Шенеунік смартфонын шұлыққа жасыра ма?

1 915 рет оқылды
0

 

24 наурыздан бастап мемлекеттік мекемелерде смартфон, планшет пен смарт-сағаттарды қолдануға тыйым салынды.

Министрлер мен әкімдер бастаған мемлекеттік қызметкерлер бұдан былай суретке, видеоға түсіру, дыбыс жазу функциялары мен ғаламторға қосылу мүмкіндігі бар гаджеттерді жұмыс барысында пайдалана алмайды. Тек қоңырау шалып, хат-хабар алмасуға мүмкіндік беретін қарапайым функциялы ұялы телефондарды қолдануға рұқсат. Бұл – қызметтік ақпараттардың әлеуметтік желілер арқылы  таралып кетуіне тосқауыл қоюдың амалы. Заманауи құрылғы күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған уақытта мұндай тыйым қаншалықты қисынды?

Мемлекеттік органдардың ғимаратында смартфон қолдануға тыйым салу жайлы Премьер-министрдің кеңсесінен шыққан қызметтік хат әуелі WhatsApp мессенджері арқылы еліміздің түкпір-түкпіріне тарады. Онда бұл шараның мемлекеттік қызметкерлердің ұялы құрылғыларды қызметтік мақсатта белсенді түрде қолдануы мен қызметтік мәліметтердің WhatsApp арқылы тарау деректерінің жиілеуіне байланысты қабылданғаны жазылған. Талап 24 наурыздан бастап күшіне енетіні көрсетілген құжатты бастапқыда жұрт желі қолданушыларының қалжыңы деп түсініп, аса мән берген жоқ.  Қолдан-қолға тарап кеткен қызметтік хаттың түпнұсқа екенін Үкімет мүшелері растағаннан кейін ғана көпшілік оның мазмұнына жіті зер салды.

Сенат отырысының үзілісінде тілшілер министрлерді сауалдың астына алды. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жаңа талапты қолдайтынын жеткізді. «Бұл әлемнің көптеген мемлекетінде таралған тәжірибе. Бұған қалыпты жағдай ретінде қараған жөн деп ойлаймын. Бұл телефонды қолданбаймыз деген сөз емес қой. Мемлекеттік органдарға кіру кезінде ережеде көрсетілген ұялы телефондар арнайы орында қалдырылуы керек, ал шығар кезде қайтадан алып, қолдана бересің. Біз барлық жағдайда планшет қолдандық, үкімет отырысына да сонымен бардық. Бұл құрылғыларда отырыста қандай мәселелердің талқыланатыны көрсетілген. Біз оларды тек үкімет отырысында қолданамыз, мұндай планшетті қолдануға рұқсат берілген», – деді Т.Дүйсенова.

«Ақылды» телефондарды қолдануға тыйым салынуын Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов та қуаттады. «Күзет қызметі бар орында бұл бұйрық міндетті түрде орындалады. Біздікі жедел қызмет. Бізде көп мәліметтер құпия. Оларды сыртқа таратуға рұқсат жоқ. Сондықтан өз жиналыстарымызда мұндай құралдарды пайдаланған емеспіз», – деді министр. Сөзінің ақиқат екеніне тілшілердің көзін жеткізу үшін Қ.Қасымов қалтасынан  батырмалы, қарапайым функциялы «Nokia» телефонын шығарып көрсетті. Бұл құрылғыны 10 жылдан бері қолданып келе жатқанын айтты.

Көптің «көзайымына» айналған құжаттар

Ақпарат құралдары бұл шектеуді астаналық студент Ерасыл Әубәкіровтің мәйіті бейнеленген суреттердің WhatsApp қосымшасы арқылы таралып кетуімен байланыстырған еді. Алайда мұндай келеңсіз жайттардың соңы жақсылықпен аяқталмайтынын, оны суретке түсірген қызметкер жазаланғанын айтқан министр Қалмұханбет Қасымов бұл жаңа ереженің аталған оқиғаға қатысы жоқ екендігін жеткізді. «Ұялы телефон қолдануды шектеудің бұл қайғылы жағдайға қатысы жоқ. Біздің қызметкеріміз қызмет орнында қолдануға болмайтын құрылғыны қолданғанғаны келеңсіз жайт болды. Ол өз басшысына ақпаратты жедел хабарлаймын деп, оқиға орнын суретке түсіріп алып, оны көпке қолжетімді байланыс құралы арқылы жөнелткен. Тәртіпті өрескел бұзған қызметкерлер тиісті жазасын алды және мұндай жағдай бұдан былай қайталанбас үшін қажетті шараларды қолға алдық», – деп түсіндірді ведомство басшысы.

Соңғы уақытта мемлекеттік орган өкілдерінің қолы қойылып, мөрі басылған бірнеше қызметтік құжат әлеуметтік желілер арқылы көптің назарына ілікті. Соның бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шартсыз базалық кірісті енгізу мүмкіндігін қарастыру туралы Үкімет басшысына берген жеке тапсырмасы. Желі қолданушыларының бір тобы құжаттың түпнұсқа екеніне сеніңкіремесе, қызметтік хаттың Мемлекет басшысының жұмыс үстелінен шыққанына шүбәсіз сенген екінші топ оның мазмұнын талқылауға кірісіп кетті.

Сондай-ақ, жуырда ғаламторда Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбековтің Нұрәлі Әлиевті әкімнің орынбасары қызметінен босату туралы өкімінің ұялы телефонмен түсірілген суреті тарады. Белгілі хоккейші Фадеевтің әйелінің өлімін тергеу мәліметтерінің бүкіләлемдік желі арқылы көптің «көзайымына» айналуы да Тылдық қамтамасыз ету басқармасы  ғана емес, бүкіл мемлекеттік органдар қызметіне сын болды. Сондықтан мемлекеттік мекемелерде бейне және аудиожазбалар жасауға, ғаламторға қосылуға мүмкіндік беретін ұялы телефондарды қолдануға тыйым салынуын мәжбүрліктен туған шара деп түсінуге болады.

«Шенеуніктер ақпараттың жариялылығынан қорқады»

Мемлекеттік органдардың кіреберісіне смартфон сақтауға арналған арнайы жәшіктер әлі толық орнатылған жоқ. 24 наурызда күшіне енуі тиіс ережені орындауға Үкімет мүшелерінің өзі асығар емес. Мәселен, ҚР Білім және ғылым министрлігіндегілер өз ғимараттарында бұл тыйым сәуірдің басынан бастап енгізілетінін айтты. ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі де жаңа талапты орындауға кірісе қоймаған. Бұл ведомство өз қызметкерлерінің смартфон қолдануын 4 сәуірден бастап шектемек.

Айтпақшы, Қазақстанның мемлекеттік мекемелерінде смартфон және өзге гаджеттерді пайдалануға тыйым салынатыны жөнінде ақпарат құлағы түрік шетелдік журналистердің де назарына бірден іліккен. Өткен аптада Сингапурдың Channel NewsAsia сайты: «Баспасөзде жарияланып кеткен әлдебір мемлекеттік құжатқа сәйкес, 24 наурыздан бастап Қазақстанда полицейлер мен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында смартфон пайдалануына тыйым салынуы мүмкін» деп жазды. Францияның AFP агенттігіне сілтеме жасаған аталмыш сайт «Бізге көп ұзамай смартфондарыңды ғимаратқа кіре берісте қалдырасыңдар деп айтты, бірақ ондай ереже әзірше күшіне енген жоқ» деген қазақстандық мемлекеттік қызметшілердің бірінің сөзін келтірген. Сингапурлық сайт отандық ақпарат құралдарының бірінде жарияланған қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің пікірін де жариялапты. Ол мемлекеттік қызметшілердің енді «смартфонын шұлығына тығып алып жүретінін», ал смартфон қызметшілерге сапарға шығар алдында ауа райы болжамын білуден бастап, сөздерді орысшадан қазақшаға аударуға дейінгі қарапайым нәрселер үшін қажет екенін айтқан.Мұрат Әбенов бұл тыйымды жаппай емес, тек құпия ақпаратпен жұмыс істейтін адамдарға қатысты ғана енгізуді ұсынған.

Ал саясаттанушы Досым Сәтбаевтың пікірінше, халық алдында әрбір ісіне есеп беруі тиіс мемлекеттік қызметкерлер смартфон қолданысын шектеу арқылы өз кәсібі мен оған байланысты ақпараттың барлығын одан сайын жасырын етпек. «Біздің шенеуніктер үшін өз жұмысына қатыстының барлығы құпия. Ал шындығында олар жалданған менеджерлер. Яғни, не істегені, оны қалай жасап, қанша ақша жұмсағандары туралы халыққа есеп беріп отырулары тиіс. Бірінші кезекте олар құпия ақпараттың таралып кетуінен емес, өз қызметіне қатысты артық ақпараттың жариялылығынан қорқады», – дейді саясаттанушы.

Көршілердің қызметтік құпиясы құлыптаулы ма?

Жұмыс барысында телефонға телміріп, уақытының көбін әлеуметтік желілерде өлтіретін, сол арқылы ұжымдық еңбектің өнімділігіне кедергі келтіретін қызметкерлердің көбею салдарынан әлемнің көп елі мемлекеттік мекемелерде гаджеттер қолдануға тыйым сала бастады. Атап айтар болсақ, өткен жылдың күзінде Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласының биілігі әскери полицияға смартфон мен планшет қолдануға тыйым салды. Қазір бразилиялық сақшылар қызмет барысында WҺatsApp және өзге де әлеуметтік желілерді қолдана алмайды. Ереже бойынша аталған құралдарды қолданған офицерлер мен сарбаздар заң тәртібін бұзды деп саналып, жазаға тартылады. Сондықтан әскери полиция қызметкерлері байланыс жасау үшін тек қызметтік рацияны пайдаланады.

2014 жылдан бастап Германияда да мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс уақытында ұялы телефон қолдануына тыйым салынған. Сол жылы Әзірбайжан парламентінің ғимаратында да ұялы телефон қолданысына шектеу қойылды. Милли Меджлистің қызметкерлері ғана емес, онда келуші өзге адамдар да ғимараттың кіреберісіне қалта телефондарын тастап кетуге міндетті. Тыйым тек смартфондарға ғана қатысты емес, Әзірбайжан парламенті ғимаратына фото-видеокамералар, заманауи функциялармен жабдықталмаған қарапайым құрылғыларды алып кіруге де рұқсат жоқ.

2015 жылдың желтоқсанында смартфондар қолдануға тыйым салу мәселесі Ресейдің Мемлекеттік Думасында да талқыланды. «Справедливая Россия» партиясының депутаты Дмитрий Горовцов Мемлекеттік Думаның жабық шаралары кезінде парламент мүшелерінің ұялы телефондар мен планшеттерді пайдалануын шектеуді ұсынды. Депутаттың мұндай ұсыныс жасауына Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгудың қатысуымен өткен үкімет сағаты себеп болған. Жиын басталмас бұрын ұялы телефондарды жинап алу шарасы ұйымдастырылғанына қарамастан, маңызды жиналыс кезінде әріптестерінің көпшілігі смартфонға телміріп отырғаны депутаттың наразылығын тудырды.

«Мен парламент депутаттарының гаджеттермен, әсіресе, iphone және ipad қолдануына тыйым салатын заң жобасын Думаның қарауына ұсынамын», – деді Дмитрий Горовцов. Тағы да деп отырғаны, ол депутаттардың ұялы телефон қолдануын реттеу қажеттігін бұған дейін де көтерген болатын. Сонымен қатар, өткен жылдың қазанында Ресей Коммунистік партиясының депутаты Вадим Соловьев пен «Защитим Россию» қоғамдық ұйымының басшысы Михаил Марченко қызметтік ақпарат шетелдік барлау қызметтерінің қолына түспес үшін мемлекеттік қызметкерлердің шетелдік интернет-сервистерді пайдалануына тыйым салатын заң жобасын Мемлекеттік Дума қарауына тапсырған болатын.

Ресейлік депутаттардың мемлекеттік құпиялардың қауіпсіздігі үшін алаңдауы негізсіз емес. Infowatch сараптамалық компаниясының 2015 жылдың бірінші жартысындағы есебі бойынша Ресей қызметтік ақпараттардың тарап кетуі жөнінен АҚШ-тан кейінгі екінші орынға шыққан болатын. Зерттеуге алынған мерзімде әлем бойынша құпия ақпараттардың ғаламтор арқылы көпке тарауының 723 оқиғасы тіркелген. Бұл көрсеткіш 2014 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға артық. 2015 жылдың бірінші жартысында Ресейлік компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың қызметтік құпияларының желіге түсу дерегі 59 мәрте қайталанды. Атап айтқанда, МТС, ВТБ 24, РЖД, СОГАЗ сынды ірі компаниялардың мәліметтері интернет қолданушыларының назарына ұсынылған. Тіркелген келеңсіз жағдайлардың 65 пайызында қызметтік құпияның көпке мәлім болуына зардап шегуші мекеменің қызметкерлері кінәлі. Ал хакерлік шабуылдардың үлесі – 32 пайыз.

2014 жылы Ресейдің вице-премьері Аркадия Дворковичтің сол жылдың маусым-шілде айларындағы хаттары желіде тараған болатын. «Аэроэкспресстің» Санкт-Петербургтегі жобасын қаржыландыру туралы қызметтік ақпаратта Ресей үкіметінің «Пулково» әуежайынан «Балтийская» метро стансасына дейін жететін тармақтың құрылысына 14 млрд рубль бөлу мүмкіндігін қарастырмайтыны айтылған. Сондай-ақ, 2014 жылы Shaltay Boltay блогында Госдума депутаты  Роберт Шлегельдің қызметтік жазбалары жарияланды. Көптің көзайымына айналған материалдарда Ресей мүддесі үшін ақпараттық соғыс ашуға қажетті авторлар тобын құру, шетелдік БАҚ-та Ресейдің беделін көтеретін пікірлердің жариялануына ықпал ету және шетелдік фильмдердің прокатын шектеу мәселелері сөз болған.

Ресей премьері Дмитрий Медведевке тиесілі деп көрсетілген gmail.com мен yandex.ru-дағы аккаунттардың жазбалары да қайсыбір жылы желіде жария болды. Онда үкімет басшысы өзінің баспасөз хатшысы Наталья Тимакова мен орынбасары Аркадий Дворковичпен Amazon.com. интернет-дүкенінен сәтсіз сатып алынған Casio G-Shock сағаттары жайлы сөйлескен. Іле-шала хакерлер Медведевтің Twitter-дегі парақшасына сұғын кіріп, «Мен қызметімнен кетемін. Үкіметтің істеп отырған жұмыстары үшін ұяламын. Кешіріңіздер» деп жазып кеткен болатын.

Әзірге біздің құпия жалпақ әлемге жария болған емес. Әйтсе де, ел ішіндегі дүбір мен күбірге көз тігуші мен құлақ түрушілер қашан да болған. Қазақстанның халықаралық геосаяси аренадағы орны нықталып, салмағы артқан сайын олардың қарасы тіпті көбеймек. Демек, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған шараларды шала атқаруға қақымыз жоқ.

Анар ЛЕПЕСОВА

comments powered by HyperComments