Мектептерде ақша жинау «дәстүрі» жалғаса бере ме?

/  521 рет оқылды
0

 

Жаңа оқу жылының басталғанына екі ай. Аз уақыттың ішінде кейбір білім ұяларында ақша жинау науқаны қыза бастады. Әдеттегідей қазан айының алғашқы жексенбісінде ұстаздар мерекесін атап өту, мектеп қорына ақша жинау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Түспейді де.

Ата-анаға «салық салу» бүгін басталған жоқ. «Баланы балабақшаға бергеннен алдыңнан көсе-көлденең шығатын «ақша жинау» мәселесінен тек мектепті тәмамдағанда құтыламыз» деп мысқылдайтын ата-ананың сөзінің жаны бар. Кім жақсы? Ақша берген ата-ана. Ал сол тиісті ақшаны беруге жағдайы жоқ ата-ана қайтпек? Мұндай ата-ана бүкіл сыныптың көз түрткісі боп шыға келеді. Шынымен де, бұл қанға сіңіп кеткен әдет пе, әлде онсыз мұғаліммен тіл табысу мүмкін емес пе?

Бір кездері бұл салық «ремонтқа» деп басталып, «Қызыл крест», «Қазақ тілі қоғамына» деп кете беретін. Күн сайын алдыңнан шығатын сынып жетекшісінің «Ақша әкелдіңіз бе?!» деген сұрағы құлақта жатталып қалған. Яғни, сонау жылдардан бері мектеп пен ата-ананың психологиясына сіңісіп кеткен үрдіске аздап өзгеріс енгізілгенмен, сол баяғы жартас.

Қазір «Мектепке жол» акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа оқу жылы қарсаңында өтеді. Әрі бұл үкіметтің, Білім және ғылым министрлігінің арнайы қолдауымен жүзеге асады. Қазір бейресми түрде ақша жинаушылар да өз әрекеттерін «Мектепке жол» атап жүр. Ал ай сайын 500 теңгеден жинайтын бұл қандай «Мектепке жол»? 9 ай оқыса, әр баладан 4500 теңге жиналады. Сыныпта 30 оқушы бар десек, қыруар ақша жиналмай ма? Мұның мәнісін сұраған ата-ана қандай жауап алды? «Қазір мектепте көпбалалы отбасы, жалғызбасты аналардың, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары оқиды. Біз жиналған ақшадан осы оқушыларға киім-кешек береміз, тегін тамақпен қамтамасыз етеміз…» деген мұғалім ешкімді «қинамайтынын» да айтады. Алайда ата-аналарға «қарсы емеспін» деп қағазға қол қойдырған мұғалім бұл ақшаны алғанға дейін мазалағаны мазалаған. Айта кетерлігі сол, бүкіл мектеп сыныптары жинаған ақша шынымен де, жағдайы төмен отбасы балаларына беріле ме, әлде басқа мақсатқа жұмсала ма? Қай жақтың керек-жарағы түгенделіп жатыр, сыныптың ба, сынып жетекшісінің бе, әлде мектеп басшысының ба? Бұл сұрақтың жауабы күңгірт.

Тағы бір мәселе, бүгінде кейбір ата-ананың өзі сынып қорына ақша жинауға кетәрі емес. Тіпті, бастаманы өзі көтеретін ата-ана әр сыныпта да кездеседі. Міне, осылайша мектепте әртүрлі қажеттіліктерге деп ақша жинау «жыры» көп уақыттан бері ала-құла әңгімеге арқау болып келе жатқаны белгілі. Кезінде Білім және ғылым министрлігін басқарған азаматтар «салаға мемлекет қаржыны жеткілікті бөліп отыр. Оқушыдан ақша жинауға болмайды» деп бұйрық та шығарған еді. Мемлекет мектептерде мұғалімдер мен оқушылар арасында ақша жинауға қанша тыйым салса да, заңсыздықтың бұл түрі тыйылар емес. Жыл сайын дәл осындай жағдайға жол берген талай педагог жазаланып та жатыр.

Осыдан екі жыл бұрын ҚР Білім және ғылым министрінің жеке блогына Трифонова Виктория Ивановна есімді солтүстікқазақстандық мұғалімнен арыз келіп түскен. Ол Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл мектебінде жұмыс істейді. Айтуынша, мектеп басшылығы ұжымнан заңсыз ақша жинауды дәстүрге айналдырған көрінеді. «Түрлі себептерді сылтау етіп, айлық-жалақымыздан ақша ұстап қалу өз алдына, айлығымыз қолға тигеннен кейін де оған ауыз салады. Мәселен, биыл қазан айында шетелдік жұлдыздардың концертіне билетке деп екі рет ақша жинап алды. Біздің ол шараға барғымыз келетін-келмейтіні мектеп басшылығын қызықтырмайды. Сондай-ақ, қараша айында оқытушыларға мәжбүрлі түрде ақысыз еңбек демалысына өтініш жазғызды. Мұны өздері аудандық бюджетте қаржының жетіспеушілігімен түсіндірді. Ұстаздар қауымы жұмыстан айрылып қалмас үшін басшылықтың дегеніне амалсыз көніп келеді. Енді желтоқсан айында да жылдағы дәстүр бойынша бес күндік жалақымызды ұстап қалады. Оның өзін қаңтар айының соңында немесе ақпанның бас жағында береді. Бұдан өзге де ақша жинаудың түрлі себептері бар. Тізе берер болсам уақыт тапшы» деген мектеп мұғалімі өз арызында. Сол кездегі министр Аслан Сәрінжіпов бұл фактіге байланысты облыстық білім басқармасында арнайы комиссия құрылып, мектеп басшылығының әрекетін тексеріп жатқандығын хабарлаған болатын. Алайда бұл іске қатысты дау-дамай ың-шыңсыз шешілді ме, әлде мектеп басшылығы жауапқа тартылды ма, ақпарат жоқ.

Ал таяуда ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева: «Қазақстанда мектеп оқушыларынан ақша жинаған мұғалімдер қатаң жазаға ұшырайды. Тіпті жұмыстан қуылуы мүмкін», – деп мәлімдеме жасады. «Бізде министр бұйрығымен мектепте түрлі мақсаттарға ақша жинауға тыйым салу бойынша нақты қағидалар бекітілген. Ол бұрыннан бар, бұл бірінші бұйрық емес. Ол туралы барлық білім беру департаменттері мен бөлімшелеріне айтылды. Біз мектептерде ақша жинауға тыйым салуға қатысты саясатты қатаң ұстанамыз. Бірақ бұл талап жергілікті жерлерде бұзылып жатады», – деген вице-министр пікірін былайша өрбітті. «Біз барлық оқиғаларға қатаң шаралар қолданып келеміз. Жіті бақылап, ата-аналармен бірге ақша жинауға мүлдем қарсы екенімізді білдіреміз. Мектепте оқушылардың ата-аналарынан ақша жинауға тыйым салу туралы министр бұйрығы барлық облыстың, Астана мен Алматы қалаларының білім беру департаменттеріне жолданған. Ақша жинауға жол берген қызметкерлерді жұмыстан шығаруға дейін барамыз», – деді Эльмира Суханбердиева.

Айтпақшы, әкімдердің ішінде мектепте ақша жинауға қатысты мәселеге алғаш болып ойын айтқан Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев. Себебі әкімге астаналық тұрғынның «Фэйсбук» парақшасына ақша жинау «салығына» қатысты жазған пікірі әсер еткен көрінеді. Ата-ананың жазбасына 30-дан аса адам пікір білдіріпті.

«Біз балабақша немесе мектеп табалдырығын енді басқан балаларымызды неге үйретіп жүрміз? Апайға кәмпит берсең, ол саған жақсы қарайтын болады деп үйреттік пе? Біздің мұғалімдерге не болған? Үнемі ақша сұрап тұрады. Бұл әрекеттерін қалай ақтап алуға болады? Осы деректердің барлығын мектеп директорлары мен Білім басқармасы әкімшілігіндегілерге жаба салу керек пе?», – деп жазған болатын Астана қаласының тұрғыны Facebook желісінде.

Ал осыған орай Астана қаласының әкімі Исекешев: «Әріптестер, ақша жинау мәселесі бойынша комиссия өз жұмысын бастады. Ақша жинау деректерінің барлығы зерттелетін болады, сәйкесінше шаралар да қолданылады. Бұл мәселе түбегейлі шешіледі. Комиссия атқарған жұмыстың қорытындысы бойынша мен сіздермен кездесіп, тағы да осы мәселені талқылауға дайынмын. Әр мектепке дейін баратын боламыз!», – деп жазды әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, осыған дейін Астанада мектептерде ақша жинау жағдайларымен күрес жөніндегі арнайы комиссия құрылғаны хабарланған болатын. Әкімдіктің ресми сайтындағы «Әкімге өтініш» сервисі арқылы әкімнің атына келіп түскен әрбір сауал мен өтініш бойынша тексеру жүргізіліп, актілер жасалады, білім беру ұйымының басшылығына тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады. Аталған жұмыстар Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің ерекше бақылауына алынбақшы. Сонымен қатар, әр мектепте білім мекемесі жұмсайтын міндетті шығындар тізімі ілінгенін, сыныптарда ақша жинау фактілері, мектеп әкімшілігі немесе жекелеген оқушылар тарапынан, басқа да заңға қайшы іс-әрекеттер тіркелген жағдайда ата-аналар арнайы телефонға хабарласып, білім басқармасының «қауырт желісіне» айтуларына болады. Қазір хабарласатын телефондар мектептің көрнекі жерлеріне ілініп қойылғаны белгілі.

Астана қаласы әкімінің арнайы тапсырмасымен мектеп қажеттігіне ақша жинауды болдырмау мақсатында арнайы қоғамдық комиссия құрылған. Оның құрамына «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері кірді. Ал, шын мәнінде қоғамның дертіне айналған «ақша жинау» мәселесі тыйыла ма, жоқ па? Бұл тұрғыда осы түйткілге тікелей қатысы бар ұстаз, ата-ана қауымы не дейді?

Өмір Шыныбекұлы, Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейінің тарих және құқықтану пәнінің мұғалімі:

– Мектепте ата-аналардан ақша жинау мәселесінің жыр болғанына елдің еті үйреніп те кетті. Жақында Білім және ғылым министрлігі «Мектепте ақша жинаған мұғалімдер енді қызметінен қуылады» деп айды аспанға шығарғандай болды. Бірақ осы шешім түйткілді шеше ала ма? Меніңше, мәселе бұрынғыдан да күрделенді. Тағы да зардап шегетін қатардағы мұғалім болмақ. Мектептердің сынып бөлмелерін жөндеуге мемлекеттен ақша қарастырылмағанын 2016 жылы 12 тамызында ОҚО облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің басшылығы бірлесе өткізген баспасөз мәслихатында естідік. Мектеп басшыларының жағдайы да кісі қызығарлық емес. Олар енді сынып жетекшілеріне бір амалын тауып, сынып бөлмесін жөндеуді «өтінеді». Мұғалімнің жалақысы мардымсыз. Не істеу керек? Амалсыз ата-аналар комитеті арқылы немесе тікелей оқушылар арқылы ақша жинауға мәжбүр болады. Ұсталған мұғалім жұмыстан кетеді. Ауызша «өтініш» жасағандар өз орнында қалады да, әлгінің орнына басқа мұғалім ала салады. Министрлік түйткілді осылай шешпек. Ал мектеп басшыларының мұғалімдерден ақша жинауы өзінің шырқау шегіне жетті деуге болады. Оған айғақ Түркістан ауданы Молда Мұса мектебінде орын алып отырған жағдай. Таратып айтсам, қыркүйек айының орта шенінде осы мектептің бір мұғалімі басшылар «Мектепті аттестациядан өткіземіз» деген сылтаумен әр мұғалімнен 30 мың теңгеден жинауын талап еткенін хабарлады. Мен тездетіп, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Б.Шойбековке хабарласып, жағдайды айттым. Б.Шойбеков сол күні-ақ түс қайта аталған мектепке барып, жиын өткізіп, ақша жинауды доғаруды бұйырыпты. Соған қарамастан, 3-4 күннен кейін осы мектептің басшылары ақша алып жатқан жерінде құзырлы органдардың қолына түсті. Сонда бұл азаматтар заңды сыйламақ түгілі, қорқу дегенді мүлдем ұмытқан ғой. Бұл нені білдіреді? Ең таңқаларлығы, ұсталған азаматтар көп ұзамай өз міндеттеріне қайта кірісіпті деп естідік. Ең құрыса тергеу аяқталғанша жұмыстарынан шеттете тұруға білім бөлімінің басшылығы қауқарсыз болғаны ма? Ұяты бар азаматтар осы жағдайдан кейін жұмыстан өздері-ақ кетуі тиіс еді. Өкінішке қарай, олай болмаған секілді. Айналып келгенде, оқушыларға обал.

Аятжан Ахметжанұлы,  ұстаз:

– Мектептегі ақша жинау мен мемлекеттегі жемқорлық егіз ұғым. Екеуі де тоқтайды деу мүмкін емес. Министрліктің «мектепте ақша жинаған мұғалімдер жұмыстан қуылады» деуінің өзі министрлікте отырған адамдардың білім саласынан хабары жоқ адам екенін көрсетеді, әйтпесе жалған пияр. Егер шын жаны ашыса, салдарымен емес себеппен күрессін! Неге мектепте ақша дауы туады? Неге мұғалімдер өзінің қадірін кетіріп, оқушылардан ақша жинайды? Неге ата-аналар ақша береді? Осы сұрақтардың жауабын іздеуі керек еді. Ендеше жауабын айтып берейін. Жоғары жақтың өзі жинатуға себеп болады. Біріншіден, мектептің, кабинеттің жылдық ремонтына нақты қанша қаржы бөлінетінін айтпайды. Тек жөндеу жұмыстары жасалу керек деген бұйрық келеді. Айлығы шайлығынан аспайтын мұғалім өз қалтасынан шығара ма? Мектепке келетін сан түрлі түрлі тексерулер шайсыз кетпейді. Жылда аттестация тұсында неге сонша көп дау туады? Бәрі аттестация өткізушілердің дәметкенін бермесе сүрінетінін біледі, оны мұғалім қаражаты және көтермейді. Тіпті «сынып журналын сынып жетекші өзі сатып алсын» деген әумесер директор сөзіне дейін жіпке тізсек, ұзын санына жете алмаспыз, бұның бәріне тыйым салу үшін мемлекеттегі жемқорлық жойылуы керек.  Мектеп директорлығы, орынбасарлығы деген кресло «сатылып» тұрған сәтте, қарапайым мектеп мұғалімі болу үшін 300 мың теңгеден астам пара беру белең алған тұста жемқорлық дендеген қоғамда ақша жинауды тыю мүмкін емес. Енді екінші жағына үңіліп көрейік, кейде тіпті осы заңды жиналатын ақшадан да шу шығады. Мысалы, 11 сыныптардың жазатын сынақ кітапшаларының ақшасы әр ата-ананың өз қалтасынан шығады. Сыныптағы 25 бала үшін оны мұғалім де, мектеп те, мемлекет те көтермейді, ата-ананың өзі алуы тиіс. Осындай ақшаның шуы да мұғалімді кінәлі етіп шығарады. Кейде шыны керек, көптеген ата-аналар комитеті, «белсенді» ата-аналар ақша жинауға өзі бейім тұрады. Өз баласы оқыған мектепке көмектессек деген ой. Мүмкіндігі жетіп тұрса, неге көмектеспеске?! Бірақ адамның бәрі бірдей емес қой, баласы төмен баға алып қалған бір ата-ана бұны өз пайдасына жаратып, мұғалімді құрбан етіп жіберуі мүмкін. Бұл да мұғалімнің басына таяқ, беделіне нұқсан болып тиеді. Айналып келенде, «екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» демекші, ата-аналар комитеті жинайды, енді бір ата-ана арыз жазады, бір мұғалім жұмыстан кетеді.

Нұргүл Тоқсанбаева, психолог:

– Мектепке ақша бөлінетінін барлық ата-ана біледі. Мәселен, менің балам оқитын сыныпта ақша жиналмайды. Тек ағылшын кітабын ғана сатып аламыз. Себебі бұл арнайы шетелден тапсырыс арқылы келетін кітап. Сынып жетекшісі де ақша жинауға қарсы. Тіпті, парта жуатын заттарына дейін өзі сатып алады. Ал шын мәнінде, оны мектеп беруі керек. Бірақ оны мұғалім сатып алып отыр. Неге? Қазір адамның психологиясы мүлдем өзгеріп кеткен. Бәрі есеппен жүреді. Мәселен, баланы бір қыдыртқанда 10-15 мың теңгесін шығарады, ал мектепке 500 теңге беруге келгенде тарылып қалады. Балаға керек затты алғанда тұрғанда ештеңе жоқ. Кейде бала үшін беретін ақшаны «мектеп жинап жатыр» деп жалаулатады. Кез келген мектеп мұғалімі аяғының ұшымен жүр. Оларға да оңай емес.

Гүлмайра Әбішқызы, ата-ана: 

– Мектепке баратын екі ұлым бар. Олардың қағаз, қаламынан басқа да керек-жарағын қамтамасыз ету үшін жаңа оқу жылына дайындық кезінде 100 мың теңгеге жуық қаржы жұмсадық. Қыстық киімдеріне бөлек шығындаламыз.  Өзім жұмыс істемеймін. Жұбайымның ай сайынғы табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Ал балаларыңды қатардан кем қалдырғың келмейді.

Негізгі айтпағым, мектептің әр сылтауды желеу етіп ақша жината беретін саясаты әбден жүйкемізге тиіп, қажытты. Мектеп қоры, ремонты, мерекелік іс-шаралары, гүл, мұғалімнің туған күні мен жеке мейрамдары, тағы сол сияқты көзге көрінбейтін (5-15 мың теңгеден кем емес), ешқашан  бітпейтін тірліктері шаршатты, шындығын айтқанда. Білім беруге көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Мұғалімнің қағаз толтыру мен іс-шаралар өткізуден басқаға уақыты жоқ. Бар салмақты ата-анаға аударып қарап отырады. Баланың үй тапсырмасын орындаймыз деп өзіміз де оқушы боп кеттік. Ал мемлекеттің мектептерді қаржыландырып отырғаны қайда?! Жыл сайын үкіметтен ақша бөлінді дегенімен, мектептің құрылыс жұмыстарына ақшаны біз де жинаймыз. Бұл туралы мектеп әкімшілігіне айтсақ, «өз балаңнан аяйсың ба?» деп бетімізді қайтарып тастайды. Мұндай ақшамен жеке ақылы мектепке жазылып, керексіз іс-шараларсыз таза білім алуға болады деп ойлаймын.

comments powered by HyperComments