жүргізушілеріне қатысты болса, ең көп назарға түсетін оқиға – жол-көлік апаты. Оны біреулер Қазақстанда жеңіл көліктердің шектен тыс көбейіп кетуімен байланыстырса, тағы бірі жүргізушілердің сауатсыздығынан көреді, яғни көлік жүргізу куәлігін оқымай алып, машина рөліне отыратындар көбейіп кетті деп санайды. Қалай дегенде де бұл салада көңілге кірбің түсіретін кілтипан бары анық.

Содан болар, жүргізуші куәлігін беруді 21 жастан бастау керек деп мәселе көтерген, сол сияқты куәлікті сынақ мерзімімен беруді ұсынғандар да болды. Бұдан былай жүргізушілікке өз бетімен дайындалып, тиісті орындарға сынақ тапсыру арқылы жүргізуші куәлігін алуға мүмкіндік беріліп отыр.

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев ендігіден былай жүргізуші куәлігіне ие болғысы келгендер Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО – ЦОН) арқылы сынақ тапсырып, жүргізуші куәлігін алуға болатыны туралы мәлімдеме жасады. Демек алдағы кезде арнайы курстан өтпей-ақ ХҚК орталықтарында сынақтан өту арқылы көлік жүргізу құқығына ие боласыз.

Министрдің орынбасары елімізде жүргізушілерді өз бетімен дайындау жүйесі енгізіліп жатқанын айта келіп, мотокөлік пен жеңіл автокөлік жүргізу құқығын беретін куәлікті ХҚКО-ға сынақ тапсыру арқылы алуға болатынын түсіндірді. «Жол ережесін үйде өз бетіңізбен үйреніп, егер тәжірибелік машықтарыңыз бұрыннан бар болса, теориялық емтихан тапсыра аласыз. Арнайы ХҚКО-ға барып, тәжірибелік сынақтан өтесіз. Онда осыған арналған көліктер бар. Егер сынақтарды мүлтіксіз тапсырсаңыз, арнайы курста оқымай-ақ куәлік аласыз. Бұл жүйе сәуір айында іске қосылады», – деді ол жаңа жүйе туралы.

Жалпы, бұл тарапта бір-біріне кереғар пікірлер көп. Біреулер мотокөлік пен жеңіл автокөлік жүргізу құқығын беруді сонша қиындатудың қажеті жоқ десе, тағы біреулер көлік жүргізуге жеткілікті білімі жоқтар жол-көлік апаттарына себепші болады, сондықтан оқымай көлік жүргізу өте қауіпті дейді. Қалай десекте соңғы топтағылардың сөзінде жан бар. Жүргізушілер дайындауға бұрын ерекше назар аударылатын. Кеңес өкіметі кезінде ДОСААФ (Добровольное общество содействия армии, авиации и флоту) деген мекемеде жүргізушілерді жарты жыл бойы дайындайтын. Әрине, әскерге баратын жастарды оқытатын негізінен. Ал оны бітіріп, жүргізуші куәлігін алғандар жай жүргізуші емес, жүргізуші-шебер ретінде мойындалатын. Яғни жай жүргізуші емес, өзі жүргізген көлікті бұзылған жағдайда техникалық жақтан жөндей білетін бесаспап жүргізуші саналатын. Демек, жүргізушілерді кәсіби жақтан мықты маман ретінде дайындаудың маңызы зор.

Қазіргі күнде жүргізуші куәлігін алу үшін автомектепте екі жарым ай тыңғылықты практикалық және теориялық білім алу қажет екен. Орташа алғанда автомектепте оқытылатын 228 сағаттық сабақтың құны 30 мың теңге тұрады. Бұл курсты тәмамдағандар алдымен оқыған жеріне емтихан тапсырып, бітіргені туралы сертификат алса, соңынан МАЙ-да тесттен өтеді. Жаңа жүйеге қарсылар табыстан айрылатын болғандықтан автомектептер Ішкі Істер министрлігінің бастамасына қарсылық білдіріп жатырдеп есептейді Е.Тұрғымбаев.

Әрине, оқымай-ақ көлік жүргізуді шебер меңгеріп кететін адамдар болады, бірақ ол қабілет жұрттың бәріне беріле бермейтіні белгілі. Сондықтан көлік жүргізуді өз бетінше үйреніп, ХҚКО-ға сынақ тапсыру арқылы жүргізуші куәлігіне ие болғысы келетіндердің арасында бұл құқыққа жеңіл жолмен жетуді көздейтіндер болатынын ешкім жоққа шығара алмаса керек. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, осы кезге дейін жалпыға бірдей қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсетіп келе жатқан ХҚКО-да да ақша үшін куәлік алуды «жеңілдетіп» жіберетіндер табылып қалмай ма деген қауіп жоқ емес. Ендеше оқымай жүргізуші болатындардың қарасы көбейіп кеткенде жолдағы құқық бұзушылықтар мен апаттар азаяды дей аламыз ба?

 

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

comments powered by HyperComments